Кедейлердің 9-шы дүниежүзілік күніне орай 14-ші Леон Папаның хаты

Әдетті кезеңдегі 33-ші жексенбі күні, 2025 жылғы 16 қараша
Всемирный день бедных

1. «Жаратушы Тәңір Ием, үмітім Сенсің» (Забур 71:5). Бұл сөздер ауыр сынақтарға душар болған жүректен шығып жатыр. «Көп ауыр азаптар жібердің маған» (Забур 71:20) – дейді Забур жыры айтушы. Сонымен бірге оның жүрегі ашық және сенімді болып қалады; сенімде берік ол Жаратқан Иеге «Бола гөр лайым бас сауғалар панам, құздай қорғаным!» деп атайтын Құдайдың қолдауын мойындайды (Забур 71:3). Құдайға деген үміт ешқашан көңілімізді қалдырмайды деген тұрақты сенімі осыдан: «Өзіңді паналаймын, уа, Жаратқан, ұятқа қалдырмашы мені ешқашан» (Забур 70:1).

Өмір сынақтарының кезінде үмітіміз жүрегімізге Киелі Рухтың құйылған Құдайдың сүйіспеншілігіне деген берік және жұбаныш сезімімен рухтандырылады. Бұл үміт алдамшы қиял емес (Римдіктерге арналған хат 5:5). Сондықтан әулие Пауыл Тімотеге арналған хатында былай деп жазған болуы мүмкін: «Біз мәңгі тірі Құдайға сенімімізді арттық. Сол себептен жан сала еңбек етіп қорлыққа төзудеміз» (Тімотеге арналған 1-ші хат 4:10). Мәңгі тірі Құдай – «үмітіміздің Бастауы» (Римдіктерге арналған хат 15:13). Иса Өзінің өлімімен және қайта тірілуімен Өзі «үмітіміздің Бастауына» айналды (Тімотеге арналған 1-ші хат 1:1). Осы үмітпен құтқарылғанымызды ешқашан ұмытпай, соған терең тамыр жаюымыз керек.

2. Кедейлер белгісіздік, кедейлік, тұрақсыздық және маргиналдану жағдайында оны жүзеге асырғандықтан, күшті және берік үміттің үлгісі бола алады. Кедейлер өздерінің жағдайы мен мүлкінің қауіпсіздігіне сене алмайды. Керісінше, кедейлер солардың билігінде болып, құрбанға жиі айналады. Үмітті басқа нәрседен іздеуге тура келеді. Құдай шынайы мен жалғыз үмітіміз екенін мойындай отырып, біз де өткінші күтулерден жалғыз сенімді және мәңгілік үмітке көшеміз. Өмір жолында Құдайдың бізбен бірге болуын қалай бастасақ, дүние-байлық салыстырмалы болады, өйткені өзіміз мұқтаж болған шынайы қазынаны ашамыз. Иеміз Исаның Өз шәкірттеріне айтқан мына сөздері әлі де сенімді әрі айқын: «Жер бетінде өздеріңе дүние-байлық жинамаңдар! Оларды күйе жеп, тот басады немесе ұры бұзып кіріп, ұрлап кетеді. Қайта, өздеріңе байлықты көкте жинаңдар! Сол жерде оны не күйе жемейді, не тот та баспайды, ұры да бұзып кіріп, ұрлап кетпейді» (Матай жазған Інжіл 6:19-20).

3. Кедейліктің ең ауыр түрі – Құдайды танымаушылық. Франсис Папа «Evangelii Gaudium» (яғни «Қазіргі әлемдегі Інжілді жариялау туралы») атты апостолдық өсиетінде былай деп жазған: «Кедейлер зардап шегетін кемсітушіліктің ең ауыр түрі – кедейлерге рухани қамқорлық жасамау. Кедейлердің басым көпшілігі шынайы жүрегімен діни наным-сенімге ашық. Кедейлер Құдайға мұқтаж екен, сол себептен біз оларға Құдайдың достығын, рақымын, сөзін, қасиетті рәсімдерін орындауды және рухани өсіп кемелдену жолын ұсыну мүмкіндігін жіберіп алмауымыз керек». Мұнда біз Құдай түріндегі марапатымызды қалай таба алатынымыздың негізгі де іргелі түсіндірмесін көреміз. Әулие Жохан Елші айтқандай: «Біреу “Құдайды сүйемін” дей тұра, бауырын жек көрсе, оның өтірікші болғаны. Себебі көз алдындағы бауырын сүймейтін кісі көзге көрінбейтін Құдайды қалай сүйе алады?» (Жохан Елшінің 1-ші хаты 4:20).

Наным-сеніміздің ережесі де, үмітіміздің сыры да осы! Өйткені, барлық дүние-игіліктер мен байлық, дүние-ләззат, экономикалық әл-ауқат (тіпті солардың ең маңыздылары да) жүрегімізге шынайы бақыт сыйлай алмайды. Дүние-байлық көбінесе көңіл қалдырады, сонымен қатар кедейлікке әкелуі мүмкін. Яғни дүние-байлық, ең алдымен, өзінің Құдайға деген қажеттілігін түсінбеуден және Құдайды жоққа шығарумен өмір сүруден туындаған рухани кедейлікке әкелуі мүмкін. Әулие Ағұстиннің мына бір сөзі еске түседі: «Барлық үміттеріңді Құдайға артыңдар. Құдайға деген қажеттіліктеріңді мойындасаңдар, сонда Ол оны өтейді. Құдайсыз бар дүние-мүлкің сендерді одан сайын бақытсыз ете түседі» (85-ші Забур жырының 3-ші аятының тәпсірі).

4. Құдайдың сөзі бізге мәсіхшілік үміт өмір жолының әр кезеңінде сенімділік екенін айтады, өйткені ол біздің адами күшімізге емес, әрқашан адал болатын Құдайдың уәделеріне байланысты. Сондықтан мәсіхшілер әу бастан-ақ үмітті тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін зәкір символымен теңестірді. Мәсіхшілік үміт зәкірге ұқсайды, ол бізді Өзінің өлімімен және қайта тірілуімен құтқарған және қайтадан келетін Иеміз Исаның уәдесінде жүрегімізді нығайтады. Осы үміт бізге «жаңа аспан мен жаңа жерді» біздің тіршілігіміздің шынайы көкжиегі ретінде көрсетуді жалғастыруда (Петір Елшінің 2-ші хаты 3:13), онда әрбір өмір өзінің шынайы мәнін табады, өйткені біздің шынайы отанымыз – аспанда (Філіпіліктерге арналған хат 3:20).

Сондықтан Аспандағы Құдайдың Шаһары бізді бұ дүниедегі қалаларды жақсартуға итермелейді. Жер бетіндегі қалаларымыз Құдайдың Шаһарына ұқсай бастауы керек.

Жүрегімізге Киелі Рух арқылы құйылған Құдайдың сүйіспеншілігімен қолдау тапқан үміт адам жүрегін «құнарлы топыраққа» айналдырады, онда әлем өміріне деген сүйіспеншілік гүлдене алады (Римдіктерге арналған хат 5:5). Кілесенің дәстүрі үш діни пәділетті, яғни сенім, үміт және сүйіспеншілік арасындағы байланысты үнемі атап өтеді. Үміт сенімнен шығып пайда болады. Сенім сүйіспеншілік – барлық пәділеттердің бастауы – көмегімен үмітті нығайтып қолдайды. Бәрімізге дәл қазір, арамыздағы сүйіспеншілік керек. Сүйіспеншілік тек уәде ғана емес. Сүйіспеншілік – қуаныш пен жауапкершілікпен қабылдануы керек шындық. Сүйіспеншілік бізді әрекет етуге шақырып, шешімдерімізді ортақ игілікке бағыттайды. Керісінше, сүйіспеншіліктен жұрдай жандар тек сенім мен үміттен айырылып қана қоймай, өз жақындарының да үмітін жоғалтуына себеп болады.

5. Сөйтіп, Киелі Кітаптағы үмітке шақыру әлеміміздің тағдыры үшін жауапкершілікті еш күмәнсіз өз мойнымызға алу міндетін білдіреді. Шын мәнінде, мейірімділік – «ең ұлы әлеуметтік өсиет» болып табылады (Католик Кілесенің Катехизисі, 1889).

Кедейліктің құрылымдық кемшіліктерден туындайтын себептері бар. Бұл кемшіліктер мұқият қарастырылып, жойылуы керек. Сонымен қатар, әрқайсымыз мәсіхшілік мейірімділіктің куәсі ретінде жаңа үміт белгілерін ұсынуға шақырылғанбыз. Ғасырлар бойы көптеген әулие кісілер осылай жасатын.

Мысалы, ауруханалар мен мектептер ең дәрменсіз және қараусыз қалған адамдарға көмек көрсету үшін құрылған мекемелер болатын. Бұл мекемелер әр елдің мемлекеттік саясатының ажырамас бөлігі болуы тиіс. Алайда соғыстар мен әлеуметтік теңсіздік бұған жиі кедергі келтіреді. Бүгінде үміт нышандарын қарттар үйлерінен, жасөспірімдерге арналған баспаналардан, психологиялық қолдау орталықтарынан, тегін асханалардан, баспанасыздарға арналған пана орындарынан және аз қамтылған отбасы балаларына арналған мектептерден жиі байқауға болады. Осындай көзге көп түсе бермейтін үміт белгілері қаншама байқаусыз қалып жатыр! Дегенмен, олардың барлығы өзіміздің әлеуметтік немқұрайлылығымызбен күресуге, әрі басқаларды еріктілік жұмыстың түрлі формаларына қатысуға шабыттандыруға бағытталған.

Кедейлер Кілесе үшін «масыл жүк» емес. Кедейлер – біздің сүйікті бауырластарымыз екен, өйткені солар өмірімен, сөзімен және даналығымен бізге Інжілден шыққан ақиқатты көрсетеді. Кедейлердің дүниежүзілік күні біздің жамағаттарымызға кедейлердің барлық рухани қызметіміздің орталығында болуға құқығы бар екенін еске салуға арналған. Бұл тек Кілесенің қайырымдылық қызметіне ғана қатысты емес, Кілесе арқылы мадақтайтын және жариялайтын қағидаға қатысты нәрсе. Құдай әрбір кедейдің дауысы, өмір тарихы мен бетәлпеті арқылы бізді байыту үшін олардың кедейлігін өз мойнына алды. Кедейліктің әрбір түрі бізді нағыз Інжілмен және үміттің шынайы белгілерімен танысуға шақырады.

6. Міне, Торқалы жыл арқылы бізге жолданған шақыру – осы! Кедейлердің дүниежүзілік күнінің биылғы мерейтой соңында аталып өтуі бекер емес. Қасиетті Қақпалар жабылғаннан кейін, біз осы жыл бойы көпшілік адамдардың дұғасы, наным-сенімге келтіруі мен куә болушылығы арқылы алынған басқа да рухани сыйлықтарды сақтап, бөлісуіміз керек. Кедейлер – біздің рухани қамқорлығының құр нысаналары емес, қазіргі заманда бізді Інжілге бағынып өмір сүрудің жаңа тәсілдерін іздеуге шақыратын шығармашыл тұлғалар екен. Кедейленудің жаңа түрлерімен бетпе-бет келгенде, жүрегімізді қатайтып, берілу қаупі бар. Күн сайын кедей-кепшікке, жоқ-жітікке тап боламыз. Өзіміз кедей болып, бір кездері сенімді болып көрінген нәрселерден: үйден, күнделікті тамақтан, денсаулық сақтау мен жақсы білімнен, ақпараттан, діни бостандық пен сөз бостандығынан айырылып қалуымыз мүмкін.

Ортақ игілікке қызмет еткенімізде әлеуметтік жауапкершілігіміз әр адамға дүниеигіліктерді пайдалану құқығын беретін Құдайдың шығармашылық актісі боп табылады. Адам еңбегінің жемісі, дүние-игіліктер сияқты, барлық адамдарға бірдей қолжетімді болуы керек. Кедейлерге көмек көрсету – бұл ең алдымен мейірімділік емес, әділеттілік мәселесі. Әулие Ағұстин атап өткендей: «Аштарға нанды садақаға бересіңдер, бірақ сендердің аштарға нан берулеріңе тура келмеуі үшін ешкімнің аш қалмағаны абзал. Жалаңаштарды киіндіресіңдер, бірақ бұл кемшіліктің орнын толтырудың қажеті болмас үшін бәрінің де киінгені абзал еді» (Жохан Елшінің 1-ші хатының 8-ші тарауының 5-ші аятының тәпсірі).

Сонымен, биылғы Торқалы жыл кедейліктің ескі де жаңа түрлерімен күресу саясатын әзірлеуге, сондай-ақ ең кедей адамдарға қолдау және көмек көрсету бойынша жаңа бастамаларды іске асыруға ықпал етеді деп үміттенемін.

Еңбек, білім алу, тұрғын үй және денсаулық сақтау – бұл адам қауіпсіздігінің негіздері, оларға ешқашан қарудың көмегімен қол жеткізу мүмкін емес. Мен ізгі ниетті көптеген ерлер мен әйелдердің халықаралық деңгейде күн сайын қолға алып жатқан барлық бастамалары мен күш-жігерлері үшін ризашылығымды білдіремін.

Қасірет шегушілерге жұбаныш беретін Әулие Мәриям Бикешке сенім артып, онымен бірге «Уа, Құдай, мадақтаймыз Сені» деп дұғасының сөздерімен үміт жырын шырқайық: «Уа, Жаратқан, үміт артам Саған, ұятқа мені қалдырма ешқашан».

Ватикан шаһары, 2025 жылғы 13 маусым,
Кедейлердің саруары Падуалық Әулие Антон күні

XIV-ші ЛЕОН ПАПА

Католическая информационная служба Центральной Азии

Егер  сізге бұл мақала ұнаған болса, әлеуметтік желілерде немесе  мессенджерлерде  сілтемемен бөлісу арқылы достарыңызға ұсыныңыз:

Facebook
VK
OK
WhatsApp
Басып шығару

Жаңа материалдар,видео және трансляцияларды жіберіп алмас үшін,бізге YouTube, VKFacebook немесе  Instagram, желілерінде жазылыңыз.

Scroll to Top