Қарағанды, 12 наурыз 2022
Қымбатты монах әпкелер,
Қымбатты қасиеткер бауырлар,
Қымбатты бауырлар мен әпке-қарындастар,
Ұлы Посттың басталуына бірнеше күн қалғанда, жаңа қасірет біздің кедей және азапқа түскен әлемімізді дүр сілкіндірді.
Соғыс тікелей немесе жанама түрде, бірақ шынымен біздің жеріміздегі барлық адамдарға әсер етеді, тіпті біздер, сенушілердің арасында , әртүрлі ұлттарға жататындығымызға байланысты белгілі бір сенімсіздіктің қайта пайда болуын байқаймыз.
Әрине, бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарын кінәсіз деуге келмейді, олар біздің ойлау уақытымыз бен тақырыптарды белгілейді.
Рим Папасы Франциск «Fratelli tutti»энцикликасында мынаны айтады:«ақиқат — әділеттілік пен мейірімділіктің ажырамас серігі. Олардың барлығы бейбітшілікті құру үшін маңызды» (Ft 227). Шындық ымыраға келудің нәтижесі емес, айқын түрде бар екенін мойындау. Пилат Исадан «ақиқат деген не?» деп сұрағанда, Иса жауап бермейді. Әулие Августин Иса өзінің үнсіз бар болуымен ғана жауап бергенін айтады: «veritas est vir qui adest», ақиқат-бұл сол жерде бар Адам, Мәсіх.
Ақиқатсыз бейбітшілік болмайды, кешірімсіз ақиқат болмайды, ал Құдайсыз кешіру мүмкін емес, Ол өліп бара жатқан сәтінде: «Әке! Оларды кешір, өйткені олар не істеп жатқандарын білмейді»дейді (Лк 23,34). Біз бәріміз соғыс пен жеккөрушіліктің алдында әлсізбіз. Соғыс туралы емес, адамдар туралы ойлайтын адамдардың шағын тобын қоспағанда.
Папа Франциск 27 ақпанда «Тәңірдің періштесі» дұғасы кезінде: «Қымбатты бауырлар мен әпке-қарындастар! Соңғы күндері қайғылы жайт еңсемізді түсірді: соғыс. Біз бұл жолды таңдамау үшін бірнеше рет дұға еттік. Және де біз дұға етуді тоқтатпаймыз, одан да көбірек Құдайдан жалбарына сұраймыз»деді.
Содан кейін ол бүкіл әлемдегі католиктерді 2 наурызда, Күл сәрсенбісінде, Украинадағы бейбітшілік үшін дұға ету және ораза ұстау күнін өткізуге шақырды; украин халқының қайғы-қасіретіне жақын болу, бәріміздің бауырлас екенімізді сезіну және соғысты тоқтату үшін Құдайға дұға ету үшін арналған күн.
Ол сөзін жалғастырды: «Соғысты жүргізетін адам адамгершілікті ұмытады, халық арасынан шықпайды, адамдардың нақты өмірін көрмейді, бірақ жеке мүдделер мен билікті бәрінен жоғары қояды. Ол Құдайдың еркінен мүмкіндігінше алыс орналасқан шайтани және бұрмаланған қару-жарақ логикасына сүйенеді. Ол бейбітшілікті қалайтын қарапайым адамдардан алыстайды; және бұл қарапайым адамдар — кез – келген қақтығыста соғыстың ессіздігі үшін ақы төлейтін нақты құрбаны болады. Мен қарттар туралы, осы уақытта бас сауғалайтын жер іздеп жүргендер туралы, балаларымен бірге қашқан аналар туралы ойлаймын. Бұл бауырлар мен әпке-қарындастар үшін жедел түрде гуманитарлық дәліздерді ашу қажет, оларды қабылдау қажет.
Украинада не болып жатқанына байланысты жүрегіміз жараланып, әлемнің басқа бөліктеріндегі, мысалы, Йемен, Сирия, Эфиопия сияқты елдердегі соғыстарды ұмытпайық … Қайталаймын: қару-жарақтың үні өшсін! Құдай зорлық-зомбылыққа жүгінетіндермен емес, бітімгерлермен бірге».
Содан кейін нағыз соғыс басталып, 6 наурызда «Тәңірдің періштесі» дұғасы кезінде Папа Франциск бүкіл әлемдегі сенушілерге жүгінді: «Украинада қан мен көз жасы ағып жатыр. Бұл жай әскери операция емес, өлім, жойылу және кедейлікті тудыратын соғыс. Босқындар, әсіресе аналар мен балалар сияқты зардап шеккендердің саны үнемі өсіп келеді. Бұл азап шегуші елде гуманитарлық көмекке деген қажеттілік әр сағат сайын күрт артып келеді.
Мен аса қайғыра отырып,нақты гуманитарлық дәліздерді ашуға, бауырларымыз бен әпке-қарындастарымызға өмірге қажетті көмек қолын созу үшін қоршалған аудандарға көмек көрсетуге кепілдік беруге және оны жеңілдетуге шақырғанымды білдіремін.
Мен босқындарды қабылдайтындардың барлығына алғыс білдіремін. Ең алдымен, мен әскери шабуылдарды тоқтатуға, келіссөздер мен дұрыс ойлауды басты орынға қоюға шақырамын. Халықаралық құқықты құрметтеуге қайта оралуымыз керек!
Қасиетті Тақ бейбітшілікке қызмет ету үшін бәрін жасауға дайын … соғыс-бұл ессіздік! Тоқтаңыздар, өтініп сұраймын! Бұл қатыгездік екенін түсініңіздер!».
Біз үшін этникалық немесе саяси өлшемшарттар бойынша емес, сенімнен туындайтын өлшемшарт бойынша бүкіл әлемдегі адамдар мен біздің көз алдымызда болып жатқан ауыр және қайғылы шындық туралы шешім қабылдауға көмектескеніміз маңызды деп есептейміз.
1. Нақты бір адамның өміріне мән беру
Идеология мен қақтығыстардан тыс, біз жеке адам өмірінің шексіз құндылығын түсінеміз бе?
Иса бізге былай дейді: «Егер адам бүкіл әлемді иемденіп, ал жанына зиян тигізсе, оның қандай пайдасы бар? Немесе адам өз жаны үшін қандай құн төлей алады?»(Мк 8,36-37).
Бір адамның өмірі бүкіл әлемнен гөрі құнды, өйткені Құдай әр адамды қалады, оны жаратты және оған мәңгілік тағдыр берді.
Міне сондықтан Тәңірімзден дұға етіп сұрауымыз керек, Ол бізге зорлық-зомбылыққа бой алдырмауға және өзіміздің «менімізді» емес, бізде бар Тәңірімізді көрсетуге көмектеседі, өйткені біз өзімізді өзіміз жаратпаймыз, сол себептен де біз өзіміздің бар екендігімізге құрметпен қарауымыз керек, ал басқаларды құрметтеуіміз және жақсы көруіміз қажет, өйткені оларды Құдай жаратты.
Біздің әр адамға деген сүйіспеншілігіміз де біздің мәңгілік тағдырымызды бағалайтын және шешетін өлшем болады:
«Себебі сендер Мен ашыққанда тамақ, шөлдегенімде сусын бердіңдер. Бейтаныс болып баспана іздегенімде Мені үйлеріңе қабылдадыңдар. Киімсіз жүргенімде киіндірдіңдер, ауырғанымда Маған қамқорлық жасадыңдар, түрмеде отырғанымда артымнан келіп тұрдыңдар; Сендерге шындығын айтамын: Менің мына бауырларымның тіпті ең маңызсыз болып көрінген біреуіне жасаған жақсылықтарың — шын мәнінде Маған жасаған жақсылықтарың» (Мф 25,35-36.40).
2. Христиандар арасындағы біртұтастық
Қазір болып жатқан нәрсе— бұл христиандар арасындағы дау-дамай, Соңғы Кеште Исаның өсиетіне қайшы келетін және оны бұзатын соғыс, ол Құдайдың барлық адамдарды құтқару үшін адам болған күнәларды өтеу миссиясының мақсаты болып табылады: «Мен бұлар үшін ғана емес, олардың айтқандары арқылы Маған сенетін барлық адамдар үшін де өтініп тұрмын. Әке, Мені Өзіңнің жібергендігіңе адамзаттың сенуі үшін, Сенің Менімен, Менің де Сенімен тығыз байланыста тұрғанымыздай, сенушілер де Екеуімізбен тығыз байланыста тұрып, бәрі біртұтас болсын деп өтінемін.» (Ин 17,20-21).
Иса бекер келді ме? Сенім бізге кешірім, мейірімділік болып табылатын Құдайға тән, шексіз әрекетті жасауға мүмкіндік бере ме?
Біз, христиандар, суға шомылдыру рәсімінен өту арқылы «жаңа тіршілік иесі», бір Мәсіх Тәнінің мүшелері (1 Кор 12,12.27-27), бір Көктегі Әкенің ұлдары мен қыздары, демек, бауырлар мен әпке-қарындастар болдық. Бірақ біз сонымен бірге барлық адамдардың бауыры және әпке-қарындасымыз, өйткені біз бәріміз Құдайдың ұлдары мен қыздарымыз.
Мұның шешуші салдары бар.
Біз басқа адамға қарағанда, оның жүзіне қалай қараймыз?
Біз бәрінен бұрын оның ұлтын, әлеуметтік мәртебесін, қабілеттерін, шектеулерін көреміз бе, әлде Мәсіхтің бет-бейнесін көреміз бе? Біздің бауырларымыз бен әпке-қарындастарымыздағы Иса шынымен бізді біріктіреді ме, әлде Ол тек біздің діндарлығымыздың нысаны ма?
3. Нағыз күресу керек жау біздің ішкі дүниемізде жатыр
Біз соғысқа «жоқ» деп айта аламыз, егер біз оның жүрегімізде болып жатқанын мойындасақ және онымен өз ішімізде күрессек. Соғыстың түп тамыры-пұтқа табынудан, яғни адам Құдайдың баласы ретіндегі тәуелділіктен бас тартып, сол арқылы бастапқы күнә жасап,Қабылдың бауыры Абылға қатысты алғашқы кісі өлтіруді тудырды .
Бастапқы күнәміз Суға шомылдыру рәсімінде кешірілгенімен,жүрегімізде жамандық жасауға,басқа адамдардың жауы болуға, олардың үсітнен кіші немесе жоғары билікпен үстемдік етуге деген бейімділіктің түбірін қалдырды,бұл туралы Иса бізге былай деген:
«Билеушілері деп саналатындар қол астындағы халықтарды билеп-төстеп, төрелері де соларға қатаң әмір жүргізеді, соны білесіңдер. Бірақ сендердің араларыңда ондай болмасын. Керісінше, қайсың ұлы болғысы келсе, сол өзгелеріңе қызмет ете берсін.Қайсың ең бастыларың болғысы келсе, сол бәріңе құл іспетті қызмет көрсете берсін! Себебі Мен де Құдай тағайындаған Билеуші бола тұра, Өзіме қызмет еткізу үшін емес, Өзім қызмет етіп, көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеп жанымды қию үшін осы дүниеге келдім» (Мк 10,42-45).
2000 жылғы ұлы мерейтой кезінде Қарағандыға концертпен келген итальяндық христиан автор-орындаушы Клаудио Кьеффо «la guerra» (соғыс) драмалық әнін жазды, онда бауырмен араздықтың қайдан шыққанын көруді ұсынады:
Әділетсіздік пен кедейлік,
жалғанға қарсы соғыста,
мен тек өзімді алдауға үйрендім,
мен қорқақтықты ғана таныдым.
Мен өз жерімді қорғай алмадым,
қайтадан қашып кеттім, үнемі қашамын,
мен тек өзімді алдауға үйрендім,
мен қорқақтықты ғана таныдым.
Әлемде шынымен
ешқашан әділеттілік болмайды ма?
Әлемде шынымен
ешқашан әділеттілік болмайды ма?
Барлық ойым өзгерді
тек менің сағым тілектеріме,
ескі жаулар жеңімпаз боп оралады,
бұл соғыста ұтылдым.
Қолымда тек қалғаны:
өртенген жер, мағынасыз есімдер,
ескі жаулар жеңімпаз боп оралады,
бұл соғыста ұтылдым.
Мен өз қолыммен ешқашан
әділдік орната алмаймын,
мен өз қолыммен ешқашан
әділдік орната алмаймын
Жалғызбын енді , еске алам,
өзіме сенген сәтте адастым.
Тек өкініш қалады
бекер өткен күн жайлы,
Мүмкін Сені күту қалды.
Тек өкініш қалады
бекер өткен күн жайлы,
шынымен Сені күту қалды.
Папа Франциск адам тұлғасына қамқорлық жасау мәдениетінің алғашқы бастамашыларының бірі болды.
Тек осындай қамқорлық қана бізді басқа адамға дос ретінде, серік ретінде, адамның өмірлік оқиғасы мен мәңгілік тағдыры жолында одақтас ретінде қарауға мәжбүр етеді.
Қамқорлық мәдениеті бейбітшілікті тудырады. Қазіргі уақытта баспана беруге әрекет ететін, көмек, тамақ, дәрі-дәрмек және т.б. әкелетін барлық ізгі ниетті адамдар қамқорлық мәдениетін іс жүзінде көрсетуде.
Ең алдымен, бұл әлемнің бай немесе билеуші адамдары емес , керсінше қарапайым адамдар көмек беруде, мүмкін экономикалық қиындықтарға тап болған адамдар, мүмкін үйлерінде аз орын бар адамдар , бірақ соған қарамастан олар босқындарды қабылдауда. Олардың жеке проблемалары олардың жәрдемдесу дайындығынан асып түспейді, өйткені олардың жүрегінде тыныштық бар, себебі бейбітшілік — бұл ең алдымен жүректегі жеке жай-күй.
Папа Франциск пандемия кезінде де «біз бәріміз бір қайықта» екенімізді және бір-бірімізге көмектесуіміз керек екенін қайталап айтқан болатын.
Біз нәзікпіз, бірақ бұл әлсіздік емес; біз қарапайымбыз, бірақ бұл ақымақтық емес; біз қарусызбыз, бірақ бұл шарасыздық емес.
Сондықтан біз сіздерді қарқынды дұға жасауға шақырамыз (әсіресе Бейбітшілік Патшайымы Мәриямға, Раушантәж дұғасы көмегімен), біз қайырымдылық жинау арқылы ұлттық Каритас Украинаның Каритасына жіберетін көмекті көрумен, қажеттіліктерді бөлісуге шақырамыз. Бірақ, ең алдымен, біз сіздерді осы жылдың Ұлы Постын ыждаһаттылықпен өткізуге шақырамыз, өйткені бейбітшілік айқышта өліп, қайта тіріліп жатқан Исаның арқасында жүрегінің өзгеруіне мүмкіндік беретін адамның айналасында басталады.