БІЗ АҢСАЙТЫН МАХАББАТ: ИОАНН ПАВЕЛ II-НІҢ «ТӘН ТЕОЛОГИЯСЫНА» ҚЫСҚАША ШОЛУ

Басқа адамды сүю және сүйікті болу-бұндайды кім қаламайды? Бірақ махаббатқа келгенде бәрі оңай емес. Еркек те,әйел де,екеуі де махаббатқа шексіз мұқтаж, бірақ олардың сүю қабілеті шектеулі.
Сүйікті адаммен қарым-қатынасты неғұрлым әдемі және тереңірек ететін не нәрсе? Неліктен ғашықтық махаббатқа ұласады? Махаббат, неке және отбасын мықты ететін не? Физикалық қарым-қатынас нені білдіреді? Сексуалдылықты мазмұнмен толтыра алатын не? Жоғарыда айтылғандардың бәрінің үйленбеген адам үшін қандай маңызы бар? Бұл махаббат туралы мәңгілік сұрақтар. Поляк қасиеткері Кароль Войтылаға (1920-2005) жастар, отбасылар мен достары бұл сұрақтарды жиі қоятын. Өз кезегінде ол бұл тақырыпқа өзі де де сөйлескісі келген еді. Ол олардан жауаптарының дұрыс екенін өз тәжірибелері арқылы тексеруді сұрады. Себебі, ол әр адамның «Ол әдемі, ол менің қажеттіліктеріме жауап береді, мен бұл махаббат үшін жаратылғанмын» деп айта алатын махаббатқа тап болған кезінде жүрегінде үн пайда болатынына сенімді болды.
Любовь, которой мы жаждем: краткий обзор «Теологии тела» Иоанна Павла II

Тән және христиандық сенім
Махаббат  туралы түсінік
Сәрсенбілік катехизация-шолу
Жаратылыс басындағы адам
Адамның жүрегі жақсылықты ажыратады
Қайта тірілу және некесіздік туралы
Неке құпиясы: өсиет және рақым
Неке құпиясы: белгі
Махаббат күнделікті істерде түрленеді

Тән және христиандық сенім

Кароль Войтыла 1978 жылы Рим Папасы болып сайланып, Иоанн Павел II есімін алды. 1979 жылдан бастап ол әр сәрсенбі сайын Римдегі Әулие Петр алаңында әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтармен адамдарды сүюге шақыру туралы сөйлесетін. Ол сексуалдылықтың ізгілігін атап өтті. 1984 жылға дейін ол осы тақырыпта 130-ға жуық катехизация жүргізді. Оларда ол өзінің тән теологиясын дамытты, өйткені  аты айтып тұрғандай, тән және сексуалдылық адамға өзін және Құдайды тануға қалай көмектесетінін көрсетеді. Папа  ер мен әйелдің арасындағы  қарым-қатынасқа тоқталды,ол  әрине  бұл тақырыпқа байланысты сұрақтардың жауаптарды  қаншалықты талап ететінін білді. Алайда ол сонымен бірге тән теологиясын, азап пен өлім тақырыбын қоса алғандағы, бүкіл адам өмірі тұрғысынан зерттеуге шақырды.

Иоанн Павел II үшін тән- тек қана жасушалар жиынтығы немесе қалаған сәтте теріс пайдалануға болатын объект емес. Ол үшін ол бір денеде рух пен жаның тығыз байланысынан тұрады, сондықтан рухани және теологиялық мағынаға ие: «Тән және тек қана тән көрінбейтін нәрсені көрсете алады: руханилық пен құдайшылдықты»(Катехизация 19:4). Тән-Құдай құпиясының белгісі. Біз осы құпияға жақындау үшін оны осы жерде және қазір көре және қол тигізе аламыз.

Денелілік христиандық сенімнің басқа салаларында да маңызды:Құдай   адамды өзінің денелілігінде жаратқан. Мәсіхте Құдай адамның денесін қабылдады. Ол біздің құтқарылуымыз үшін қайтыс болды. Мәсіх сияқты, адам өзгерген тәнде қайта тіріледі. Иоанн Павел II үшін денеліліктің  үлкен маңызы таңқаларлық емес: «Құдай Сөзі тәнге айналғандықтан, тән теологияға, яғни Құдайды зерттеуші болып табылатын ғылымға басты есік арқылы кірді»(Катехизация 23:4).

Махаббат  туралы түсінік

Құдай адамды тәннің, рухтың және жанның бірлігі ретінде құрып қана қоймай, оған махаббат толыққандылыққа жететін жолды ойлап тапты. Еркек пен әйел арасындағы махаббат та, адамның Құдайға деген махаббаты да. Өзара қарым-қатынас жасау және бір-бірін қабылдау, сондай-ақ физикалық немесе рухани өмірді беру ниеті мен қабілеті қарым-қатынастың екі түрін де құрайды. Түпкі мақсаты Құдаймен және біздің қасиеттілігімізбен көбірек жақындасу болып табылатын бұл жол өзінің жеке қасиеттері арқылы және сол жерде өзін нақты «Сен» деп көрсетуге әкеледі. Адам бұл жолды еркін таңдай алады. Адам махаббатының қайнар көзі-біз Мәсіхте қабылдаған Құдайдың махаббаты. Ол соншалықты үлкен, біз оны түсіне алмаймыз. Тән теологиясы адамды, махаббатты және сексуалдылықты Құдай ойлағандай түсіну үшін жүрегімізді кеңейткісі келеді.

Махаббат, неке және отбасы туралы осы түсінікті жарыққа шығару үшін Иоанн Павел II бізді Қасиетті Жазбамен және Шіркеудің дәстүрімен таныстырады. Бұл бізге мыңжылдық Жазбаның қазір Құдайдың бар екендігі және біздің адами болмысымыз туралы не айтатынын білуге мүмкіндік береді. Олар Құдай мен біз, адамдар арасындағы махаббат туралы әңгімелейді.

Сәрсенбілік катехизация-шолу

Иоанн Павел II-нің 1979-1984 жылдар аралығындағы сәрсенбілік катехизациясы екі бөліктен тұрады: «Мәсіхтің Сөздері»және «Құпия». Бірінші бөлімде замандастарының неке және жыныстық қатынас  туралы сұрақтарға қатысты Мәсіхтің негізгі тұжырымдарынан тұрады. Екінші бөлімде апостол  Павелдың Ефестіктерге жазған хабары, христиандық некені түсіну үшін Жаңа Өсиеттің ең маңызды мәтіні түсіндіріледі.

Евангелиедегі Мәсіхтің Сөздері адамның бастапқыда Құдай жаратқан және Адам мен Хауа Құдайдан бас тартқан кезде осы күнге дейін сезілетін жарадан зардап шеккен тұтастығын сипаттайды. Иоанн Павел II-нің айтуынша, сауығу мүмкіндігі адам тәнінің некелік мағынасына негізделген. Бұл тәннің махаббат беру және алу қабілетіне қатысты. Ол сондай-ақ өмір Құдайына бағышталған және өлгеннен кейінгі мәңгілік жанның өмірінде маңызды.

Ефестіктерге жолдауда неке-бұл шақырту. Яғни, бұл ерлер мен әйелдердің Құдайдың шақыруына берген жауабы. Құпия ретінде бұл Құдайдың адаммен келісімінің белгісі және Оның рақымының сыйы. Иоанн Павел II-нің айтуынша, ерлі-зайыптылар өздеріне берілген тән тілі арқылы некеде өмір сүре алады, осылайша еркек пен әйел арасындағы қарым-қатынастың бастапқы тұтастығы қайтадан гүлдейді. Киелі Кітаптағы Сүлейменнің таңдаулы әні мен Товиттың Кітабы бізге осыған мысалдарды көрсетеді. Катехизация отбасылық өмір мәселелері туралы ойлармен аяқталады.

Кейбір негізгі ойларды қарастырайық.

Жаратылыс басындағы адам

Фарисейлер Мәсіхті сынамақ болып: Адам кез -келген себеппен әйелімен ажырасуына  бола ма? — деген сұрақ қойды (Мф 19: 3). Олар некенің бұзылмайтындығы туралы бұйрық берілгенін анық білді, алайда оны Мұса жеке жағдайлар үшін ғана рұқсат еткен еді. Мәсіхтің жауабы біздің назарымызды  Киелі Кітапта  сипатталған жаратылыстың «басына» аударады: «Құдай адамды Өзіне ұқсас әрі бейнелес етіп, бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты. Құдай оларға оң батасын беріп: «Өсіп-өніп көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар»-деді. (Жарат. баст.1: 27). Мәсіх былай деп қосты: «Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады» . Осылайша олар енді екеу емес, біртұтас.  Сонымен Құдай қосқандарды адам баласы ажыратпасын.(Мк 10: 7-9). Бұл арқылы Мәсіх неке бірлігі мен бөлінбеуі бастапқыда Құдайдың жаратылысына жататындығын және адам Құдайдың бейнесіне жеке тұлға ретінде ғана емес, сонымен бірге ол қауымдастықтың бөлігі ретінде де сәйкес келетінін көрсетеді. Себебі еркек пен әйел өздерін бір — біріне бергенде, олар  Құдайдың үш тұлғасы-Әке, Ұл және Қасиетті Рух арасындағы махаббатқа қосылады. Ерлі-зайыптылар бұл тәжірибені өмір бойы әлеммен бөлісуге шақырылған.

Құдайдың алғашқы жаратылысына жануарлар мен өсімдіктерден айырмашылығы-бастапқыда жалғыз және Құдаймен тікелей байланыста болған алғашқы адамның тәжірибесі де кіреді (сал. Жарт.баст.2:7 және 4: 25). Ол өзінің бар екенін және физикалық мәнін біледі, өзін-өзі тануға және жақсы немесе жаман нәрсені еркін таңдауға қабілетті. Адам қоғамды аңсайды және оның қабырғасынан құрылған Хауада Құдай берген көмекті тең серіктес ретінде таниды. Екеуі де көбеюге арналған бастапқы біртұтастықта өмір сүреді. Бастапқыда олар жалаңаш, яғни біреуінің ішкі мәні екіншісіне және Құдайға ашық еді. Адам мен Хауа бір-бірін толықтырады және әйелдік пен еркектік арқылы бір-біріне сый болатын адамдар қауымдастығын құрайды. Өзара сый болуда олар өз денесінің нақты мағынасын ашады. Иоанн Павел II оны дененің некелік мағынасы деп атайды. Бүгін де біз «бастапқы» сұлулықтың жаңғырығын сезінеміз. Бұл адамдардың бір-біріне және Құдайға шексіз жақындығымен ерекшеленетін бастапқы күнәсіздік кезеңі еді.

Иоанн Павел II бізге өзін беру мен басқаны сый ретінде қабылдау тәжірибесі біздің өмірімізге қаншалықты әсер ететінін көрсетеді. Құдайдың жаратылысы-бұл тек махаббаттан жасалған сыйдың белгісі. Адам  сый ретінде, өзін,бауырластарын және бар әлемді  алады. Мұның бәрі ер мен әйел бір-біріне сый болған кезде ерекше мәнге ие болады. Дененің некелік мағынасы тән теологиясының негізгі тұжырымдамасы болып табылады және еркек пен әйел арасындағы қарым-қатынастан және өлімнен асып түседі. Ол «адам — Құдай өзі үшін жасағысы келген жалғыз жаратылыс — өзін шынайы беру  арқылы ғана таба алады» (Қазіргі әлемдегі Шіркеу туралы пасторлық конституция «Gaudium et Spes», т. 24). Бұл бақылау катехизацияның барлық кезеңінен өтеді.

Адамның жүрегі жақсылықты ажыратады

Еркек пен әйел бір-біріне өздерін сыйға тартқанда, сезімталдық пен тілек екеуінің де жақсылыққа ие болуына бағытталады. Алайда, кейде жақсылыққа қарағанда өзгенің тәнін иемденуге  тырысатын жыныстық тілек пайда болады. Мәсіх таудағы уағызында бұл туралы айтады «кім бір әйелге құмарта қараса, оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны»(Мф 5: 28). Мәсіхтің айтып тұрған жүрегі адамның ішкі ортасын білдіреді, онда жаратылған сәттегі бастапқы толыққандылық әлі де байқалады және оған жауап табады. Адам мен Хауа Құдайдың сүйіспеншілігіне күмән келтіріп, жыланның азғыруына ерген кезде де бұл жүрек қатты жараланды. Тыйым салынғанына қарамастан, олар жақсылық пен жамандықты білу ағашынан жеді.  Адам мен Құдайдың қарым-қатынасына залал келтірілді. Адамның бастапқы психикалық-физикалық біртұтастығында, сондай-ақ еркек пен әйелдің бақытты біртұтастығында сызат пайда болды. Абсолютті сенім ұятқа айналды. Басқа адамның жыныстық қажеттіліктерін қанағаттандыру құралына айналу қаупі туындады.  Адам Құдайға бейнелес жаратылғанына деген сенімін жоғалтты.

Бірақ Мәсіх еркек пен әйелдің қарым-қатынастың қадір-қасиетін сақтап, оларды махаббатпен толтырғысы келетінін біледі. Сондықтан Мәсіх оларды кінәламайды, бірақ қарым-қатынастың сұлулығын қайта ашу үшін олардың ішкі жан-дүниелерінің ортасына, жүректеріне жүгінеді. Иоанн Павел II бізге эростың шынайы мағынасын түсіндіреді. Ол оны адамды шынайы, жақсы және әдемі ететін ішкі күш ретінде сипаттайды. Өйткені  эротикалық қалаудың қызуы тек қана өткінші ләззатты жеткізіп қоймайды, сонымен қатар, біздің өз шектеулерімізден шығарып,құдайға жақындатуды көздейді. Егер эрос үстірт жыныстық қанағаттануға дейін төмендесе, онда ол біздің жүрегіміздің тереңінен тапқан құндылықтарымызды қабылдауы үшін тазартуды қажет етеді. Егер эрос ақиқаттың, адалдықтың, құрмет пен сүйіспеншіліктің пайдасына шешілсе, қарым-қатынас жетіле түседі. Өзін сыйға тарту қалауы қайта жандана бастайды. Біз құмарлықтан бас тарту біздің шынайы терең ұмтылыстарымызға сәйкес келетінін білеміз. Махаббат бізге қажетті өзін-өзі игеруді береді. Яғни адам өзін иелене алатындығы және өзінің құмарлықтарының ойыншығы еместігі, оны жеке тұлға ретінде сипаттайды. Иоанн Павел II бізді жыныстық қатынастың мағынасын түсінуге, жүрегіміздің қозғалысын зерттеуге, жетілген шешімге келу үшін оларды ажырата білуге шақырады.

Қайта тірілу және некесіздік туралы

Саддукейлермен – Иерусалимдегі иудаизмнің бағытындағыларман сөйлескенде-Мәсіх өлімнен кейінгі адам туралы айтады. Дененің қайта тірілуі туралы ол былай дейді: «Себебі өлімнен қайта тірілгеннен кейін адамдар әйел алмайды, күйеуге де шықпайды, көктегі періштелер іспетті болады.»(Мк 12:25). Осы арқылы ол дүниеде ақырзаманнан кейін еркек пен әйел болу жаңа мәнге ие болатындығын баса айтады. Қазір біз Құдайдың махаббат қауымдастығына қаншалықты толық қатысатынымызды елестете алмаймыз. Тән мен жан мінсіз біртұтастықта болады. Құдаймен қарым-қатынас бізді өз қалауларымыздан босатады және жақсылыққа қол жетімді етеді. Бүкіл адамның және онымен бірге оның денесінің күнәсі өтеледі.

Иоанн Павел II сонымен бірге Мәсіх апостолдарына берілген  Құдайға бағышталған пәктіктің мәнін түсіндіреді. Бұл «Аспан Патшалығы үшін» (Мф 19:12)ерікті түрдегі пәктік  Ескі Өсиетпен салыстырғанда жаңа түсінік. Неке сияқты, бұл да Құдай берген шақырту. Оны еркін қабылдаған адам некенің ізгілігіне күмән келтірмейді, бірақ өзін Құдайға тікелей береді. Бұл берілгендік бас тарту деп түсініледі, бірақ махаббаттан жасалады. Өмірдің екі формасы да христиан қауымдастығының өмірінде тең және бір-бірін толықтырады. Дененің некелік мәні-бұл тұлғаның толық берілгендігінің және оның некеде де,  Құдайға бағышталған өмірде де жемісті болудың негізі. Шақыртудың екі жолында да ол әртүрлі жолдармен жүзеге асырылады. Некеге тұрмағандар үшін бұл рухани мағынада әке немесе ана болу. Олардың тәнін сыйға тартуы, мысалы, басқа адамдарға қамқорлық жасаудан көрінеді.

Неке құпиясы: өсиет және рақым

Шіркеудің жеті қасиетті құпиясы-Құдайдың көрінбейтін шындығының көрінетін белгілері. Оларды Мәсіх орнатты және Шіркеу арқылы жүзеге асады. Олар өздері бағыттайтын рақымды береді.

Ефестіктерге Жолдауында неке Мәсіхтің Өз шіркеуіне деген сүйіспеншілігіне ұқсас сипатталады. Басты мәнге ие үзіндісінде былай делінген: «Сендер Мәсіхті қастерлейтіндіктен, бір-біріңе мойынсұныңдар! Әйелдер, Иемізге мойынсұнғандай, күйеулеріңе де мойынсұныңдар;  Күйеулер, Мәсіх қауымды қалай сүйсе, сендер де әйелдеріңді солай сүйіңдер: Мәсіх қауым үшін жанын қиды»(Еф 5:21-25). Иоанн Павел II бағынудың екі деңгейіне баса назар аударады: ерлер мен әйелдер бір – біріне, екеуінің де Мәсіхке бағынуы. Өзара бағынудың қайнар көзі-Мәсіхке деген құрмет, оның көрінісі – махаббат. Ол  ер немесе әйел бір жақты тәуелділіктің нысанына айналатын мойынсұнудың кез-келген түрін жоққа шығарады.

Некені Мәсіхтің Шіркеуге деген сүйіспеншілігімен салыстыру бізге христиандық некенің мәнін көрсетеді: неке христиандардың шақыртуына сәйкес келеді, онда Мәсіхтің Күйеу ретіндегі шіркеуге берген сүйіспеншілігін бейнелейді, ол өз кезегінде оған жауап беруге тырысады. Ол үшін Мәсіх айқышта өлімді Өз мойнына алды және осылайша бәрімізге некелік және күнәларды өтейтін махаббатымен өзін құрбандыққка берді. Некедегі еркек пен әйел арасындағы сүйіспеншілікке толы адалдық-бұл Мәсіхтің адалдығының көрінісі. Оның махаббаты ерікті, шартсыз, өмір беретін және адал. Біз бұл махаббаттан күш аламыз. Некеде Мәсіх Құдайдың өз халқымен келісімінің көрінісі ретінде бізге күнәларды өтеу  құпиясын сыйға тартады.

Неке құпиясы: белгі

Некелесу кезінде ерлі-зайыптылардың « иә» деген келісімі тек сексуалды жақындық арқылы қасиетті мағынаға ие болады. Ол үшін Құдай тәннің тілін адамның жүрегі мен денесіне салды. Тәннің тілі арқылы жұптар шынайы мағынада, бір-біріне ерлі-зайыпты ретінде физикалық тұрғыда сыйға тартқысы келгенін білдіреді,бұл жаратлыстың басынан бері келе жатыр.  Бізге тәннің тілінде оның шынайы мағынасында қайта-қайта оқып, оны нәзіктік қимылымен қайта-қайта ашу және тереңдету ұсынылады. Себебі дене адамның ішкі әлемінде не болып жатқанын білдіреді.

Киелі Кітаптағы  Сүлейменнің таңдаулы әндері сексуалды махаббатты  жырлайды. Хош иістердің, бал мен шараптың сезімтал бейнелері дене тілінің субъективті эмоционалдылығын сезінуге мүмкіндік береді. Хош иістер олармен тыныс алғанын қалайды, ал тамақ пен сусындар дәмінен татқанын қалайды. «Жабық бақпен»салыстыру (Сүлейменнің таңд.ән. 4: 12) адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтындығын көрсетеді. Бейнелер өзін-өзі беру мен тән арқылы қабылдау туралы айтады. Бауыр басу сезімтал және құрбандыққа толы махаббатқа айналады, яғни эрос пен агапэге. Эрос тынымсыз, ол өз-өзіне бере алмайтын толыққандылықты іздейді. Агапэ бұл іздеуге жауап береді. Ол риясыз және өз-өзін беруге дайын. Ол  эросты аяғына дейін жеткізеді. Екеуінің де некеде өз орны бар және некені эроссыз махаббаттан және  махаббатсыз эростан қорғайды.

Бұл Товиттың Кітабында мысал ретінде сипатталған: Товия мен Сарра махаббат пен адалдықтың объективті құндылығын тәннің тілімен сенімді түрде растайды. Өмірге қауіп төндіретін сынақтың алдында олар өздерінің махаббаты үшін күреседі және дұғада некелерін Құдайға сеніп тапсырады. Олардың сөздері жаратылыстың басталуына сілтеме жасайды, өйткені Товия мен Сарра құтқару тарихының кезегін жалғастырғысы келеді. Сүлейменнің таңдаулы әндері  мен Товиттың Кітабы адамның қасиетті болуға, Құдайға адал өмір сүруге шақыртуы туралы айтады.

Махаббат күнделікті істерде түрленеді

Иоанн Павел II 1968 жылғы  Папа Павел VI-ның Humanae Vitae энцикликасындағы неке мақсаттары, көбеюдің реті, жауапты ата-ана болу және ерлі-зайыптылардың рухани өмірі туралы кейбір тұжырымдарды тереңдетеді. Ол жоғарыда сипатталған адам махаббатының тәжірибесі неке мен отбасылық өмірде қалай қалыптасатынын көрсетеді. Бұл жерде тәннің тілін есту маңызды. Неке актісі екі мағына туралы, атап айтқанда ерлі-зайыптылардың махаббат одағы және балалардың туылуы туралы «айтады». Бұл екі ұғым адам табиғатына сәйкес келеді және бір-бірінен ажыратылмайды. Олар Құдайдың махаббат жоспарының бөлігі және Шіркеу адамның игілігі осы Құдайдың жоспарын жүзеге асыруда екеніне сенімді.

Ата-ана міндеттеріне жауапкершілікпен қарау аясында ерлі-зайыптылар өздерінің және балалардың  әл-ауқатын, сондай-ақ отбасы, қоғам және Шіркеуді ескере отырып, көбірек бала туғысы келе ме жоқ па екені туралы ойлануы керек. Егер ерлі-зайыптылар көп балалы болу жауапсыздық деп шешсе, онда махаббат диалогына сәйкес, бала көтеру көбеюдің табиғи ритмі  арқылы реттелуі керек.

Жұптың рухани өмірі махаббаттың арқасында  нығая және дами түсуі тиіс, махаббатты Қасиетті Рух  жүректерге құяды. Бұл махаббат адамның сезімтал және эмоционалды реакцияларды басқаларға толық және еркін бере алатындай етіп қолдана білу қабілетін қамтамасыз етеді.

© Maria Groos (Мария Гроос)
Аударған: Раушан Таупикова

Егер  сізге бұл мақала ұнаған болса, әлеуметтік желілерде немесе  мессенджерлерде  сілтемемен бөлісу арқылы достарыңызға ұсыныңыз:

Facebook
VK
OK
WhatsApp
Басып шығару

Жаңа материалдар,видео және трансляцияларды жіберіп алмас үшін,бізге YouTube, VKFacebook немесе  Instagram, желілерінде жазылыңыз.

Scroll to Top