Астанадағы (Нұр-Сұлтан қ., Қазақстан) Аса Қасиетті Мәриям Бике Архиепархиясының көмекші епископы Атаназиус Шнайдердің өзінің қасиеткерлікке жолы туралы айтып берді.
Епископ әке, өзіңіз туралы аздап айтып беріңізші.
Мен 1961 жылы Қырғызстанда Одесса маңындағы неміс қалашықтарында тұратын қуғын-сүргінге ұшыраған немістердің католиктік отбасында дүниеге келдім. 1969 жылы біздің отбасымыз Эстонияға қоныс аударды, ал 1973 жылы біз Құдайдың көмегімен Германияға қоныс аудардық.
1982 жылы мен Австриядағы, Тиролдағы Қасиетті Айқыштың тұрақты канондықтарының монастырына түстім. 1983 жылы Римдегі «Angelicum» Папа университетінде философияны оқи бастадым.
1984 жылы орден мені Бразилияға Аннаполис епархиясына (Орталық Бразилиядағы Гояс штаты) миссияға жіберді. Онда мен философиялық және теологиялық білімімді жалғастырдым. 1990 жылы сол жерде қасиеткер болып тағайындалдым.
1990-1991 жылдары Рио-де-Жанейро мен Сан-Паоло қалалары арасындағы Апаресида архиепархиясындағы өз орденімнің монастырында тұрдым. Мен 5 ауылдық приходқа қызмет жасап,монастырда рухани әке болдым. 1991-2001 жылдары Римде Папаның латерандық университетінің «Augustinianum»институтында теология және патристика бойынша докторлық диссертацияны қорғауға дайындалып, сонымен бірге орденімнің бас кеңесшісінің қызметін атқарып жүрдім.
1999 жылы мен алғаш рет Қазақстанға, атап айтқанда Қарағандыға жаңадан құрылған Жоғары діни семинарияға дәріс оқу үшін келдім. 2001 жылдан бастап Қарағандыда тұрақты тұрамын [ред.: сұхбат 2009 жылы алынды]. Осы уақыт ішінде мен рухани әке және семинария оқытушысы, Қарағанды епархиясының курия канцлері, «Кредо» газетінің бас редакторы және бірнеше приходтарда шіркеу басшысы міндетін атқардым. 2006 жылы Рим Папасы Бенедикт XVI мені Қарағанды епархиясының көмекші епископы етіп тағайындады, мен қазірде бас викарий ретінде қызмет етемін [ред.: 2011 жылғы 5 ақпаннан бастап-Астана қаласындағы Аса Қасиетті Мәриям Бике Архиепархиясының көмекші епископы болып тағайындалды]
Сіз ата-анаңызбен бірге Қырғызстаннан кеткен кезде әлі бала болдыңыз. Дегенмен сіз кеңес дәуіріндегі қырғыз сенушілерінің өмірі туралы бірдеңе айта аласыз ба?
Өткен ғасырдың 60-жылдарында кеңес дәуірінде Қырғызстандағы католиктердің тұрақты қасиеткерлері болған жоқ. Кейінірек билік прелат Михаил Геллерге Фрунзеде (қазіргі Бішкек) шіркеу мен приход ашуға рұқсат берді. Мен өмір сүрген Токмакта сенушілер, менің отбасым да, жексенбіні былай өткізетін: таңертең бүкіл отбасы үлкен дұға жасау бөлмесіне жиналады; әкеміз, анамыз және біз, төрт бала тізерлеп отырамыз, ал анамыз дұғаны бастайды. Раушантәж, литаниялармен және басқа да қысқа дұғалармен дұға етуші едік. Түскі астан кейін егде жастағы әйелдер әртүрлі үйлерде кезек-кезек дұға жасауға жиналатын. Кейде қасиеткерлер келіп, жасырын түрде Қасиетті Мессаны атқаратын. Тәңірдің Туылуы қарсаңында барлық немістер біздің үйге жиналып, дұға етіп, әдемі рождестволық әндер шырқайтын. Бұл біздің көршінің-орыс милиция офицерінің арқасында мүмкін болды — бұл түнде бізді ешқандай милиция мазаламайды деп уәде берген еді.
Германиядағы Шіркеуден алғашқы әсеріңіз қандай болды?
Германиядағы шіркеу өмірі туралы менің алғашқы әсерлерім (мен ол кезде 12 жаста едім): мен литургияның қалай өткеніне қатты таңдандым және қайран қалдым. Мені қатты таң қалдырғаны және осы күнге дейін таң қалдырып келе жатқаны қасиетті қатынасуды адамдардың тұрып, қолында ұстап қабылдағандары . «Қасиеттілердің Қасиеттісіне»деген үстірт және дүниелік көзқарас бар деген әсер қалдырды. Мен бәрін балалық және кіршіксіз пәк ақылыммен бағалай отырып айтқаным: бұл пірәндікті таратумен бірдей ғой! Маған литургияда салтанат пен биіктік жетіспеді, бәрі маған үстірт болып көрінді. Мені таң қалдырған тағы бір нәрсе-қасиеткерлердің көпшілігі кәдімгі киіммен,сутанасыз және қасиеткерлік жағасыз жүре беретіні. Мен олардың неге олай жүретінін түсіне алмадым.
Сіз монастырлық және қасиеткерлік өмірге шақырылғаныңызды қашан түсіндіңіз?
Нақты сәтті айту қиын. Шақыру-бұл Құдайдың ең нәзік белгісі, ол алдымен алыстан естіледі, бірақ уақыт өте келе айқынырақ бола бастайды. Менің өмірімдегі келесі оқиға өте жақсы есімде: шамамен 10 жаста едім, мен қасиеткер болуды мүлдем ойлаған емеспін. Эстониядағы Тарту қаласында анаммен бірге қасиеткер Янис Павловский әкенің үйіне бардық. Жолда мен тоқтап, балалық қызығушылықпен: «Анашым, айтыңызшы, қалай қасиеткер болуға болады?» -деп сұрадым, ол: «Бұл үшін Құдайдың шақыртуы керек», – деп жауап берді. Мен бұл сөздерді мүлдем түсінбедім және ендігәрі бұл тақырып бойынша ешкімге сұрақ та қоймадым. Үш жылдан кейін мен өзімнің жүрегімде қасиеткер болуға деген ұмтылысты сезіне бастағанда, анамның сөздерін жақсы түсіне бастадым. 13 жасымда Ассизийлік Әулие Францисктің өмірбаянын алғаш оқығаннан кейін, мен монах боламын деп шештім.
Неліктен сіз августиндік орденге түсуге шешім қабылдадыңыз?
Менің ойымша, оған мені Құдайдың көрегендігі әкелді. Германиядағы орта мектепте оқып жүрген кезімде мен семинарлар мен монастырьлардың көпшілігінде тәртіпті әлсірету үрдісі бар екенін байқадым, бұл біршама дәрежеде дүнияуи бағытқа апаратын жол еді. Мен Құдайдан тақуалық рухы бар және Рим Папасына терең мойынсұнатын жерге апаруын сұрадым. Ал 15 жасымда, осы уақытқа дейін таныс емес бір адам Қасиетті Мессадан соң маған келіп, жақсы қасиеткерлердің реколлекцияларына қатысуға шақырды. Мен бұл шақыруды қабылдадым. Бұл қасиеткерлер Қасиетті Айқаштың тұрақты канондықтары орденіне жататын,Әулие Августиннің жарғысы бойынша өмір сүретіндер еді.
Қасиеткер ретінде Сіз Африка мен Оңтүстік Америкада жұмыс істедіңіз. Сізді миссионер болуға не итермеледі?
Мен жаңадан бастаған кезімде миссияға баруға деген үлкен құлшынысым болды. Бірақ мен бұл туралы шіркеу немесе монастыр басшыларына айтқан жоқпын. 1984 жылы мені Бразилияға миссияға жіберді. Мен ойлағандай, миссионер болу-алыс жерлердегі адамдарды Исаға әкелу, апостолдар сияқты қарапайым және құрбандықпен өмір сүру болып шықты.
Ал сіз неге Қазақстанға барамын деп шештіңіз?
Жоғарыда айтылғандай, бұл менің жеке шешімім емес еді, өйткені бұл рухани көкжиектен асып түсті. Менің жоспарларым Бразилиямен байланысты болды, ал мені Қазақстаннан келіп түскен өтініштерге жауап ретінде шіркеу басшылары жіберді.
Құпия болмаса, епископ болып тағайындалғанын білген қасиеткер не сезінетінін айтыңызшы?
Мен сезінген бірінші нәрсе-бұл менің мойныма түсетін ауыр жүк пен үлкен жауапкершілік сезімі. Сондықтан мен тек адамдық тұрғыдан қуанғаннан гөрі қайғырдым. Екінші жағынан, мен Құдайдың еркі осындай екеніне сенімді болдым, өйткені мені Рим Папасы тағайындады және мен өзім оған ұмтылмадым.
Қорытындылай келе, епископ ретінде өзіңіздің діни отарыңызға және елдің барлық сенушілеріне не тілегіңіз келетінін айтсаңыз?
Барлық сенушілерге және әсіресе қасиеткерлерге Иса Мәсіхке— біздің барлық ғибадатханаларымызда Қасиетті Сыйда бар Құдайға деген сенімнің арта түсуін тілеймін. Әр адам Иса Мәсіхті шынымен тауып, Онда мәңгілік құтқарылуға жетуі үшін біз Тәңірімізді және әсіресе әрбір адамның жанын көбірек жақсы көргенімізді қалаймын.
Анықтама: Епископ Шнайдер католиктік литургияда Қасиетті Қатынасуды оқытудың дәстүрлі түрін (тізе бүгіп, тілмен алу) қорғаумен танымал. Бұл оның «Dominus est»— «Бұл Тәңіріміз» кітабының тақырыбы : «Орта Азия епископының Қасиетті қатынасу туралы ойлары» (ISBN 978-0977884612), бастапқыда итальян тілінде жарық көрді, одан соң ағылшын, неміс, орыс, поляк және эстон тілдеріне аударылды.