ЖАСТАРДЫҢ 40-ШЫ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КҮНІНЕ ОРАЙ 14-ШІ ЛЕОН ПАПАНЫҢ ХАТЫ

«Сендер де куәлік бересіңдер, себебі қызметімнің басынан бастап қасымда болып келесіңдер» (Жохан жазған Інжіл 15:27)
Папа Римский Лев 14

Құрметті жастар,

Сендерге жолдап отырған алғашқы құттықтауымның басында мен ең алдымен алғыс айтқым келеді. Рим қаласындағы Жастар мерейтойына келіп, қуаныш сыйлағандарыңа рақмет айтамын. Сондай-ақ, дүниенің түкпір-түкпіріндегі дұғамен қауышқан барша жастарға алғыс айтамын. Бұл дінімізге деген құлшынысымызды қалпына келтіріп, жүрегімізде жанып тұрған үмітімізді басқалармен бөлісу үшін құнды оқиға болды. Ендеше, Жастар мерейтойлық басқосуы оқшауланған іс-шараға айналмауын қадағалайық. Осы Мерейтой әрқайсыңдарға мәсіхшілік өмірде алға қадам басуға және наным-сенімдерің туралы үнемі куәлік етуге күш табуға көмектессін.

23 қарашада, Әлемнің Патшасы Иса Мәсіх жексенбісінде атап өтетін болашақ Жастар Дүниежүзілік Күнінің астарында дәл осы мағына жатыр. Сол күнінің тақырыбы келесі де: «Сендер де куәлік бересіңдер, себебі қызметімнің басынан бастап қасымда болып келесіңдер» (Жохан жазған Інжіл 15:27). Біз, үміт сапаршылары ретінде, Киелі Рухтың құдіретімен Иса Мәсіхтің шынайы үлгісі болуға дайындалудамыз. Дәл қазір осы жолды бастайық, сонда ол бізді 2027 жылы Сеул қаласында халықаралық деңгейде өтетін Жастар Дүниежүзілік Күніне алып келер. Осы тұрғыда мен мәсіхшілік өмірдің куәлік беруінің екі мағынасына, атап айтқанда, Иса Мәсіхпен рухани достығымызға (Құдайдан соны сый ретінде аламыз) және әрқайсымыздың бейбітшілікті қолдайтын адам ретінде қоғамға деген жеке адалдығымызға назар аударғым келеді.

Исаның достары болсақ, онда Оның куәгерлері боламыз

Мәсіхшілік өмірге куә болушылық барлық адамдарды құтқару үшін айқышқа шегеленіп, қайта тірілген Иеміз Исамен достықтан туындайды. Мұны идеологиялық үгіт-насихатпен шатастыруға болмайды. Бұл – жеке тұлғаның рухани жаңғыруы мен әлеуметтік жауапкершілігінің шынайы қағидасы. Иса шәкірттерін «достарым» деп атаған. Ол шәкірттеріне Құдай Патшалығын ашты. Иса Мәсіх Кілесе құрып, Інжілді уағыздауға жіберу үшін өзімен бірге қалуларын өтінді (Жохан жазған Інжіл 15:15 пен 27). Сондықтан Иса бізден Өзі туралы куәлік етуді сұрағанда, бұл Исаның бізді Өз достары деп санайтынын білдіреді. Біздің кім екенімізді және мұнда не үшін екенімізді тек Иса Мәсіх ғана толық біледі. Жастарым-ау, балаларым, Иса сендердің әрқайсыңның жүрегіңді біледі; Иса сендердің әлемдегі кемсітушілік пен әділетсіздікке байланысты қайғы-қасіреттеріңді біледі; Иса сендердің ақиқат пен әсемдікке, қуаныш пен аман-тыныштыққа ұмтылыстарыңды біледі. Иса сендердің достарың бола отырып, сендерді тыңдайды, жігерлендіреді, бағыттайды, әрқайсыңды жаңа өмірге шақырады.

Иса өзімізді сүйіспеншілікпен қарап тұрады (Марқа жазған Інжіл 10:21). Иса біздің Оған құл болғанымызды немесе қандай да бір партияның «активистеріне» айналғанымызды қаламайды. Иса өміріміздің жаңарып, өзгеруі үшін бізді Өзімен дос болуға шақырады. Мәсіхшілік өмірдің куәгері болуы Исамен достықтың қуанышынан өздігінен туындайды. Бұл бізге Құдаймен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беретін ерекше достық. Бұл өзіміздің және басқалардың адами қадір-қасиетін ашуға мүмкіндік беретін адал достық. Бұл тіпті өлім де бұза алмайтын берік достық, өйткені осылай достықтың қайнар көзі айқышқа керіліп, қайта тірілген Иса Мәсіхте жатыр.

Төртінші Інжілдің соңында Жохан Елшінің бізге қалдырған мына тәлімін еске түсірейік: «Осының бәріне куә болып, барлығын жазып қалдырған – әлгі шәкірт. Біз оның куәлігінің шынайы екенін білеміз» (Жохан жазған Інжіл 21:24). Алдыңғы әңгіменің бәрі – Исаның шәкіртінің ризашылық білдіріп, таңғалған «куәлік беруі». Исаның осы шәкірті ешқашан өз есімін атамайды, бірақ өзін «Иса сүйген шәкіртпін» деп атайды. Бұл қаратпа жақын қарымқатынастың көрінісі. Бұл жеке адамның есімі емес, Исамен жеке байланыстың көрсеткіші. Жохан үшін ең маңыздысы осы! Бұл Иеміздің шәкірті болу және Исаның оны жақсы көретінін сезіну. Сонда біз мәсіхшілік куәлік Исамен сенім мен сүйіспеншілік қарым-қатынасының нәтижесі екенін түсінеміз, онда біз өміріміздің құтқарылуын табамыз. Қымбатты жастар, Жохан Елшінің жазғандары сендерге де қатысты. Иса Мәсіх сендерді Оның жүрегін тыңдап, Оған жақын өмір сүру үшін Оның соңынан еріп, қасына отыруға шақырады. Иса Мәсіх сендердің әрқайсыңдарды «Өзінің сүйікті шәкірті» деп санайды, әрі Исаның сендерге деген осы сүйіспеншіліктен мәсіхшілік өмірдің куәгерлік қуанышы туындайды.

Інжілдің тағы бір ержүрек куәгері – Исаның ізашары, шомылдыру рәсімін орындаушы Жақия. «Жақия Нұрдың куәсі болып, барлық адамдарды өзінің куәлігі арқылы Нұрға сендіру үшін келді» (Жохан жазған Інжіл 1:7). Жақия халық арасында жақсы танымал болғанымен, ол Құтқарушыны көрсететін «дауыс» қана екенін жақсы білді және былай деді: «Қараңдар, Мынау – Құдайдың Тоқтысы!» (Жохан жазған Інжіл 1:36). Жақияның мысалы шынайы куәгер «сахнаның» ортасында тұруға ұмтылмайтынын, өзіне адал ізбасар іздемейтінін еске салады. Шынайы куәгер кішіпейіл және іштей еркін. Еркіндіктің шынайы куәгері ең алдымен өзінен, яғни ол баршаның назарында болу ниетінен азат. Сондықтан куәгер барлығына, тіпті әлемнің иелеріне де шындықты емін-еркін тыңдауға, түсіндіруге және айтуға құқылы. Мәсіхшілік өмірдің куәлігі – бұл өзімізді мақтап, рухани, ақыл-ой немесе ақылақтық қабілеттерімізді дәріптеу емес екен деп Жақиядан үйренеміз. Шынайы куәгершілік – Исаны байқай алып, Оны көрсету қабілеті. Тек Иса Мәсіхтің Өзі халыққа келген кезде ғана бізді құтқара алады. Жақия күнәкар халық арасынан Исаны байқады. Жақия Исаның қарапайым адамға айналғанын көрді. Бір күні Франсис Папа былай деді: «Егер біз “өзімізден” қайтпасақ, жайлылық аймағымыздан шықпасақ, кедейлерге әрі өздерін Құдай Патшалығынан тыс қалғандай сезінетіндерге қарай жүрмесек, біз Иса Мәсіхті кездестірмей, Ол туралы куәлік бермейміз. Сонда біз Ізгі хабарды қабылдаушылар мен таратушылар болудың зор қуанышынан айырылушылар боп табыламыз».

Қымбатты бауырластарым, мен сендерді Киелі кітап беттерінен Исаның достары мен куәгерлерін іздеуді жалғастыруға шақырамын. Інжілді оқи отырып, куәгерлердің барлығы Иса Мәсіхпен рухани қарым-қатынаста өмірдің шынайы мәнін тапқанын көре аласыңдар. Шын мәнінде, ұялы телефонның экранын шексіз қарап шығу арқылы біздің ең терең сұрақтарымыз естілмейді және жауап таппайды. Телефон назарыңды аударады, миыңды шаршатады, жүрегіңді құртады. Біздің шынайы тілектеріміз, егер біз оларды ішімізде ұстасақ немесе олар туралы өте жабық серіктестіктерде сөйлесек, бізді алысқа апармайды. Шынайы қалауымыздың орындалуы біз өзімшілдіктен бас тартқанда ғана жүзеге асады.

Исаның куәгерлері болсақ, онда Оның елшілері боламыз

Жастарым, осылайша сендер Киелі Рухтың көмегімен осы әлемдегі Иса Мәсіхтің елшілері бола аласыңдар. Құрбы-құрдастарыңның көбі зорлық-зомбылыққа ұшырап, қару қолдануға, туған-туыстарымен қоштасуға, басқа жаққа қоныс аударып, бас сауғалауға мәжбүр. Көпшілігіне білім мен басқа да негізгі игіліктер жетіспейді. Сендердей олардың барлығы өмірінің мәнін іздейді және өсіп келе жатқан әлеуметтік немесе еңбек қысымынан сенімсіздікті, мазасыздықты сезінеді, отбасындағы дағдарыстармен күреседі, мүмкіндіктерінің жетіспеушілігін сезінеді, жасаған қателіктері үшін ар-ұжданы ауырады. Өздерің де басқа жастардың қасында тұрып, қатар жүрсеңдер болады. Сендер оларға Иса Мәсіх арқылы Құдай әр адамға жақын болғанын көрсете аласыз. Франсис Папа жиі айтқандай: «Иса Мәсіх Құдайдың жақындық, жанашырлық және нәзіктік екенін көрсетеді» («Dilexit nos» энцикликасы, 35).

Куәгерлік ету оңай емес екен. Інжіл беттерінде адамдардың Исаны қабылдау мен қабылдамауы арасындағы қақтығысты жиі кездестіреміз. «Нұр түнекте жарқырайды, ал түнек Нұрды жеңе алған емес» (Жохан жазған Інжіл 1:5). Сол сияқты, Исаның шәкірт-куәгері өзінен бас тартуды, ал кейде тіпті зорлық-зомбылық қарсылығын сезінеді. Иеміз Иса бұл ауыр шындықты жасырмайды, мұны дейді: «Күнәкарлар Мені қудаласа, сендерді де қудалайды» (Жохан жазған Інжіл 15:20). Алайда дәл осы нәрсе ең жоғары өсиетті орындауға себеп болады: «Жауларыңды жақсы көріңдер! Өздеріңді қудалағандар үшін Жаратқан Иеге мінажат етіңдер!» (Матай жазған Інжіл 5:44). Мәсіхтің Кілесесі пайда болғаннан бері азап шегушілер осылай істеген.

Қымбатты жастар, бұл тек өткенге қатысты емес тарих. Бүгінде де әлемнің түкпір-түкпірінде мәсіхшілер мен ізгі ниетті адамдар қуғын-сүргін, өтірік пен зорлық-зомбылықтан зардап шегуде. Мүмкін, бұл ауыр тәжірибе сендерге де әсер еткен шығар. Мүмкін, белгілі бір жағдайда сендер қызба түрде жауап бергіңдер келген шығар, сендерді қабылдамаған адамдардың деңгейіне түсіп, озбырлық ұстанымдарды қабылдағыңдар келген шығар. Дегенмен, әулие Пауылдың: «Жамандықтан жеңілмей, оны жақсылықпен жеңіп шық!» деген дана кеңесін еске алайық (Римдіктерге арналған хат 12:21).

Сондықтан әулиелер секілді еңселерің түспесін. Сендер Құдайға үнемі үміт артуға, әсіресе қиындықтар мен кедергілерге қарсы тұруға бейімсіңдер.

Бауырластық – амандық пен тыныштыққа апаратын байланыс

Киелі Рухтың сыйы болып табылатын Иса Мәсіхпен достықтан бауырластық сипатымен белгіленген өмір салты туындайды. Иса Мәсіхті қарсы алған әрбір жас адам барлық жерде бауырластықтың «жылуы» мен «дәмін» алып жүреді. Бұл жас адамды кездестірген әрбір адам риясыз жақындықтан, шынайы жанашырлықтан және сүйіспеншіліктен тұратын жаңа да терең өлшеммен бетпе-бет келеді. Киелі Рух жақындарымызды жаңа көзбен көруге, яғни басқа адамды бауыр деп көруге көмектеседі!

Иса Мәсіхпен достығымыз бауырластық пен тыныштықтың куәгершілігін оятады. Осы куәгерлік бізді немқұрайдылық пен рухани жалқаулықтан емдейді, басқаларға деген тұйықтық пен сенімсіздікті жеңуге көмектеседі. Сонымен қатар, куәгершілік адамдарды бір-бірімен біріктіреді, бізді еріктілік пен саяси қайырымдылыққа, барлық адамдар үшін лайықты өмір сүру жағдайларын құруға ынталандырады. Дінді бөлінудің атымен пайдаланып жүргендерді тыңдамаңдар. Керісінше, әлеуметтік теңсіздікті жеңу үшін және адамдардың қарама-қарсы және кемсітілген топтарын татуластыру үшін бірігіңдер. Ендеше, құрметті достарым, жүректеріңдегі Құдайдың дауысына құлақ асып, өзімшілдікті жеңіп, адалды татуластырушылар болыңдар. Сонда қайта тірілген Иеміздің сыйы болып табылатын бұл тыныштық Иса Мәсіхтің Рухы бар адамдардың бірлесіп куәлік етуі арқылы бүкіл әлемге таралады (Жохан жазған Інжіл 20:19).

Қымбатты жастар, дүниенің қасіреті мен үміті алдында Исаға көз тігелік. Ол айқышқа шегеленіп өлгенде, Мәриям Бикешті Жохан Елшіне ана етіп, Жоханды да Мәриямға ұл етіп берді. Сүйіспеншіліктің бұл соңғы сыйы Исаның әрбір шәкіртіне, яғни бәрімізге арналған. Мен сендерді мейірімділік пен рақымға толы Мәриям Бикешпен осы қасиетті отбасылық байланыстарды қабылдауға шақырамын. Әсіресе Раушантәж дұғасы арқылы Мәриям Бикешпен осы рухани байланыстарды нығайтайық. Осылайша, өмірдің кез келген жағдайында біз жалғыздықты сезінбей, Құдайдың балалары ретінде әрқашан Оның сүйіспеншілігіне, кешіріміне және қолдауына ие боламыз. Осының бәріне қуана-қуана куә болыңдар!

Ватикан шаһары,
2025 жылғы 7 қазан,
Раушантәжінің Патшайымы Әулие Мәриям Бикеш күні.

14-ші Леон Папа

Католическая информационная служба Центральной Азии

Егер  сізге бұл мақала ұнаған болса, әлеуметтік желілерде немесе  мессенджерлерде  сілтемемен бөлісу арқылы достарыңызға ұсыныңыз:

Facebook
VK
OK
WhatsApp
Басып шығару

Жаңа материалдар,видео және трансляцияларды жіберіп алмас үшін,бізге YouTube, VKFacebook немесе  Instagram, желілерінде жазылыңыз.

Scroll to Top