Бұл бейнені жасауға шабытты қайдан аласыз?
Бұл жұмысты жазудағы шабыттың негізгі көзі-анаға деген сүйіспеншілік. Әрине, барлық халықтар ананы құрметтейді, бірақ бізде, қазақтарда, ана сүтін ерекше құрметтеу бар. Осыған байланысты біздің халқымызға тән көптеген дәстүрлер мен өзгешеліктер орын алған. Менің ойымша, бұл жұмыс анаға арналған. Менің анам, қандай да бір дәрежеде сіздің де анаңыз және жалпы аналардың барлығы сондай. Қазақша бұл — «Ана». Мен әлемдік өнердің жауһарларынан шабыт аламын, онда «Мәриям Бикенің» бейнесін жасау бойынша жұмыстың көптеген нәтижелері ұсынылған, және, әрине, күнделікті өмірден, күнделікті тіршіліктен және басқа да қарапайым заттардан аламын.
Қандай элементтер ана болуды көрсетеді?
Біріншіден, ол баланы ересек «шапанға»-ер адамның киіміне орап ұстауда — бұл оның ер адам ретіндегі болашағының, ол өтетін жолдың бейнесі болып табылады .
Ал анасының үстінде қазақтың ұлттық киімі «кимешек» бар. Мұндай киім-кешекті, яғни қазақ көйлек мен бас киімді тұрмыстағы әйелдер тұңғыш баласы дүниеге келгеннен кейін киген. Ойымызда ол қарапайым кедей отбасынан шыққандықтан, ерекше сәнді киім жасау міндеті болған жоқ, бірақ сонымен бірге ол қазақ әйелінің — дала әйелінің сұлулығы мен қарапайымдылығын, қадір-қасиетін ерекше көрсетуге тиіс еді.
Сіз мұны қанша уақыттан бері жасап жатырсыз?
Нақтыламай-ақ қояйын, өйткені мен өмір бойы осы бейнені жасаумен айналысқан шығармын. Осы иконамен жұмыс жасамас бұрын, бұл бейне менің жұмысымда әрқашан болғанын байқадым. Бұл жұмыс менің ізденістерімді қорытындылайды.
Ана сіз үшін кім?
Менің ата — бабаларымның түсінігінде «Ұмай»-барлық тіршілік иелерінің қамқоршысы болған, бірақ жалпы алғанда бүкіл әлем бойынша, былайша айтқанда, мен бұл жерде ұқсастықтарды байқаймын. Ана-бұл бүкіл адамзатты және мені онымен біріктіретін жалпы бейне. Бұл біздің ортақ анамыз, өйткені біз бұл әлемге аналарымыздың арқасында келдік.
Бұл бейнені жасап жатқан кезде қандай сезімде боласыз?
Қысқаша айтқанда, махаббат, және нәзіктік. Әрине, толқыныс бар, өйткені қандай да бір түсініктер жұмыс кезінде келеді, мен бәрін жасағым келіп кетеді, бірақ шекаралар бар, шеңберлер бар, канондар мен белгілі бір талаптар бар. Сезім түкпірінде кенептегіден де көп нәрсе қалады. Және әр кез сайын мен бұл бейнені одан да көп уақыт жасай бергім келеді, бірақ уақыт аз, ал менің жасай бергім келіп тұрады. Түнде оянып ойланасың, таңертең бұл туралы ойлайсың, тақырып шексіз. Мұндай заттар ұзақ жылдар бойы жасалады. Бұл жағдайда мен әрине әр бөлікпен жұмыс жасағым келіп тұрады.
Қазақ өнерінің қағидаларын діни канондармен қалай ұштастыруға болады?
Бұл мен үшін ең қиын сәттердің бірі болды. Жұмысты жасау туралы ұсыныс түскен кезде менде күмән бар еді. Бірақ кейін туыстарыммен, бауырларыммен, достарыммен сөйлестім, олар: «Әрине, жасаңыз, бұл біздің ортақ мәдениетіміз. Жалпы, әлемге кеңінен қарасақ, бұл біздің ортақ үлкен үйіміз. Әрине, өз дүниетанымыңызға және руханиятыңызға сүйене отырып жасаңыз»- деді.
Жалпы, менің ойымша, бірде-бір дін екіншісіне қайшы келмейді, олар бір-біріне еніп, бірін-бірі толықтырады. Сондықтан мен көп қарама-қайшылықтарды көрмеймін. Керісінше, мені, суретші, жасаушы ретінде біздің дала Мадонналары еуропалық Мадонналармен қалай байланыса алатыны қызықтырады. Мұны сөзбен қалай түсіндіруге болатынын да білмеймін. Әйелдеріміздің, аналарымыздың сұлулығын жырлай отырып, мен оны еуропалыққа да, кез-келген құрлықтағы адамға да түсінікті болғанын, әркім өз бағасын бергенін қалаймын.
Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы мен үшін осындай әмбебап, түсінікті сұлулықтың бір мысалы болып табылады. Оның ән айтқаны кез-келген адамға түсінікті және оны бүкіл әлемде жақсы көреді. Мен оның шығармашылығынан шабыт аламын, оның музыкасын қосып қойып жұмыс істеймін. Өнер-кез келген адамға, бүкіл әлемге түсінікті тіл.
Бұл жұмысты жасауға тағы не шабыттандырады?
Жалпы, шабыт-бұл өте күрделі ұғым. Ол жұмыс кезінде келеді. Неғұрлым көп жұмыс жасасаңыз, сіздің алдыңызда қандай да бір шындықтар кеңірек ашылады және шабыт тезірек келеді. Шабыт – бұл біздің табиғатымыз, Қазақстанымыз, бұл менің балалық шағым, мұның бәрі әлемдік өнер, сөзбен айтып жеткізу қиын. Бұл кез-келген құм түйіршігі, кез-келген жапырақ. Кез келген нәрсе шабыт көзі бола алады.
Рим Папасы Францисктің иконаға батасын беретінін білгенде не сезіндіңіз?
Өз еңбегім үшін жауапкершілік, мен бұл жұмыстың түсіністік тауып, адамдардың жүрегінде өз орнын тапқанын қалаймын. Бірақ бұл тұста бәрі маған байланысты емес. Бәрі жақсы болады деп үміттенемін.
Неліктен Мадонна бізге тік қарамайды??
Қазақтарда әйел әңгімелесушінің, ер адамның бетіне тікелей қарауы дұрыс емес, сыпайы емес деп саналады. Қазақша айтқанда: «тесіліп қарама» дейді. Міне, біз — екі еркекпіз – қазір сізбен сөйлесіп, бір-бірімізге қарап, көзге қарап сөйлесіп отырмыз, бірақ әйел тік қарамауы керек, ол сәл көзін ұзатып қарайды. Бұл қарапайымдылықтың көрінісі және этикеттің бір бөлігі.
Ол алысқа қарап отыр, ол нені ойлауда?
Ол болашақ туралы, ұлының болашағы туралы ойлайды. Менің ойымша, интуиция деген ұғым бар. Ол ұлымен бірге болатынын, қандай жолмен жүретінін сезеді. Осы туралы ойлайтын болар.
Неліктен Мәсіх басқа жаққа қарауда?
Оның сезімдері аралас. Мен қазір мұнымен жұмыс істеп жатырмын. Оның шаш үлгісі басқаша еді, содан кейін мен оның шашын жасадым, енді оның стилін өзгертуге уақыт тапқым келеді. Менде әлі көп ізденіс бар. Оның өз жолы бар. Қазақ тілінде : «Ананың көзі балада, баланың көзі далада» дейді — ананың көзі балаға қарап тұр, бірақ бұл жағдайда, баланың көзі жолға қарайды. Ол бір жағынан анасынан кеткісі келмейді, бірақ екінші жағынан, оның әлі де кішкентай санасының тереңінде, оның әрқайсымыз сияқты өз жолы бар екенін түсіну бар. Біреуде бұл қиынырақ, біреуде сәл оңайырақ, бірақ бұл әрқашан оңай жол емес. Міне, ол, бір жағынан, анасынан кеткісі келмейді. Екінші жағынан, әрине, кететінін түсінеді.
Мен оны осы «шапанға» (халатқа) орап қойғаным кездейсоқ емес. Анасы оны жылыту үшін орап алған сияқты, бірақ бұл оның айқышқа баратын болашақ хитоны.
Ою-өрнектер не туралы айтады?
Қазақ ою-өрнектері, әлемнің басқа халықтарының ою-өрнектері сияқты, өзіндік символизмге ие. Әкиек жұлдыз түрінде жасалған. Бір жағынан бұл гүл, екінші жағынан-жұлдыз, сонымен бірге қазақ кілемінің «Тұскиіз» бөлігі. Ал Исаның шаңырақ айқыш түріндегі әкиегі бар. Өздеріңіз білетіндей, шаңырақтың негізі-айқыш. Менің анам Керей руынан шыққан, ал керейлер бір кездері тарихта айтылғандай, ежелгі уақытта христиандар болған. Әрине, бұл байланыстар түпсанамда және жанымның түкпірінде бар, сондықтан мен бұл белгілерді қолданғаным кездейсоқ емес.
Қазақтардың көпшілігі исламды ұстанатындықтан, Қазақстан халқы бұл христиандық бейнені қалай қабылдайды?
Шын мәнінде, менің ойымша, қазақтар өте төзімді, олар кез-келген мәдениетті оңай қабылдайды, сіңіреді және онымен тыныш өмір сүреді. Өзге мәдениеттер шешілмейтін қайшылықтарды тудырмайды. Мен өзім Солтүстік Қазақстанда немістер, орыстар, поляктар арасында өстім. Кез-келген қазақтың ішінде көптеген мәдениеттер өмір сүреді.
Мен өз халқымды ежелгі дәуірден келе жатқаны үшін жақсы көремін, сондықтан жұмыс сүйіспеншілікпен, жылулықпен қабылданады деп үміттенемін, өйткені бұл бәрінен бұрын ананың бейнесі. Мен бұдан ешқандай қиындық көріп тұрғаным жоқ.
Егер біз жұмыс туралы айтатын болсақ, онда мұндай нюанс бар, әрине, сіз барлығын көрсетуіңіз керек, бірақ оны тым әшкерелеудің қажеті жоқ. Сабырлы және әдепті болып қалу керек. Менің ойымша, бұл менің халқымның менталитетінің бір бөлігі. Мен осы нәзіктіктердің барлығын осы жұмыста сақтауға тырысамын және ол түсіністік табады деп үміттенемін.
Сіздің авторлығыңызды көрсететін қандай да бір элемент бар ма??
Мен өзімнің авторлығымды мүлдем көрсеткім келмейді. Мен бұл жерде менің жеке басымның көрінгенін қаламаймын, мүлдем қаламаймын. Өйткені нағыз өнерді жасырын деп санаймын. Мысалы кейбір көне артефактілерді көргенде, біз оларды жасаушының кім екеніне аса мән бермейміз . Бізге ол заттың өзі маңызды.
Мен өзімнің жеке басымды жасыруға тырысамын және оны көрсетпеймін. Яғни, бұл жерде мен үшін ең бастысы-бейне. Суретшінің жеке басын қанағаттандырмас үшін. Мысалы, жақсы ән тапсақ, біз оны кім айтатынын ұмытып та кетеміз, біз жай ғана әуенді тыңдаймыз және оны жақсы көреміз. Құстардың әнімен де солай, біз құстың қалай аталатынына мән бермейміз, бізге тек оның сайрауы ұнайды.
Әңгімелескен Алексей Готовский, EWTN