Монах әйелдің өмірі: «Ордендегі бақытты жан – бәрін беретін жан»

Қасиеткерлік және монахтық өмірге шақырылу туралы әңгімелер
Школьные сестры св. Франциска

Өзінің өмірі және шақырылу жайлы хикаясымен жиырма жылдан астам уақыт бойы Қазақстанда Құдайға және адамдарға адал қызмет етіп келе жатқан, Әулие Францисктің мектептік монах әпкелері конгрегациясының мүшесі Виктория Занёва әпке бөліседі.

– Виктория әпке, әуелі өзіңіз туралы аздап айтып беріңізші.

– Мен Словакияның солтүстігінде дүниеге келдім. Менің ата-анам қарапайым адамдар еді. Алты бала едік – үш ағайынды және үш апалы-сіңлілер. Әкем орманшы болып жұмыс істеді, ал анам бізбен және үй шаруашылығымен айналысты. Ата-анамыз католиктер, әсіресе анамыз қатты сенетін. Мен оған ерекше ризамын, өйткені ол, менің есімде, бала кезімнен бізді сеніммен тәрбиелеп, Қасиетті Мессаға апаратын, ал үйде біз Құдай Сөзін оқып өстік. Біздің отбасымыз қарапайым болғанымен, үйде көптеген қызықты кітаптары бар үлкен кітапхана болды. Мен көптеген діни әдебиеттерді, әулиелердің өмірбаянын оқып, миссионерлер туралы кітаптарды жақсы көретінмін. Менің ойымша, дәл сол кезде менде миссионер болуға деген алғашқы ниет туындай бастады. Мен Африкаға баруды армандадым. Мен өзімнің қара нәсілділер арасында жүргенімді, сол жерде қалай қызмет ететінінімді елестеткенім есімде. Бірақ соңыра коммунизм келді. Сол кезде  мен орденге кірген едім. Ата – анамызға өте қиын болды. Олар мен үшін, менің қауіпсіздігім үшін алаңдады, өйткені коммунизммен бірге қуғын-сүргін де келді. Бірақ мен жас едім және батылырақ болдым. Мен үшін ең қиын нәрсе- ата-анаммен қоштасу еді, өйткені  оларды қатты жақсы көрдім және оларға қатты жақын болдым. Ең қызығы, осы уақытта Тәңірім маған монастырьға барудан тартынбауға мүмкіндік беретін керемет күш берді.

– Сіз монахтық жолға  шақыруды қашан сезіндіңіз?

– Мен шақыруды ерте балалық шағымда сезіндім, есімде,  алты-жеті жаста едім. Сол кезде мен Құдайға қызмет етуім керегін сезіндім,  дұға жасауға тартып тұратын еді. Он бес жасқа толғанда монастырьға келдім.

– Тәңір сізге бағышталған өміріңізде қандай рақымдар сыйлады? Сіздің өміріңізде қандай ғажайыптар орын алды?

– Менің өмірімде  Тәңір жасаған ғажайып балалық шағымда болды. Ол кезде менде шіріген жара пайда болған қол сүйегінің туберкулезі болды. Дәрігерлер аурудың ауыр кезеңін анықтады. Бір күні менің отбасым ғибадат сапарына аттанып, мені үйде қалдырды. Анам маған Аса Қасиетті Мәрим Бикеден  су әкелетінін айтты. Мен сендім. Ол кезде мен тоғыз жаста едім. Ол суды әкелгенде, анам менімен бірге «Сәлемет бол,Мәриям» дұғасын оқып, жарама септі. Бұған дейін ол қатты ауырған еді, бірақ оған су сепкен кезде мен аздап жеңілдеп қалдым. Көп ұзамай қолым сауығып кетті. Бұл Аса Қасиетті Мәрим Бикенің ғажайыбы. Мен өмір бойы Тәңіріме және оған ризамын. Егер бұл жағдай болмаса, мен ешқашан монастырьға бармас  едім. Бұл Құдайдың көрегендігі.

Ал мен үшін рақым-монастырға барар алдында ата-анаммен қоштаса алғаным еді. Тәңір маған күш берді. Коммунистік тәртіп кезінде де мен Құдайдың рақымын сезіндім, мүмкін сондықтан мен монастырға барған кезде қамауға алынудан қорықпадым. Мен үшін бұл сенім мәселесі еді: сенесің бе, Исаның артынан барасың ба, әлде Оны тастап кетесің бе. Мен Тәңірге толықтай сендім. Мұның бәрі мен үшін ғажайыптар. Мен аса қуанышты едім, менің жаным Аса Қасиетті Бикемен бірге «Magnificat» әнін шырқады: «Есімі киелі Құдіретті Құдай  Маған керемет ұлы істер жасайды» (Лк 1, 49 – ескерту. автор). Мен өзім Қасиетті Рухтың көмегінсіз және Мәрим Бикенің шапағатынсыз ештеңе істей алмас едім.

– Миссияға баруға қалай шешім қабылдадыңыз? Неге Қазақстан?

– Мен миссияға бара алғаным,миссионер болуым да мен үшін  рақым. Егер Тәңір осы мұқтаждарда соншалықты кедей болса және Ол расымен де соларда болса, онда мен оларға қызмет еткім келеді. Біздің орденіміздің басшысы миссионерлік қызметке рұқсат берді. Миссияның негізін қалаудың алғашқы мүмкіндігі дәл осы жерде Алматыда пайда болды. Мен Қазақстанда дәл осы жерде қараусыз қалған науқастарға, кедейлерге қызмет ете алдым. Бұл Оның тағы бір рақымы. Мен Тәңіріме денсаулық үшін өте ризамын, өйткені бұл менікі емес, Құдайдыкі екенін білемін.

– Сіздің миссионерлік қызметіңіз осыдан жиырма жыл бұрын басталған кезде Қазақстан қиын кезеңді бастан өткеріп жатты. Мұнда келгеннен кейін қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

– Мен ең жаманын күттім (күлімсіреді). Бірақ, менің ойымша, мен сондай бір қорқынышты ештеңе көрмедім. Маған бірінші сәттен бастап мұнда тұратын адамдарды қабылдау қиын болған жоқ. Ал бізде тамақ болмай қалуы, суық, және  бізде пеш болмағандықтан  бөлмелеріміз жылытылмаған кездер, тоңып-қатып қалғанымыз сияқты әртүрлі қиындықтар-мұның бәрі ұсақ-түйек. Мен бұл туралы қуанышпен еске аламын және сол қолайсыздықтарды бастан өткергенім үшін Тәңірге ризамын.

– Әпке,мұнда қызмет ету және өзіңізді құрбан етуде Сіз үшін не маңызды болды? Сіз бірінші кезекте мұқтаж адамдарға не бергіңіз келгенін айта аласыз ба?

– Мен мұнда кедейлер өте көп екенін көрдім және бәрінен бұрын оларға қолымнан келгенше көмектесуге тырыстым. Біз амбулаторияны аштық, сондықтан дәрігерге ақшасы жоқ кедейлер бізден медициналық көмек пен ем ала алады. Мен оларға осылай қызмет ете алатыныма қуаныштымын. Мұның бәрі Тәңірдің үлкен тосынсыйлары (күледі).

– Бос уақытыңызда не істегенді ұнатасыз?

– Мен жас кезімнен оқығанды ұнатамын, бірақ бос уақытым сирек түседі. Бос уақыт болғанда мен көбірек дұға етуге, Тәңіріміздің алдында болуға және біздің приходымыз  үшін, Қазақстан үшін және бүкіл әлем үшін дұға жасауға тырысамын. Әлем Құдайсыз болса қиын. Кейбір адамдардың оған деген немқұрайлылығын көру маған қиын. Мен мәңгілікке өте жақын адамдарды көрдім, тіпті Тәңір оларды Өзіне шақырады деп ойламадым. Адамдардың көбісі тіпті барлығы  Құдайға келгенін қалаймын, бірақ бәрі менің қолымда емес. Мен тек әр жан үшін оны шайтанның қолынан құтқарып алу  үшін дұға ету керек екенін  ғана білемін. Ал мүмкіндік болған кезде кітап оқимын (күледі).

– Сонымен, Сіз өз өмірінТәңірге және Шіркеуге монахтық жолмен қызмет етуге арнағысы келетіндерге қандай кеңес ұсынар едіңіз?

– Ең алдымен, олар бәрін Тәңірімізге беруден қорықпаулары керек. Орденде  бәрін беретін адам бақытты. «Құдайға бәрін бер, Ол саған бәрін береді» деген мақал бар. Мен бұған бірнеше рет көз жеткіздім. Мен оларға әрдайым Шіркеуге өзін Құдайға бағыштайтындар қажет екенін көруін тілеймін. Мұндай адам көп нәрсені істей алады. Оның адамдарға ғана уақыты бар, оларды Құдайға апаратын уақыты бар. Бұл өте әдемі өмір салты. Олар Тәңіріміздің осы кішкентай дәнді өсіріп, нығайтуы үшін көп дұға етсін. Адамдар сіз туралы не ойлайтыны немесе не айтатыны туралы алаңдаудың қажеті жоқ. «Мен қалаймын» дегенге емес, басқалардың нені қажет ететініне  мән беріңіз. Бұл ең маңыздысы.

– Виктория әпке, осы әңгімелесуге келіскеніңіз үшін, әсіресе Шіркеуге және Қазақстандағы адамдарға қызметіңіз үшін, үздіксіз дұғаңыз үшін көп рахмет. Сізге Тәңіріміздің барлық рақымдарын тілейміз.

Бастапқыда Қазақстанның «Кредо» католиктік газетінде жарияланды.
Аударған: Раушан Таупикова

Егер  сізге бұл мақала ұнаған болса, әлеуметтік желілерде немесе  мессенджерлерде  сілтемемен бөлісу арқылы достарыңызға ұсыныңыз:

Facebook
VK
OK
WhatsApp
Басып шығару

Жаңа материалдар,видео және трансляцияларды жіберіп алмас үшін,бізге YouTube, VKFacebook немесе  Instagram, желілерінде жазылыңыз.

Scroll to Top