РАМАЗАН АЙЫНА МЕН ОРАЗА АЙТ (ИД әл-ФИТР 1446 H. / 2025) ТУРАЛЫ ХАТ

Мәсіхшілер мен мұсылмандар: Біз бірге не болғымыз келеді
РАМАЗАН АЙЫНА МЕН ОРАЗА АЙТ (ИД әл-ФИТР 1446 H. / 2025) ТУРАЛЫ ХАТ

“Құрметті мұсылман бауырластарымыз,

Рамазан айының басында Дінаралық диалог дикастериясы Сіздерге өзінің ыстық сәлемі мен достық тілектерін жолдайды. Осы ораза тұтып, мінәжат етіп, басқалармен қарымқатынасқан уақыты – Құдайға жақындаудың және сенімнің, жанашырлықтың және өзара көмектің негізгі құндылықтарында жаңарудың бірегей мүмкіндігі. Биылғы Рамазан айы негізінен мәсіхшілік Ораза кезеңімен тұспа-тұс келді. Мәсіхшілер үшін ол – ораза ұстау, дұға ету және Иса Мәсіхке бет бұру кезеңі. Діни күнтізбелеріміздің биылғы жақындығы бізге, мәсіхшілер мен мұсылмандарға, рухани тазартылу, дұға ету және мейірімділік көрсету кезеңін бірге өткізудің бірегей мүмкіндігін береді. Осы кезеңді бірге еңсерейік. Біз католиктер үшін осы уақытты Сіздермен бөлісу қуаныш, өйткені бұл біздің бұ дүниедегі бәріміз келімсек екенімізді еске салады. Жақсы өмірге ұмтылған келімсектерміз. Осы жылы біз Сіздермен бірге жақсы өмір сүру үшін не істей алатынымыз туралы ойланғымыз келеді. Ең бастысы, біз үмітке мұқтаж бұ дүние мәсіхшілер мен мұсылмандар ретінде кім болғымыз келетіні туралы ойланғымыз келеді. Біз жақсы әлем үшін қарапайым әріптес болғымыз келеді ме? Біз Құдайдың бүкіл адамзатпен достығына ортақ куәлік етіп, шынайы бауырлас болғымыз келеді ме?

Рамазан айы – тек қана ораза тұтқанымыздың мезгілі емес. Біз католиктер Ораза кезеңі рухани өзгерісті жаттықтыру ретінде елестетеміз. Мұсылмандар ішіп-жеуден тыйылу арқылы өз нәпсілерін тежеп, ең маңызды нәрсеге көңіл бөлуді үйренеді. Бұл – адамды Құдай Тағалаға жақындататын, жүрегін өзгелерге ашатын ізгілік, имандылықтың өсетін уақыты. Өздеріңіз білетіндей, мәсіхшілік дәстүрде қасиетті Ораза кезеңі бізді осындай жолмен жүруге шақырады: ораза тұтып, дұға етіп, садақа беру арқылы біз жүрегімізді тазартуға тырысамыз әрі өмірімізді басқарып түзететін Құдайға көз тігіп жүреміз. Ораза кезеңі рухани амалдары әртүрлі тәсілдермен айтылғанымен, сенім тек сыртқы әрекеттер емес, тәубеге әкелетін жолы екенін еске салады.

Осы әділетсіздік, қақтығыстар және болашаққа қатысты белгісіздік әлемінде біздің ортақ міндетіміз жуық рухани тәжірибелерімізді сақтаудан әлдеқайда үлкен. Біздің әлемге бауырластық пен нағыз диалог қажет. Мұсылмандар мен мәсіхшілер тарихтың қасіреті мен бірбірін алшақтатуға ықпал еткен идеологияларға қарамастан достығымыздың мүмкін екеніне сенімді бола отырып, осы үмітке бірге куә бола алады. Үміт тек оптимизм емес, Мейірімді Жаратушымызға деген сенімге негізделген қасиет. Үміт Сіздер үшін, құрметті мұсылман бауырластарымыз, кешірім беретін әрі иманды жол көрсететін Құдай Тағаланың рақымдылығына деген сенімділікпен нығайтылып жатыр. Біз мәсіхшілер үшін үміт Құдайдың сүйіспеншілігі бізге барлық сынақтар мен қиындықтарды жеңуге көмектесетініне сенімділікке негізделген.

Бәріміздің адами қадір-қасиетімізге сай бір-бірімізді терең сыйлайтын бауырластар болуға бірге ұмтыламыз. Құдайға деген нанымыз – барлығымызды біріктіретін, айырмашылықтарымыздан әлдеқайда асып түсетін қазына. Құдайға деген сенім бәріміздің бірбірімізді сыйлап, сыйластықта өмір сүруге шақырылған рухани, тәни, Құдай сүйген адамдар екенімізді көрсетеді. Біз сондай-ақ зорлық-зомбылықтың, кемсітушіліктің және өзін-өзі жатырқап кетудің кез келген түрінен бас тарта отырып, адами қадір-қасиетті қорғаушылар болуға ұмтылып жатырмыз. Биылғы жылы екі рухани дәстүріміз мұсылман Рамазан айы мен мәсіхшілік Ораза кезеңін тойлауға жиналып жатқанда, Құдайға деген сенім адам мен қоғамды өзгертетінін, оның бірлік пен келісімнің күші екенін әлемге паш етудің бірегей мүмкіндік береді.

Дүниеде біз «қабырғалар мәдениетін де, арамызда, жүректерімізде, жер бетінде қабырғаларды да, басқа адамдармен кездесуге кедергілерді де» келтіретін азғырылуымызға тап боламыз (Франсис Папа, Fratelli tutti энцикликасы, 27). Дегенмен, диалог арқылы бауырластыққа негізделген ортақ болашақты құру – жалпы міндетіміз. Ортақ өмір сүріп қана қоймай, бірге шынайы және өзара сыйластықта өмір сүргіміз келеді. Жалпы құндылықтарымыз (әділеттілік, рақымдылық, жаратылысты сақтау) біздің істеріміз бен арамыздағы қарымқатынасты нығайта бергенде қабырғаларды салғаннан гөрі көпірлер салуға, қысымшылықтан гөрі әділеттілікті қолдауға, қоршаған ортаны бүлдіруден гөрі қорғауға бағыттауы керек. Құдайға деген сеніміміз бен діни құндылықтар бізге әділетсіздік пен бейтараптыққа наразы болуымызға және адамдардың әртүрлілігінің сұлулығын көрсетуге көмектесуі керек.

Биылғы Рамазан айында, Ораза айт (Ид әл-Фитр) жақындап келе жатқанда, біз Сіздермен осы үмітті бөлісуге қуаныштымыз. Ортақ дұғаларымыз, ынтымақ қимылдарымыз және бейбітшілік жолындағы күш-жігеріміз Сіздермен шынайы достығымыздың белгілері болсын. Бәріміз Құдай рақымдылығын бірге сезіне алайық деп бұл қасиетті мейрам мұсылмандар мен мәсіхшілер арасындағы бауырластық кездесулер үшін жағдай болсын. Ортақ байланысымыздың қарапайым, бірақ терең сәттері – жамағаттарымыз бен әлемімізді өзгерте алатын Құдайға үміт артудың шарттары. Достастығымыз бейбітшілік пен бауырластық аңсаған күллі жер бетін сергітетін «самалға» айналсын!

Рамазан айында ұстаған ауыз бекіту және басқа да тақуалық рәсімдер әрі Ораза айт (Ид әл-Фитр) мерекесі Сіздерге амандық пен тыныштық, үміт, бауырластық пен қуаныш берсін.”

2025 жылғы 4 ақпан Ватикан шаһарынан шығарылған

Джордж Джейкоб Кардинал Кувакад
Дінаралық Диалог Дикастериясы, Префект

Монс. Индунил Кодитхувакку Джанакаратне Канканамалаге
Хатшы

Қазақстан Республикасындағы Апостолдық нунциатура
Аударған: д.Максим Пермин

Егер  сізге бұл мақала ұнаған болса, әлеуметтік желілерде немесе  мессенджерлерде  сілтемемен бөлісу арқылы достарыңызға ұсыныңыз:

Facebook
VK
OK
WhatsApp
Басып шығару

Жаңа материалдар,видео және трансляцияларды жіберіп алмас үшін,бізге YouTube, VKFacebook немесе  Instagram, желілерінде жазылыңыз.

Scroll to Top