Біздің заманымыздың ғажайыптары

Чудеса нашего времени

24 шілде әулие Шарбельдің литургиялық еске алу күні, оның бейнесі сізге таныс болуы керек, бірақ егер бұл оқиға сіз үшін белгісіз болса, онда ол туралы көбірек білуіңіз керек.                                         

Әулие Шарбель ғылым әлемі үшін ұлы құпия және барлық сенушілер үшін Құдайдың құдіретінің айқын белгісі болып табылады. Ливанның ардақты әкесі қайтыс болғаннан бері 121 жыл өтті, ал оның денесі әлі күнге дейін ыдыраған жоқ. Оның шапағаты арқылы  жаңа ғажайып сауығулар мен Құдайға бет бұрулар орын алуда.

Біздің заманымыздың ғажайыптары

Әулие Шарбельді жерлеп болғаннан кейінгі мерзімде,1898 жылдың 24 желтоқсанында оның бейітінің үстінен шығу тегі беймәлім жарық пайда болды,ол біресе жанып,біресе найзағай ұшқындары тәрізді болып,он шақырымнан асатын радиус көлемінде көзге көрініп тұрды. Бұл ерекше құбылыс Әулие Шарбелдің жерлеуінен кейінгі бір жарым ай ішінде әр түн сайын қайталанып тұрды.Бұған куәлік етушілер – монахтар,жақын маңдағы христиан және мұсылман ауылдарының тұрғындары,олардың барлығы әулие монахтың бейтіне көптеп келе бастады. Бұл оқиға бүкіл Ливанда үлкен толқу тудырды. Мыңдаған христиандар мен мұсылмандар әулие Шарбельдің жерленген жеріне ғибадат сапарына ағылып келе бастады. Тіпті олардың ішінде моланы ашып,әулиенің үстіндегі киімінің қалдығын немесе сақалының талдарын алып кеткендері де болды.

Өлімді жеңу белгісі

Сол кезде марониттердің патриархы қауіпсіздік мақсатында, марқұмның денесін монастырге ауыстыруға бұйрық берді. Оның моласын дәрігерлер,шенеуніктер және тағы да басқа куәгерлердің қатысуымен ашты. Сол кезде молада өте көп мөлшерде су жиналып қалғаны белгілі болды,алайда әулиенің денесіне ешқандай залал тигізбеген.

Сенім Құдайға өзінің барлық мәселелерін, сондай-ақ жан мен дене ауруларын бере отырып, әулие Шарбельдің дәнекер болуын сұрауға, оның сақталған мүрдесінің жанында дұға етуге шабыттандырды. Олар Ливанның түкпір-түкпірінен келеді, жаяу, көбінесе жалаң аяқ, күнәлаына өкіну мен аскеза рухында болады.

Бірнеше рет жүргізілген эксгумациялар ғалымдардың таң қалуына қарамастан, киелі Шарбельдің денесі өлгеннен кейінгі ыдырау процесіне ұшырамады, икемді, жұмсақ және жаңа болып қала берді. Дәрігерлер әр жолы оның денесінің бірде-бір бөлігінде шірудің немесе тіндердің ыдырауының іздері табылмады деген қорытындыға келді. Дәрігерлердің бірі оның денесін жамбас аймағында скальпельмен аздап кескен кезде, қатты қан кету пайда болды және оны дереу тоқтату үшін  таңғышты  тартуға тура келді.

Ғалымдарды таң қалдырған тағы бір жұмбақ құбылыс – бұл 67 жыл бойы әулие Шарбельдің денесінен тоқтаусыз сарысу тамшылап тұрды. Әулиенің денесі үнемі “терлеп” тұрған сияқты болды. Сарапшылар марқұм әулие Шарбельдің денесінен шамамен 20 мың литр сұйықтық ағып кеткен деп санады. Бұл белгісіз сұйықтық әртүрлі аурулардан зардап шеккен мыңдаған адамдар үшін емдік бальзамға айналды.                       

Монахтар оның денесін құрғату арқылы сұйықтықтың шығуын тоқтата аламыз деп шешті.  Осы мақсатпен әулиенің денесін күн сәулесіне шығарып қойды, және оған көктемнен бастап күзге дейін төрт ай бойы ыстық жел соғып тұрды. Алайда, бұл ешқандай нәтиже бермеді және денесі “терлеуді” жалғастыра берді.

Монахтар барлық жолмен сұйықтықтың шығуын тоқтатуға тырысты, өйткені ол оларға үнемі қолайсыздық тудырды. Сол себепті, әулие Шарбельдің денесінен барлық ішкі мүшелері алып тасталды. Бірақ ештеңе де көмектеспеді. Барлық манипуляциялардан кейін сұйықтықтың бөлінуі жаңа күшпен жалғаса берді. Әулие монахтың денесінде пайда болған Құдайдың рақымының ағымын адам күш-жігерімен тоқтату мүмкін емес еді.    

Біздің заманымыздың ғажайыптары
Әулие Шарбель табыты шіркеуі

Ливанның әйгілі медицина профессоры Джордж Шукраллах 17 жыл бойы әулие Шарбельдің денесін 34 рет мұқият тексерді. Ол өзінің көп жылдық бақылауының нәтижесін мына сөздермен сипаттады: “Мен әулие монахтың денесін қанша рет зерттеген болсам, әрдайым ол қайтыс болғаннан кейін де тегіс және зиянсыз болып қала беретініне таң қалдым. Мені таңдандырған нәрсе, бұл денеден ағып шыққан сұйықтық. Мен көптеген сапарлар барысында Бейруттың және басқа да еуропалық қалалардың профессорларымен кеңестім, бірақ олардың ешқайсысы бұл құбылысты маған түсіндіре алмады. Бұл шын мәнінде адамзат тарихындағы ерекше нәрсе. Егер дене, мысалы, күніне 3 грамм сұйықтық шығарса және ол одан он есе көп шығарса да – тіпті 66 жыл ішінде оның жалпы салмағы 72 килограммды құрайды, яғни дененің салмағынан әлдеқайда көп. Ғылыми тұрғыдан алғанда, бұл құбылысты анықтау мүмкін емес, өйткені адам денесінде шамамен 5 литр қан мен басқа сұйықтықтар бар. Өз зерттеулерімнің нәтижелерін негізге ала отырып, мен киелі Шарбельдің денесі ыдырауға ұшырамайды және тек Құдайдың араласуының арқасында ғана жұмбақ сұйықтықты шығарады деген қорытындыға келдім”.                            

Әулие Шарбельдің шірімей сақталған мүрдесі арқылы Иса Мәсіх бізге Өзінің өлімді және қайта тірілуді жеңетінінің белгісін көрсетеді.

«Науқастарды сауықтырыңдар, алапестерді тазалаңдар, өлілерді тірілтіңдер, жындарды қуып шығыңдар” (Мф 10,8)» 

Иса Мәсіхтің бұл өсиетін әке Шарбель өзінің бүкіл өмірі бойы орындап, өзінің жердегі өлімінен кейін оны орындауды жалғастыруда. Ливанның түкпір-түкпірінен әке Шарбельдің бейітіне көптеген адамдар келе бастады. Әр түрлі, оның ішінде жазылмайтын аурулардан ғажайып сауығулар пайда болды және жалғасуда. Әулие Шарбельдің ғибадатханасында жүргізіліп жатқан құжаттық жазбаларда өлімнен қайта тірілу жағдайлары да тіркелген.

Біздің заманымыздың ғажайыптары
Луис Матар әке әулие Шарбельдің қорғаушылығының арқасында болған ғажайыптарды тіркеу кітабымен

 2015 жылдың 16 сәуірінде әулие Шарбельдің ғибадатханасына ғибадат сапары кезінде біз пірадармен кездесу туралы келістік және ол бізге ең жаңа ғажайыптар кітабын көрсетті. Ол сондай-ақ бізге жүрек ауруы салдарынан операциялық үстелінде ауыр жағдайда болғаны туралы өз оқиғасын айтып берді. Операция кезінде дәрігерлер оның өлімін тіркеді, бірақ қайтыс болған сәттен бастап 8 сағаттан кейін ол әулие Шарбельдің қорғаушылығының арқасында өмірге қайта оралды.                                                

Луис Матар әке жаңа туған нәрестенің керемет сауығуы туралы айтты. Ол бізге емделуге дейін және кейінгі баланың фотосуреттерін көрсетті. Бұл бала қорқынышты патологиямен дүниеге келген: оның барлық ішкі мүшелері денеден тыс болған екен. Әулие Шарбельге дұға етудің арқасында бұл бала сауығып кетті. Фотосуреттерде бұл ғажайыптың қаншалықты керемет  болғандығы анық көрсетілген.                                                  

Басқа оқиғалардың ішінен мен қайтыс болған сәбидің қайта тірілуі туралы әңгімені таңдадым. Мариам Шамоун өзінің ауру баласымен әулие Шарбельге барған. Жол жүріп келе жатқан кезде бала анасының құшағында көз жұмады. Бақытсыз әйел әулие дәруіштің бейітіне жетіп, қайтыс болған нәрестені  саркофагтың жанына жатқызады. Көзіне жас алып, ол құтқаруды сұрайды. Бұл оқиға әке Илияға қатты әсер етіп, ол әулие Шарбельдің саркофагын ашып, оның қолын сумен жуып, хош иіске арналған қасықпен қайтыс болған сәбидің аузына сол судың бірнеше тамшысын абайлап құяды. Біраз уақыттан кейін бала біркелкі дем ала бастайды. Бұл оқиғаның куәгерлері күтпеген жерден  таңданып сілейіп қалды. Әке Илия баланы қолына алып, анасына береді, ал ол, баланың аш екенін көріп, оны емізе  бастайды. Өмірге қайта оралған бала керемет сау және шынайы католик дініне сенуші адам болып өсті.    

Мыңдаған ғажайып сауығулар арасында

Мариам Зулайн үлкен қызы дүниеге келгеннен кейін жұмбақ аурумен ауырып, нәтижесінде толық түрде сал болып, үнемі ауырып тұрды. Ол үш ай бой ештеңе жей алмай, тек сүт пен басқа да сұйықтықтарды ішті. Бірде оның үйіне мұсылман әйел садақа сұрап келді. Мариам ол адамнан әулие Маронның ғибадатханасында қайтыс болған дәруіштің денесі бар екендігі және оның құтқарушы күші арқылы әрдайым ғажайып нәрселер орын алатыны туралы білді. Содан кейін Мариам бұл жерге баруды шешті. Мариамның күйеуі арба мен қашырды жалға алды, олардың сапары күні бойы созылып, ұзақ жолдан кейін күйеу мен әйел тез арада әулие Шарбельдің бейітіне аттанды. Науқас әйел өз аяғымен үйге оралуы үшін шын жүректен дұға етті. Пірадарлардың бірі әйелдің жігерлі сенімі мен оның сауығып кетуіне деген ниетін көріп, оған: “Құдайға сенім арт, сенімің күшті, бүгін сен айығасың”, – деді. Мариамға әулие Шарбельдің денесінен шыққан сұйықтық пен оның монахтық киімдерін әкелді. Оның денесі сұйықтықпен және киімдермен сүртілді, сол кезден бері Мариам бірден өзін жақсы сезінді: ауырсынбай, сал ауруы төмендей бастады. Соңында әйел өз аяғына тұрып, жүре бастады. Ол толықтай сауығып кетті.  

 Шарбель әке ақымақ па?

Ғибадатхана фермасының жұмысшыларының бірі Таннус Шаде бір кездері қатты ауырып қалды. Жеті жыл бойы ол үнемі тамақ, жамбас және иық ауруларынан зардап шекті. Дәрігерлердің қолдарынан ештеңе келмеді. Бір күні ол ғибадатхананың алдында  Шарбель әкені еске алып, оның қабірінің басында денсаулығы үшін дұға етуге келген ғибадат сапары тобын кездестірді. Таннус оларға күлді: “Бұл неткен ақымақтық! Шарбель әке қай кезден бері қасиетті болып саналады?”. Оған келгендердің бірі: ” Шарбель әкеге дұға етіңіз, ол  сізді де сауықтырады” деп жауап берді, ал ашуланған Таннус: “Мен сауығу үшін бұл ақымаққа дұға етуім керек пе? Мен оның қасиеттілігіне сенбеймін. Мен оған қарағанда есекке дұға етер едім”, – деді. Және ол далаға жұмыс істеуге кетті. Сол күні үйге қайтып келе жатқан кезде, ол жол бойында мойнында таяғы пен орындығы бар монахты көрді. Бір сәтте ол оның алдында тұрған адам марқұм  Шарбель әке екенін түсінді. Ол жымиып: “Бүгін сен мен туралы не айттың?”, – деп сұрады. Таннус дірілдеген дауыспен былай деп жауап берді: “Мен жай ғана қалжыңдадым, әке, өтінемін, мені сауықтыршы!”. Ол  Шарбельге әкеге бас ие отырып, дұға етті: “Әкем менің, өтінемін!”. Сол сәтте ол ең ауырсынған жеріне таяқтын тигенін сезді және “Сонымен,  Шарбель әке ақымақ па?” деген сөздерді естіді. Дәл сол сәтте Таннус Шейд толығымен сауығып,  Шарбель әке із-түссіз жоғалып кетті.

Қасиеттілікке  жол

Әулие Шарбель, яғни Иосиф Антоний Махлуф, 1828 жылы 8 мамырда Ливандағы Бекаа Кафра аймағында дүниеге келген, кедей диқаншылардың отбасындағы ең кіші баласы болған. Оның екі ағасы мен екі әпкесі болды. 1851 жылдың 8 тамызында Иосиф Майфуктегі ғибадатханаға тұрушы ретінде қызметке тұрды, ол жердегі монахтық аты Шарбель болды. Оның анасы Бригида мен екі ағасының Иосифті бейбіт өмірге қайта оралуға шақырғандары нәтижесіз болды. Новициаттың екінші жылының басында ол Аннаедағы ғибадатханаға ауыстырылды, онда 1853 жылдың 1 қарашасында ол алғашқы монахтық анттарды қабылдады. Ол Кфифандағы әулие Киприанның теологиялық академиясында философия мен теологияны зерттей отырып,  діни қызметке дайындалды. Рәсім 1859 жылдың 23 маусымында өтті.    

Біздің заманымыздың ғажайыптары
Әулие Шарбельдің шірімей сақталған мүрдесі жатқан Аннаедағы ғибадатхана

1860 жылы жас дін қызметкер ретінде әке Шарбель мұсылмандар мен друздардың 20 мыңнан астам христиандарға жасаған қорқынышты жазасының куәсі болды. Мұсылман содырлары христиандардың бүкіл отбасыларын аяусыз өлтірді, олардың шіркеулерін, қауымдастықтарын, шаруашылықтарын, үйлерін қиратты, тонады, жойды және өртеп жіберді. Жүздеген босқындар – аштықтан, жараланғаннан, тағы да орын алуы мүмкін жағдайлардан қорқып, Аннаедағы ғибадаханадан пана іздеді. Әке Шарбель бұл адамдарға шын жүректен көмектесіп, дұға етті,  пост ұстады, әр түрлі анттарды қабылдады, айналасындағы қылмыстардың өтелуі үшін өзі Құдайға құрбан болды және қудалаушылар мен қудаланғандар үшін Құдайдың мейірімін сұрады.                                 

Егер адам Христоста және қасиетті өсиеттермен толық өмір сүрсе, егер ол күн сайын Евангелиені ойланып оқыса, онда ол Құдайдың және оның сүйіспеншілігінің тірі белгісі болады. Сонда Құдайдың өзі ол арқылы әрекет етеді, жамандықты жақсылықпен, өтірікті ақиқатпен, жек көрушілікті махаббатпен жеңеді. Міне, жамандықпен күрестің жалғыз тиімді жолы. Дәл осындай жолмен  Шарбель әке әлемнің жамандығын жеңді. Ол әлемді өзгертудің ең жақсы тәсілі – бұл ең алдымен, адамның өзінің ішкі тыныштықты табу, сүйіспеншілікке жету, яғни, өз өмірінде Құдайдың еркін орындау екенін нақты білген. Саналы түрде киелілікке ұмтылған адам ғана осы әлемді жақсарта алады.                                       

1875 жылдың 15 ақпанында, Аннае монах қауымдастығында 17 жыл өмір сүргеннен кейін, Шарбель әке әулие Петр мен Павел ғибадатханасына көшуге рұқсат алды, онда, толық үнсіздікпен, дұға ету, жұмыс істеу және одан да қатал аскеза арқылы Христоспен толықтай бірігу үшін барды. Бұл дүниеден тыс скит теңіз деңгейінен 1350 метр биік тауда орналасқан және онда тек үш монах өмір сүрді. Шарбель әкенің кельесі 6 шаршы метр болды, киімнің астында ол үнемі қыл тағып жүріп, дәруіш ең қарапайым тағамды етсіз және күніне бір-ақ рет жейтін. “Менің Құдайым, менің жүрегім Сенікі”,” Құдай – менің махаббатым, және бұл жеткілікті”, “Дене есек сияқты – егер сіз оның барлық ниетін қанағаттандыратын болсаңыз, ол бағынбайтын болады, ал егер оны аштықта ұстасаңыз, бағынады” деп ол Құдайдың еркіне толығымен берілген. 

Оның жүрегінде Құдайдың сүйіспеншілігінің  оты жанып тұрды

Әулие Шарбель Исаның ізімен жүрді және Оның барлық жақсы қасиеттерін: мойынсұну, аскеза, кішіпейілділік пен сүйіспеншілікті қолдануға тырысты. Оның ғибадатханадағы күнделікті өмірі дұға және даладағы ауыр жұмысқа толы болды. Күніне 10 сағат бойы ол ең ауыр жұмысты орындады: тастарды жинап, шығарды, үй жануарларының көмегінсіз қатты тасты топырақты жыртып, жүзімдікті өсірді.                                                                   

Оған ең үлкен қуанышты әкелетін Қасиетті Месса рәсімі мен Қасиетті сыйлар алдындағы дұға ету болды. Ол бүкіл өмірін Құдайдың сүйіспеншілігіне арнады. Тек Құдайға деген сүйіспеншілік арқылы оның аскеттік ерліктері мен өмірдің барлық ыңғайлылығынан айырылған әдет-ғұрыптарын түсіндіруге болады. Иса Мәсіх әулие Шарбель үшін өзінің ең басты Тәлімгері мен Ұстазы, асыл қазынасы болды, Оған тиесілі болу үшін ол барлық нәрседен бас тартқан еді.                                           

Ол үлкен ыждаһаттылықпен Қасиетті Еухаристияны қызмет етті. Оның мінез-құлқына қарап, оның Сыйларда шын мәнінде қатысып отырған Иса Мәсіхті көретіндігі айқын болды. Қасиетті Месса рәсімі кезінде ол Иса Мәсіхтің қайғысына, өліміне және қайта тірілуіне қатысушы болатынына үлкен құрметпен және санасымен дұға етті. Нан мен шарап туралы айтқан сөздерден кейін ол Мәсіхтің Денесі мен Қанына таңданыспен және сүйіспеншілікпен қарады.

Жексенбі және мереке күндері ол таңғы сағат 10-да, ал басқа күндері таң атқан кезде Мессаға қызмет еткен. Оның қызметтеріне әрдайым сенімділердің үлкен тобы қатысты. Мессадан кейін ол ұзақ уақыт алғыс дұғасында тізе бүккен болатын.

Біздің заманымыздың ғажайыптары
Аннаедағы ғибадатханаға кірер кездегі әулие Шарбельдің мүсіні

Әулие Шарбель күнәні және оған әкелетін нәрсені жек көрді. Әр кеш сайын ол ар-ождан сынағын жасап, аптасына бір рет күнәға өкіну құпиясын қабылдады. Басқа адамдарды ол тек қана ғибадатхана басшысының рақымы мен рұқсаты бойынша күнәсына өкіну құпиясынан өткізді. Ол күнәкарларға мұқият қарады және әрқайсысының Құдайға бағышталуы үшін шын жүректен дұға етті.  Шарбель әке үнемі қатаң ақыл берді, шайтанның  азғыруларынан сақтады және қатал епитимьяларды тағайындады. Қажет болған кезде, Шарбель әке монахтарды,пірадарлар мен дүнияуи жандарды өзінің скитында күнәларды мойындау құпиясынан өткізген.

Уақыт өте келе ғибадатхана басшысы Шарбель әкені науқастардың көңілін сұрауға жіберді. Иеміз Иса оған қызмет ету арқылы адамдардың жандарын ғана емес, сондай-ақ емделмейтін науқастар мен өлетін адамдардың дене ауруларын да сауықтырды. Әулие Шарбель көктегі Әкенің еркіне деген шексіз  сенім үмітінің жүзеге асуы болды. Оған науқастың туыстары немесе достары келіп, ол үшін дұға етуді өтінген кезде, олар: “Науқас сауығып кетті. Ол үшін дүға ет”, – деген жауап естіді.

Әулие адамдарды үнемі дұға етуге шақырды, ол сондай-ақ келушілермен бірге дұға етіп, Құдайдың еркіне толық сенім артуға және оны қабылдауға шақырды. “Шыдамды болыңыз және Оның қасиетті еркіне бағыныңыз”, – деді ол. “Иеміз Құдай біздің өзгеруіміз үшін қажеттінің бәрін береді. Оған арқа сүйеңіз”.

Сенің қасиетті болуына не кедергі?

Демалыс күндері мен мереке күндері  Шарбель әке  жүргізген Месса рәсіміне көптеген діндарлар топтары жиналатын болған. Оларға қатысқандардың барлығы терең рухани көтеруді бастан кешкен, ал Құдайға құлшылық ету аяқталғаннан кейін ғибадатханадан ұзақ уақыт кете алмаған.                                           

Бір күні бір әйел қасиетті Месса рәсімі басталуына дейін қолын сүйіп алу үшін  Шарбель әкені көргісі келді, бірақ ол одан батыл түрде бас тартты және жабық есіктің артында былай деді: “Мессаға қатысыңыз, сонда сіздің аузыңыз мен жүрегіңіз Құдайдың Ұлына тиеді. Бұл жеткілікті. Сіздің жүрегіңізде Құдайдың Ұлы болған кезде, менің қолымды сүюдің қажеті жоқ”.

Дұға етіп, рақым сұрап келген адамдарға ол: “Құдайдан сенімдеріңе сай берулерін сұраңыз” деп жауап берді.  Егер біреу оны әулие деп атаса, ол “Мен үлкен күнәкармын” деп жауап беретін еді.

Әулие Шарбель ешқашан шағымданбайтын, әрдайым көтеріңкі көңіл-күйде, қуанышты және бақытты болды. Кез келген жағдайда әулие Шарбель “осы әлемнің заттары туралы алаңдамаңыз, бірақ мәңгілік өмір мен қорқынышты сот туралы ойланыңыз. Себебі бізді сотқа тартатын Құдай бәрін біледі, оған оны еске түсірудің қажеті жоқ” – деді. Әулие Шарбель Құдайға сенді және оған барлығы үшін ризашылығын білдірді. Ол былай деді: “Құдай бұған қамқор болады. Бұл Құдайдың қалауы. Бұл Оның қалауымен болсын”.

Ол барлық істегенін үнемі қуанышпен жасайтын еді. Әулие Шарбель өзін барлық адамдардың қызметшісі деп санайтын және бір нәрсе сұраған адамдарға әрдайым риясыз қызмет ететін.

Біздің заманымыздың ғажайыптары
Әлие Шарбельдің Аннаедағы мүсіні

Ол былай деді: “Осы әлемнің заттары туралы алаңдамаңыз, бірақ мәңгілік өмір мен қорқынышты сот туралы ойлаңыз. Өйткені, бізді сотқа тартатын Құдай бәрін біледі, оған еске түсіруді қажет етпейді”.

Ол сондай-ақ барлық күнәһарлардың Құдайға бет бұруы үшін, тозақ пен жұмақ зардап шегетін жандар үшін,  әсіресе дұға етуге ешкімі жоқ адамдар үшін дұға етті.

Дұға сұраған адамдарға ол: “Мен күнәһармын. Қасиетті адамдардың шапағаты арқылы сұрағанның бәрін аласын “Мен-барлық күнәһарлардың соңғысымын”; “Сен де дұға ет, менімен сенің айырмашылығың қандай? Құдай Иеміз сені де, мені де естиді” дейтін.

Бір күні, біреу оны тағы бір рет әулие деп атаған кезде, оның бүкіл денесі дірілдеп, басын шайқап, қабағы түйіліп былай деді: “Біз екеуміз бірдейміз, саған қасиетті болуға не кедергі?”; “Қасиетті адамдардың дұғалары сіздермен бірге, әрқашан Құдайға сенім артыңыздар, сонда Ол сіздерді қорғайды”.

Әулие Шарбель біз үшін өзгеруге шақыратын белгі болып табылады. Ол бізге әрбір адамға бақыт үшін Иса Мәсіхке енген махаббат қажет екенін көрсетеді. Әулие дәруіш бізді күн сайын аспандағы мәңгілік бақытқа батыл және ымырасыз қадам жасауға шақырады. Сонда Иса Мәсіхтің бізге берген бір ғана жолы бар: “Кім менің артымда жүргісі келсе, өзіңнен бас тартып, крестін алып, Маған еріп жүр. Кім өз жанын сақтағысы келсе, оны жоғалтады, ал Мен және Евангелие үшін өз жанын жоғалтқан адам оны сақтайды” (Мк 8,34-35). Киелі Шарбельдің үлгісі бойынша, біз  күнәдан бас тарту, иемденбеу жолымен қуанышпен жүреміз, Исаға толық қосылу үшін үнемі дұға ету, уағыз, Еухаристия, сондай – ақ жақынға құрбандық махаббат арқылы Исамен бірге болып, күнәдан бас тарту, тоқтату жолында қуанышпен жүріп келеміз.

Әулие Шарбельге дұға ету

Әулие  Шарбель әке, Сіз әлемдегі лязаттан бас тартып, ғибадатханадағы жалғыз қарапайым өмірді таңдадыңыз, енді Аспанның ұлылығындасыз. Біз үшін дүға етіңіз! Біздің ақылымыз бен жан дүниемізді жарықтандырыңыз, сеніміміз бен еркімізді нығайтыңыз. Біздің Құдайға және жақынымызға деген сүйіспеншілігімізді тұтандырыңыз. Жамандықтан аулақ болуға және   жақсылықты таңдауға, көрінетін және көрінбейтін жаулардан қорғауға және біздің күнделікті өмірімізде қолдау көрсетуге көмектесіңіз. Көптеген адамдар сіздің шапағаттарыңызға сәйкес, Құдайдың жаны мен денесін емдейтін, сондай-ақ адамзаттың үмітсіз мәселелерін шешетін сыйға ие болды. Ал егер ол Құдайдың еркімен келіссе, біз үшін Құдайдың рақымын сұраңыз. Бірақ, ең алдымен, бізге күн сайын мәңгілік өмірге апаратын қасиетті жолымен жүруге көмектесіңіз. Әмин.

Сондай-ақ, әулие Шарбельге новенна арқылы дұға етуге болады.

 Мечислав Петровский әке Schr  

 Дереккөзі: Знак присутствия Бога. Любите друг друга! 2016, №2(20), – 20-27 б.

Католическая информационная служба Центральной Азии

Егер  сізге бұл мақала ұнаған болса, әлеуметтік желілерде немесе  мессенджерлерде  сілтемемен бөлісу арқылы достарыңызға ұсыныңыз:

Facebook
VK
OK
WhatsApp
Басып шығару

Жаңа материалдар,видео және трансляцияларды жіберіп алмас үшін,бізге YouTube, VKFacebook немесе  Instagram, желілерінде жазылыңыз.

Scroll to Top