КАЗАҚСТАННЫҢ ВАТИКАНДАҒЫ ЕЛШІСІМЕН СҰХБАТ: ЕГЕМЕНДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ, РИМ ПАПАСЫ САПАРЫНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ

Коронавирустық пандемия, жаһандық карантин және әлемдік экономиканың құлдырауымен тарихқа енген 2020 жылдан кейін адамзат алға ұмтылып, 2021 жылға үлкен үміт артады. Қазақстан үшін 2021 жыл да ерекше және үлкен айтулы күндермен атап өтіледі – бұл тәуелсіздікке қол жеткізудің 30 жылдығы, сондай-ақ Рим Папасы Иоанн Павел ΙΙ Қазақстанға тарихи сапарының 20 жылдығы. Мемлекет өзінің егемендігін қандай оқиғалармен атап өтеді, бұл іс-шаралар Қатоликтік қауымға қатысты бола ма және Рим Папасының Қазақстанға тағы бір сапары мүмкін бе? Бұл сұрақтарға Қазақстанның Ватикандағы Елшісі Бакаев мырза жауап береді.
Интервью с Послом Казахстана в Ватикане: 30-летие суверенитета, 20-летие визита Римского Папы и новые перспективы независимого Казахстана
Сурет: Daniel Ibanez

—Әлібек Әсетұлы, Сіз Рим Папасы Францисктің 2021 жылға арналған дипломатиялық корпусқа Жолдауының басты құндылығы неде деп ойлайсыз?

—Өздеріңіз білетіндей, Рим Папасының кез-келген Жолдауы уақытпен шектелмейді, ал егер шектеулі болса, онда белгілі бір жылмен емес. Дипломатиялық корпусқа биылғы Жолдау 2021 жылдың соңына бағытталмаған, ол алдағы болашаққа,және  менің ойымша, қызықты болашаққа бағытталған. Папаның Жолдауы терең ойларға толы болды, мен оны мұқият тыңдадым. Рим Понтифигі  бүгінгі таңда бізде пандемия фактісі бар екенін  және осы жағдайдан қалай бірлесіп шығуға, оның салдарын қалай жеңуге болатынына басты назар аударды. Рим Папасы Франциск өзінің жолдауын бірнеше бөлікке бөлді. Біріншісі денсаулық сақтау жүйесіндегі дағдарыс мәселелеріне арналған, онда Рим Папасы жүйенің қазіргі кездегі көрінісі, оның қалай жұмыс істейтіні және болашақта қалай жұмыс істей алатындығы туралы өзінің көзқарасын ұсынды. Тараулардың бірі «экономикадағы дағдарыс» деп аталды. Шын мәнінде, денсаулық сақтау жүйесіндегі дағдарыс басқа салалардағы, соның ішінде экономика саласындағы дағдарысқа алып келді, Папа бұл мәселеге ерекше мән берді. Папа сөйлеген сөзінің үлкен бөлімін саяси дағдарыс мәселелеріне, әсіресе әлемде болып жатқан қақтығыстарға арнады. Рим Папасы мұндай қақтығыстарды бейбіт дипломатиялық жолмен қалай шешуге болатындығы және бұл ретте діннің қандай рөл атқаратыны туралы ойымен бөлісті.

Осы мәселеге қатысты Понтификтің дінаралық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығы туралы сөздеріне жеке тоқталғым келеді.  Папа Иракқа алғашқы ресми сапармен баруды жоспарлап отырғаны туралы қысқаша айтқан кезде, Ирак Елшісі менің қасымда отырған еді. Мен оны шын жүректен құттықтадым, өйткені Рим Папасы белгілі бір елге сапармен баруы бұл үлкен құрмет. Мен, Қазақстанның елшісі ретінде, бұл туралы айта аламын, өйткені 2001 жылы біз Рим Папасын өз жерімізде қарсы алдық. Сөзінің осы бөлімі аясында Папа, менің ойымша, өте маңызды нәрселерді айтты. Ол адамдар басқа дінді ұстанатын елге баратынын мәлімдеді. Алайда бүгінгі таңда экономика, денсаулық сақтау және саясат тұрғысынан дағдарысты еңсеру ісінде дұрыс құралдарды табу өте маңызды.  Дінаралық ынтымақтастық құралы- бүгінгі таңда тиімді , мәселелерді шешуге көмектесетін, бірақ өкінішке орай аз ғана құралдардың бірі. Бұл бізге, қазақстандықтарға өте жақын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін құрудың бастамашысы болғаны белгілі. Бұл біздің бүгінгі таңда Қазақстанда бар дінаралық ынтымақтастықтың осындай ауқымдағы басты және жалғыз құралы, Ватикан тарапы және барлық басқа тараптар даТұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа осындай идеясы үшін әрдайым алғыс білдіреді және осы бастаманы қолдайды. Бір кездері барлық конфессиялар, барлық діндер, барлық көшбасшылар құрған және қолдаған бұл құралдың, осы механизм мен платформаның болашағы зор деп ойлаймын. Біз осы платформаны дамыту үшін бар күшімізді саламыз.

— Рим Папасының Қазақстанға сапары бола ма және сапарға дайындық барысы қандай?

—Бұл жолы мен Рим Папасымен тағы бір рет сөйлесуге мүмкіндік алдым. Мен осы мүмкіндікті пайдаланып, біздің мемлекетіміздің басшылығынан – Тұңғыш Президент пен қазіргі ҚР Президентінен үлкен сәлем жолдадым. Папа, өз кезегінде, Қазақстан басшылығына үлкен сәлем жолдады,  әрине, Қазақстанның елшісі ретінде мен Папаның күрделі халықаралық кестесінде Қазақстанға келуге уақыт болатынына үлкен үміт артатынымды білдірдім. 2022 жылы елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтеді деп жоспарлануда. 2021 жылдың қазан айында біз Съезд Хатшылығының отырысын өткізуді жоспарлап отырмыз. Менің ойымша, одан кейін Рим Папасының атына шақыртуға жазылатын нақты күн анықталады. Осыдан кейін Папаны ресми түрде шақыру үшін Қазақстан Парламенті Сенаты төрағасының сапары орындалады. Бұл дипломатиялық-саяси жағына қатысты. Ал ұйымдастырушылық мәселелеріне келетін болсақ, күн анықталғаннан кейін, әрине, бұл іс-шараға дайындық ерекше бақылауға алынады. Мен Елші ретінде және менің басшыларым да сапар болады деген үміттеміз. Оның маңызы зор, өйткені Рим Папасының Қазақстанға сапары – бұл тек бір мемлекетке, бір ғана елге сапары ғана емес, бұл кем дегенде Орта Азия өңіріне сапары. Барлық Орта Азия елдеріне Католик шіркеуі таныс, католицизмді ұстанушылар бар. Папамен кездесу үшін Ватиканға жеке келуге, әсіресе қазір короновирус салдарынан мүмкіндігі жоқ көптеген католиктер, міндетті түрде осы мүмкіндікті пайдаланып, Рим Папасын көру, оны тыңдау, батасын алу үшін Қазақстанға, Нұр-Сұлтанға келеді. Бұған, сөзсіз, біздің географиялық орналасуымыз да мүмкіндік береді. Қазақстан Еуразия жүрегінде орналасқаны үшін Аллаға,Құдайға шүкір. Бізде әлемнің көптеген мемлекеттерімен, негізгі халықаралық транзиттік хабтармен тікелей әуе қатынастары ашылған. Сондықтан барлық тілек білдірушілер осы іс-шараға қатыса алады. Мен тағы да қайталағым келеді, Құдай коронавирустың бәрімізден мәңгілікке кетіп қалуын және мұндай сапарлардың мүмкіндігінше жиі болуын жазсын.

— Қазақстан халқы мен Католик шіркеуіне ортақ құндылықтар қандай?

— Католицизм Қазақстанда бар, оның тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы рөлі өте зор және біз осы бағытта бізбен бірге жұмыс істеген отандастарымызға, әріптестерімізге, серіктестерімізге өте ризамыз. Біз бәріміз біргеміз, біз бір қайықта жүзіп келеміз, және бүгінде барлық азаматтық институттары бар тәуелсіз, экономикалық және саяси дамыған Қазақстан – бұл, ең алдымен, Қазақстанда тұрған, тұрып жатқан және болашақта тұратын адамдардың еңбегі.

Егер ғылым тұрғысынан айтатын болсақ, меніңше, Қазақстандағы католицизм тарихы бөлшектеніп және әлсіз зерттелген. Менің ойымша, бұл бағытта өте үлкен жұмыс көлемі бар. Мүмкіндіктер мен ақпарат көздері өте көп, бірақ егер біз белгілі бір кәсіби әрекет туралы айтатын болсақ, онда қазір Елшілік осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Біз қазақстандық ғылыми-зерттеу орталықтары үшін бұл туралы көбірек ақпарат алу мақсатында Ватиканның білім беру, ғылыми институттарына кіру, тарихи байланыстарды табу, сондай-ақ Еуразия құрлығының ортасындағы католицизм тарихына қызығушылық танытатын Ватикандағы әріптестеріміз үшін мүмкіндіктер ашуды ұйымдастырғымыз келеді. Егер біз осы мәселемен бірге айналысатын болсақ, біз бұрын білмеген көптеген қызықты тарихи жайттарды табатынымызға сенімдімін,  олар бізге жақынырақ болуға, бір-бірімізді түсінуге және ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға көмектеседі.

Жаңа Президент Тоқаев мырзаның қызметіне кіріскен сәтінен бастап Қазақстанда қандай реформалар жүргізілді, және олардың Шіркеу мен Ватикандағы Қасиетті Таққа қатысы бар ма?

—Бұл жерде Президент Тоқаев бастамашы болған реформалардың 3 жиынтығы туралы айту орынды. Таяуда ғана осы жылдың 10 қаңтарында сайланған Парламент Мәжілісінің жаңа құрамы алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті жаңа саяси реформалар туралы, үшінші жиынтық туралы жариялады. Бұған дейін жұмыста 2 жиынтық болды, реформалар бағыттарының басым бөлігі  жүзеге асырылды. Мен қазір осы реформалардың әрқайсысына тоқталғым келмейді. Жалпы айтқанда, олардың құқықтық бөлігінде қол жеткізілген мақсаттары бар. Атап айтқанда, оппозициялық партиялардың жұмысы үшін өте жақсы жағдайлар жасалды. Осылайша, партияның Парламентте жұмыс істеуі үшін қажет дауыстардың ең аз пайыз мөлшері қысқартылды. Заңнамаға күрделі өзгерістер енгізілді, олар қазір жеңілдетілген режимде жиналып, өз пікірін білдіруге, өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік береді. Ватиканға келетін болсақ, менің ойымша, бұл ішкі реформалар халықаралық ынтымақтастықты нығайту мүмкіншіліктеріне қатысты. Бұл реформалар жиынтығында еріктілер жұмысы, қайырымдылық ұйымдары сияқты бағыттар бар. Бұнымен Ватикан бүкіл әлемде, католик шіркеуі бар және католицизм ұстанушылары  бар жерде бірашама белсенді түрде айналысады. Қазақстанда осындай қайырымдылық ұйымдары үшін бүгінгі таңда, менің ойымша, жаңа бірегей жағдайлар жасалды. Нақты айтар болсақ, қайырымдылық және еріктілер ұйымы мемлекет меншігіндегі нысандарды жеңілдетілген тәртіппен ала алады деген сөз. Оларда қаржыландыру құралы кеңейді және оңайлатылды, бұл мемлекеттік қаржыға да, бизнестен, қоғамнан келетін қаржы ағынына да қатысты. Яғни, Қазақстанда қайырымдылық және еріктілер қызметін дамытуға ықпал ететін жаңа бірегей мүмкіндіктер заңды түрде пайда болды.

— Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылдығын қалай атап өтпек?

—Тәуелсіздік-бұл белгілі бір қағаз, заңды құжат қана емес, бұл тұрақты экономика, осы мемлекетте өмір сүруге риза халық, бұл күшті саяси және азаматтық институттар. Осының бәріне, сондай-ақ Қазақстанның тарихи және мәдени құрамдас бөліктерінің қалыптасуына барлық қазақстандықтар, оның ішінде Католицизмді ұстанушылар да қатысты және біз олардың осы күрделі кезеңдерде бізбен бірге болғаны үшін алғыс айтамыз. Қазақстан Президенті биылғы жылды ерекше, бірақ салтанатты асқақ іс – шаралармен емес, іспен, нақты іс-қимылдармен-реформалар бойынша одан әрі жұмыс істеу, экономикалық күшімізді нығайту, басқа елдермен халықаралық қатынастарды дамыту және осы арқылы Қазақстан азаматтары үшін барлық қажетті жағдайлар мен игіліктер жасау қажеттігін атап өтті. Елшілікке келетін болсақ, бізде осы жылға арналған жоспар бар, оны біз барынша тиімді түрде жүзеге асырғымыз келеді.  Әлемге біздің бар екенімізді, өте қызықты, өзіндік мәдениет пен дәстүріміз бар екенін көрсету ниетіміз бар. Менің Еуропадағы Елші ретіндегі шағын тәжірибем Қазақстанға еуропалық халықтың үлкен қызығушылығы бар екенін көрсетті. Еуропалық адамдар объективті себептерге байланысты бұрын біздің орта азиялық елдерге өздері қалағандай жиі бару мүмкіндігіне ие болмады. Қазір бұл мүмкіндіктер пайда болды, жеке Елшілік те бар, және біздің Елшілік Қазақстан көбірек танымал және жақсы жағынан танымал болуы үшін барынша тырысады.

Сұхбатпен жұмыс жасаған Алексей және Ксения Готовскийлер
Аударған: Раушан Таупикова

Егер  сізге бұл мақала ұнаған болса, әлеуметтік желілерде немесе  мессенджерлерде  сілтемемен бөлісу арқылы достарыңызға ұсыныңыз:

Facebook
VK
OK
WhatsApp
Басып шығару

Жаңа материалдар,видео және трансляцияларды жіберіп алмас үшін,бізге YouTube, VKFacebook немесе  Instagram, желілерінде жазылыңыз.

Scroll to Top