Біздің кейіпкеріміз Патрик, осы сөздің толық мағынасында, әлем адамы. Филиппиндер, Ресей және ..
3-бөлім. Армения
– 2016 жылдан кейін қайда бардыңыз?
– Мен монахтық өмірге қайта оралғанда,
Владивостокта бұрын айтып өткенімдей, маған өз формациямды жалғастыру керек еді. Бұған қоса, маған теологияны зерттеу керек еді, сондықтан арасында Филиппиндерге оқуға барып тұрдым. Бірақ екінші
курстан кейін пасторальдық жыл деп аталатын уақытқа бір жерге баруым қажет болды. Менің Ресейдегі миссионерлік қызметте болғаныма қарамастан, монастырь басшысы онымен келіскен болса да, бұл тапсырманы орындау керек болды. Мексикаға барудың да мүмкіндігі болды, себебі
мені достарым сонда шақырды. Бірақ Владивостоктағы монастырь басшысы маған рұқсат бермеді. Владивостокта
көптеген армяндар өмір сүріп жатыр, ол маған осы
адамдардың менталитетімен танысу үшін Арменияға баруды ұсынды,
себебі маған дәл соларға қызмет етуге тура келді.
– Арменияда сіздің монастырьдің филиалы бар ма?
– Жоқ. Біз онда ешкімді де білмедік. Интернет арқылы байланыс іздедік, бірақ ештеңе таппадық. Кейінірек мен Армениядағы әпкелердің сайтын таптым, олар мені ресми сұраумен епископқа жіберді. Бірақ жауап болмады. Сол кезде мен Тереза ана әпкелеріңің Арменияда қызмет ететінін білдім. Олармен Филиппиндердегі орден арқылы байланысу жолдарын іздедім, бірақ олар да білмеді. Сөйтіп мен Армениядағы әпкелермен Үндістандағы әпкелер үйі арқылы байланыстым. Әпкелермен байланыса отырып, мен оларға жағдайды түсіндірдім, ресми сұрау салу бойынша епископтан ештеңе алынбағанын айттым. Монастырь басшысы маған келуге рұқсат берді. Бірінші уақытта мен әпкелердің қонақтарға арналған бөлмесінде тұрдым. Сол жерде болған кезде епископпен кездестім, мен өзекті емес пошта мекен-жайына хатымды жіберіппін, сондықтан менің сұрауым оған жетпеген болып шықты. Ол маған Арменияда қызмет етуге рұқсат берді.
– Сіз Тереза ана әпкелеріне көмектесуді жалғастырдыңыз ба?
– Иә, мен әпкелерге олар қызмет ететін мүгедек балаларға көмектестім. Мен оларды жууға қорықтым, бірақ тамақтандыруға көмектесіп, киімдерін қолмен жудым, себебі әпкелер кір жуғыш машинаны пайдаланбайды. Сондай-ақ, көше апостолатын жүргіздім. Яғни, мен көшелерде көмекке мұқтаж адамдарды іздеп жүрдім: тамақ немесе қарапайым әңгімені қажет еутшілерді.Әр адамның айтатын әңгімесі бар, бірақ бұл әңгімені тындайтын адам бола бермейді.
– Армения тұрғындарымен тілдесу оңай ма?
– Жан-сырын ашу әрдайым оңай емес. Бірақ бұл көп адамдарға қажет. Мен көшеде жалғыз қалған ер адамды кездестірдім, оның бүкіл отбасы жер сілкінісі кезінде қаза тапқан. Ол музыкант, аккордеонда тамаша ойнайды. Әрбір түн сайын өтіп бара жатқан адамдардан садақа алу үшін ойнайды. Ол қатты қайғыда еді, себебі денсаулығына байланысты қалыпты жұмыс таба алмаған. Жер сілкінісі кезінде жарақат алғандықтан ауыр жұмыс істей алмайды.
– Адамның таныс емес адамға сырын ашқанын елестету қиын. Сіз адамдармен тіл табысу үшін не істейсіз?
– Жалпы, мен көшедегі апостолатты жүзеге асыру үшін барғанымда, көбінесе кешке, аш болғандарды тамақтандыру үшін өзіммен бірге тамақ алатынмын, себебі Арменияда кедей адамдар көп. Мен олармен бірге тамақ ішуге отырып, әңгіме бастайтынмын. Бір күні маған кішкентай иконаны сатып алуды ұсынған әйелді кездестірдім. Мен оған ақшам жоқ екенін айттым, бірақ сөйлесуге уақытым бар дедім. Ол жауабыма таңқалды. Мен оның көздерінен таң қалушылықты байқап күлдім, ол маған күлімсіреді – осылай әңгіме басталды. Мен оған тамақ бердім. Оның үш баласы бар екені анықталды, күйеуі жер сілкінісі кезінде қаза тауыпты. Енді оған 9-10 жастағы немересіне қамқорлық жасауға тура келеді, қызы ол баланы некеден тыс туған және оны қамтамасыз ету үшін көп жұмыс істейді. Мен оған тамақ бердім, сөйлестім. Тереза ана әпкелері кедейлерге көмек көрсетумен айналысады, бірақ олар өздері көшеде жүрмейді, кедей адамдар өздері келеді. Ал мен оларға шынымен мұқтаж отбасыларға ішінде қажетті азық-түлік бар пакеттерді жеткізуге көмектестім. Сол уақыттан бері мен осы әйелге ішінде әртүрлі азық-түлік бар пакетті апарып жүрдім.
– Сіз көшелерге кешке жиі барғаныңызды айттыңыз. Шетелдікке сол уақытта көшеде жүру қауіпті болған жоқ па?
– Жалпы, Ереванда Филиппиндіктер көп. Олар көбінесе Дубайдан визаны ұзарту үшін келеді. Мен жанынан жиі өтіп жүретін хостел бар, оның директоры мені монах ретінде білетін. Осы хостелдің жанында мен филиппиндіктерді жиі кездестірдім және хорға ән айту үшін оларды әпкелердің үйіне шақырдым. Әрине, оны хор деп атау қиын, себебі оның мүшелері әрдайым жаңа адамдар болатын. Жалпы, Арменияда Рим-Католик шіркеуі жоқ. Олардың Армян католик шіркеуі бар. Рим-католиктік Құдайға дұға жасау рәсімдеріне көбінесе сонда жұмыс істейтін немесе қандай да бір іс бойынша келген шетелдіктер қатысады. Міне, мен Филиппиндік жаңа достарымды көшеде жиі бірге жүруге шақырдым. Ал, жаныңда серіктестер бар кезде, ол соншалықты қорқынышты емес. Мен тіпті FIAT- Filipinos in Armenia together деп аталатын топты құрдым.
– Неге көше апостолатын кешкісін жүзеге асыруға тура келді? Күндіз басқа жұмыс көп болды ма?
– Ол да бар, бірақ шын мәнінде, оның себебі басқада. Еревандағы мейрамханалардың басым бөлігі сағат 11-де жабылады. Мейрамханалар қалған тамақты лақтырып тастайды. Сол уақытта тамағы жоқ адамдар көшелерге шығып, оны тамақтану үшін алады. Осындай кештердің бірінде, біз достарымызбен аш адамдарды іздеп жүріп, бұрышта отырған Тигран есімді жігітті көрдік. Мен достарыма оған баруды ұсындым, бірақ олар бұл қауіпті болуы мүмкін деп ескертті. Мен оған жақындадым, амандастым. Ол жауап бермеді, тек маған қарап отырды. Мен ол аш болған-болмағанын сұрадым. Ол маған өз пакетін көрсетті, осылайша ол тамақ алғанын түсіндірді. Сөйлескісі келмейтіні түсінікті болды. Бірақ оның жүзінен терең қайғы көрінді. Мен:«Сен мұндай кеш уақытта неге жүрсің?» – деп сұрадым. Ол маған қарап: «Сен Әкесің бе?» – деп сұрады. Мен көшеде әрдайым хабитте болдым. Ұсақ-түйекті түгелдеп айтпай-ақ қою үшін оң жауап бердім. Сонда ол менен «көшеде неге кеш жүрсің?» деп сұрады. Мен күліп, былай дедім: «Мүмкін, сен осында болған соң шығар». Ол да күлді. Мен ол сөйлескісі келе ме деп сұрадым. Ол маған үнсіз қарады. Сонда мен оның ашыла бастағанын түсіндім. Мен оның қасында бұрышта отырдым. Одан не болғанын айтып бергің келмей ме деп сұрадым, сөйтіп ол маған өз оқиғасын айтып берді.
Ол сол кезде 24 жаста еді. Ол қатты күйзеліп кеткен. Оның әкесі маскүнем. Ата-аналары сол үшін бір-бірімен үнемі ұрыс-керісте болып, бұл жағдай оның ағасының өз-өзін өлтіруіне себеп болған. Тигран мұны түсіне алмады, кешірмеді. Айтқысы келмей, үнсіз болды. Ол өте жақсы суретші. Бірақ депрессияға байланысты бұл жұмысты тастап кеткен. Анасы, ағасы қайтыс болғаннан кейін, Украинаға жұмыс істеуге кетіпті, ал әкесі болса ішуді жалғастыра берген. Тигран үнемі мас болып,ұрсысудан көз ашпайтын әкесімен бірге тұрады.
– Сіз қалай ойлайсыз, мұндай әңгімелердің көмегі неде?
– Мен көптеген адамдар мұндай жұмысты өте ұсақ деп санап, онымен айналысқысы келмейтінін білемін. Барлығы өте маңызды нәрсе істеуді қалайды. Мен болсам мұны істегім келеді, себебі бұл кішкентай іс біреу үшін өте маңызды болуы мүмкін. Сол кеште Тигран: -Әке, маған өте қызықты. Мен ұзақ уақыт бойы осы күйде болдым, мен мұнда жиі отырамын, адамдарға қарап, олар қалай жүріп жатқанын, сөйлесіп жатқанын, күліп жатқанын көремін. Бірақ осы уақыт ішінде менімен тоқтап,сөйлесетін бірде-бір адам табылған жоқ,-деді. Біз, адамдар, өз жұмысымызда маңызды нәрсе істеуге тырысамыз, бірақ айналадағы адамдар қажет ететін кішігірім нәрселерді ұмытып кетеміз. Мен жаһандық ештеңе жасамаймын, мүмкін, олар лайықсыз деп санайтын, ешкім жасамайтын кішігірім нәрселер, бірақ оларды махаббатпен жасаймын. Мен үшін бұл аз болса, бірақ Тигран үшін өте көп болды. Ол былай деді: «Әке, мені тапқаныңыз үшін рақмет».
– Арменияда қызмет еткендер сізге қосылмады ма?
– Мен пірадарлар тоқтайтын үйде тұрдым. Бір күні бір семинарист неге менің кеш оралатынымды сұрады. Егер оның себебін білгісі келсе, менімен баруға болатынын айттым, бірақ ол бас тартты.
– Демек, онда Рим-Католик шіркеуі тым дамымағанына қарамастан,семинария бар?
– Жоқ, Армениядағы рим католиктері Грузияның рим-католиктік епископына бағынады. Кейінірек мен онымен әпкелердің үйінде таныстым. Мен оған осында тұрып жатқан шетелдіктер толыққанды рухани өмір сүре алмайтындығын, Құдайға құлшылық етуге қатыса алмайтындығын, және олардың тек қана Тереза ана әпкелеріне баратынын, мұнда пірадарлар 5-6 айда бір рет болатынын айтып, өкінішімді білдірдім. Монастырь басшысының рұқсатымен осында қалып, қызмет ете аламын деп айттым. Епископқа бұл идея ұнады. Менің басшым тағы бір монах бауыр келетінін айтты, сонда жаңа үй ашсақ, мен бастаған қызметті, әсіресе армян тілін меңгермеген, тек ағылшын тілінде сөйлейтін шетелдіктермен жұмыс істеуді жалғастырсақ деп шешті. Бірақ ол кезде мен әлі пірадар емеспін, теологияны аяқтауым керек болды. Әрине, бұл қызметке кіріспес бұрын, оқуымды аяқтауым керек қой. Сол кезде тамыз айы еді, ал Филиппиндерде оқу жылы маусым айынан басталады, мен үш айға кешіктім – барудың мәні жоқ еді. Сол кезде епископ Қазақстандағы семинарияға оқуға түсуді ұсынды, онда Грузиядан келген семинаристтер де оқып жатқанын айтты. Монастырь басшысының рұқсатымен сол кезде семинарияның ректоры болған Петр Пытлованы әкемен байланыстым да, мен ешқашан естімеген жер, Қарағандыға аттандым.
– Яғни сіз Армениядан көп ұзамай сол жерге қайта оралу ойымен кеттіңіз бе?
– Дұрыс. Оның үстіне, мен ол жерден қысқа уақытқа болса да мүлдем кеткім келмеді. Өте өкінішті болды. Арменияда тұруға ықтиярхат алған болатынмын. Мен кетіп бара жатқанда, сөздің тура мағынасында жыладым. Өйткені менің жүрегім Арменияда болуым керек екенін айтты.
Бұл жағдайды қандай нәрсе тез және түбегейлі өзгерту мүмкін болғанын мына жерден білесіз.