АУҒАНСТАНДАҒЫ ХРИСТИАНДАР ТУРАЛЫ 10 ДЕРЕК

Бұл елде сен католик болғаның үшін ғана өлтірілуің мүмкін
Христиане в Афганистане

2021 жылдың тамызында «Талибан» Террористік қозғалысының содырлары Ауғанстанның бүкіл аумағын бақылауға алды. Билікті басып алған соң, тәліптер  бұл  елді  шариғат заңдарымен өмір сүретін ислам эмиратына айналдыруға ниетті екендерін мәлімдеді. Көптеген елдер өздерінің елшіліктері мен азаматтарын эвакуациялады, бірақ олардан басқа, соңғы 20 жыл ішінде батыс ұйымдарымен ынтымақтастықта болғандардың көпшілігі елден кетуге тырысуда. Сарапшылар ел өмірінің барлық салаларында нашарлауды болжайды,  әсіресе әйелдер мен мұсылман емес сенушілер  үшін ауыр зардаптар болуы мүмкін, олардың ішінде бұдан ертерек те ең көп зардап шеккен христиандар бар.

Осы елде тұратын Мәсіхке сенушілер туралы не білуіміз керек:

1. Түрлі зерттеулерге сәйкес, осы уақытқа дейін Ауғанстанда шамамен 30 мың христиан өмір сүрген, олар осы ел халқының 0,1% – дан азын құрады. Ауған христиандарының көпшілігі елде тұрақты тұратын шетелдіктер. Ең үлкен конфессия-протестантизм. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, 200-ге жуық католик бар (басқа елдерден келген әскерилерді есептемегенде).

2. Конституция бойынша Ауғанстан ислам республикасы болып табылады. Исламнан басқа кез-келген сенімге жол берілмейді және қудаланады. Ресми түрде, бұл мұсылман мемлекетінде жергілікті халықтан келген христиандар жоқ*, тек халықаралық әскерилер, дипломатиялық және коммерциялық емес ұйымдардың мүшелері бар. Исламнан басқа дінге көшу опасыздық ретінде қарастырылады,тіпті өлім жазасына кесіледі. Сондықтан жергілікті ауғандық христиандардың санын нақты білу мүмкін емес, өйткені олар қудалау қорқынышынан жасырынуға мәжбүр және өздерінің сенімдерін іс жүзінде көрсете алмайды (кейбір дереккөздер бойынша шығу тегі мұсылман боп табылатын жасырын түрдегі христиандардың санын шамамен 8 мың адам құрайды).

3. «Open Doors» халықаралық қайырымдылық христиан ұйымының 2020 жылғы зерттеу нәтижелері бойынша Ауғанстан христиан болу қиынға соғатын елдер ішінде әлемде 2-ші орында (Солтүстік Кореядан кейін). Христиандар қысым мен кемсітушілікке ұшырайды. Мәсіхке сенетін және тіпті христиан дініне қызығушылық танытатын адамдар жұмыстан шығарылуы, мүліктен айырылуы, түрмеге немесе психиатриялық ауруханаға түсуі, азапталуы және тіпті өлтірілуі мүмкін. Шетелдік ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын христиандарға шабуыл жасау, адам ұрлау және өлтіру оқиғалары тіркелген.

4. Ауғанстандағы христиан дінінің ежелгі тарихы бар. Апостолдардың істері бойынша (2:9), Киелі кітапта Парфия империясынан келген этникалық еврейлер мен иудаизмге бет бұрғандар (Батыс Ауғанстанның бір бөлігін қосқанда) Елуінші күн мейрамына қатысқан. Евсевийдің шежіресі бойынша Парфияға Апостолдар Фома пен Варфоломей  тағайындалды. Фоманың апокрифтік Інжіліне және басқа да ежелгі құжаттарға сүйенсек, Әулие Фома бүгінде Солтүстік Ауғанстан болып табылатын Бактрияда уағыздаған және тіпті сол жерде жергілікті билеушіні дінге бет бұрғызған дейді.  Әулие Фоманы Ауғанстанның жебеушісі деп атайды.

5. Христиан дінін әрдайым әр түрлі уақытта индуизм, буддизм және орта ғасырлардан бастап ислам басым болған аймақтағы азшылық өкілдері ұстанған. 1581 жылы иезуиттер Ұлы Моғол әулетінің үшінші императоры Ұлы Акбар I-мен кездесуге келгенде, олар өздерінің негізін қалаушы Апостол Фома деп санайтын кішкентай христиан қауымдастықтарымен таныс болды. Бұл ислам билеушісі көптеген реформалар жүргізді, басқа діндерге қызығушылық танытты және олардың еркін түрде өз діндерін дәріптеуге (соның ішінде Гоадағы христиан шіркеулерінің құрылысына) рұқсат берді. Бірақ миссионерлер елде ұзаққа тұрақтамады.

6. XVII ғасырда аймақта сауданы дамытқан армян саудагерлерінің арқасында Армян Апостолдық Шіркеуінің қауымы үшін Кабулда ғибадатхана салуға қол жеткізілді. Бірақ ол XIX ғасырда жойылды. Кейінірек мұсылман радикалдары христиандардың жаңа қауымдастықтарының пайда болуына жол бермеді.

7. Христиандардың болуы ХХ ғасырда елге батыс елдерінен дипломаттар мен техникалық мамандар келе бастаған кезде қайта басталды. 1919 жылы Италия Ауғанстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы ел болды. Осы дипломатиялық әрекеті үшін алғыс ретінде Ауғанстан үкіметі сол кезде ел астанасында тұрып, жұмыс істеген шетелдіктерге шағын шіркеу салуға рұқсат берді. Католик кішкене шіркеуі 1933 жылы Италия елшілігінің аумағында салынды және бүгінгі күнге дейін елдегі жалғыз ресми түрде танылған христиан шіркеуі болып табылады.

8. 1928 жылы Рим Папасы Пий XI ауғандық үкіметтен Ауған аумағында католик діни қызметкеріне шетелдік католиктер арасында қасиеткер қамқорлығы қызметін атқару үшін рұқсат алды. 1932 жылы католиктерге  қамқорлық варнавиттердің монахтық орденіндегі монахтарға тапсырылды (Әулие Павелдің тұрақты клириктері). 1955 жылдан бастап Ауғанстанда Исаның Кіші әпкелерінің монахтық қауымынан монах әйелдер жұмыс істей бастады. 16 мамыр 2002 жылы, АҚШ  11 қыркүйектегі қайғылы оқиғадан соң  елге шабуыл жасағаннан және Талибан құлатылғаннан кейін бірнеше ай өткен соң, Рим Папасы Иоанн Павел II Ауғанстанда тұратын католиктер арасында жұмыс істеу үшін Sui iuris католиктік миссиясын құрды. Кейінірек Ауғанстанға «Қайырымдылық миссионерлері»қауымынан (Тереза ана негізін қалаған) монахтар келді. Сондай-ақ, елде босқындарға қызмет етуші  иезуиттер, итальяндық Каритас бөлімі, «Кабул балалары үшін» ұйымы жұмыс істеді. Олардың денсаулық сақтау және білім беру саласындағы жобалары елді қалпына келтіру мен дамытуға және мұқтаж адамдарға қызмет етуге бағытталған.

9. 2017 жылы Джованни Скалезе әке, Кабулдағы Құдайдың Көрегендігінің Құдай Анасы кіші шіркеуінің капелланы Ауғанстанды Фатималық Құдай Анасына және оның Бейкүнә  Жүрегіне арнау әрекетін жасады.

10. 2 * тармақ бойынша жалғыз ерекшелік және ресми түрде танылған ауғандық христиан азаматы Рула Гани, Ауғанстанның бұрынғы президенті Ашраф Гани Ахмадзайдың әйелі болды. Ол Ливанда марониттік христиандар отбасында туып өскен. Күйеуінің билігі кезінде (2014 ж.Қыркүйек-2021 ж. тамыз) ол әйелдердің құқығын белсенді қорғады және оларды кеңейту үшін күресті. 2015 жылы «Time»журналы Рула Ганиді әлемдегі ең ықпалды 100 адамның тізіміне енгізді. Талибан Кабулды алғаннан кейін ол отбасымен бірге елден кетті.

Енді біз Ауғанстандағы христиандар өмір сүрген және өмір сүретін қиын және қауіпті жағдайлар туралы көбірек білеміз, Құдайға жүгінейік,  Оған сенім артатындарды қорғауын, және елде бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнатуға ықпал ете алатындардың барлығына даналық беруін сұрайық.

«Біз не болатынын күтіп жүретін, үлкен қорқыныш күндерде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан мен сіздерден біздің еліміз үшін дұға етуді, дұға етуді және дұға етуді сұраймын», — деді Ауғанстандағы Sui iuris католиктік миссиясының жетекшісі Джованни Скалезе әке. Рим Папасы Франциск те 15 Тамызда жексенбілік дұға кезінде барлық сенушілерді осыған шақырды.

Қазақстанның Католиктік ақпарат қызметі
Аударған: Раушан Таупикова

Егер  сізге бұл мақала ұнаған болса, әлеуметтік желілерде немесе  мессенджерлерде  сілтемемен бөлісу арқылы достарыңызға ұсыныңыз:

Share on facebook
Facebook
Share on vk
VK
Share on odnoklassniki
OK
Share on whatsapp
WhatsApp
Share on print
Басып шығару

Жаңа материалдар,видео және трансляцияларды жіберіп алмас үшін,бізге YouTube, VKFacebook немесе  Instagram, желілерінде жазылыңыз.

Scroll to Top