ОРТА АЗИЯ КАТОЛИКТІК ЕПИСКОПТАРЫ ЖАҢА КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ

Орталық Азия Католиктік Епископтарының Конференциясы құрылды: бірінші отырысқа 10 елдің епископтары қатысады.
Первое заседание новой Конференции католических епископов Центральной Азии

2022 жылдың 27 сәуірі мен 29 сәуірі аралығында Қазақстанда тарихи оқиға өтеді: Орталық Азия Католиктік Епископтары Конференциясының бірінші кездесуін (пленарлық отырысын) өткізу үшін 10 елдің атынан оннан астам католиктік епископтар мен апостолдық администраторлар жиналады ( Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан және Моңғолия). Бұл Халықтар арасында Евангелиені тарату Апостолдық Тағы Конгрегациясы(Ватикан) жүргізген әкімшілік реформаға (2021 жылғы 8 қыркүйектегі Декрет) байланысты. Жаңа халықаралық епископтық конференция Орталық Азияның бірнеше аймақтарындағы католиктерді біріктіреді және олардың атынан пасторлық міндеттерді орындайды.

Бұл кездесуге қатысатындар: архиепископ Фрэнсис Ассизи Чулликатт (Қазақстандағы апостолдық нунций), архиепископ Альфред Ксереб (Оңтүстік Кореядағы апостолдық нунций), епископ Джорджио Маренго, IMC (Улан-Батор апостолдық префекті), епископ Владимир Фекете, S.D.B. (Әзірбайжанның апостолдық префекті), Джузеппе Скалезе әке, CRSP (Ауғанстандағы sui iuris миссиясына жауапты), архиепископ Ян Пиотровский (Кельце епархиясының ординарийі, Польша), епископ Хосе Луис Мумбиела Сьерра (Қазақстан Католиктік Епископтары Конференциясының төрағасы, Алматыдағы Қасиетті Үштік епархиясының ординарийі), епископ Аделио Дель’Оро (Қарағанды ​​епархиясының ординарийі), епископ Евгений Зинковский (Қарағанды ​​епархиясының көмекші епископы), архиепископ Томаш Пэта (Астанадағы  Әулие Мәриям Архиепархиясының ординарийі), епископ Епископ Атаназиус Шнайдер (Астанадағы  Әулие Мәриям Архиепархиясының көмекші епископы),Епископ Ежи Мацулевич (Өзбекстанның Апостолдық Администраторы), Митрофорлы протоиерей Василий Говера (Қазақстандағы және Орталық Азиядағы Византия салты католиктерінің апостолдық администраторы),  Петр Сакмар әке (Атырау Апостолдық Администратурасының Апостолдық Администраторы), Анджей Мадей әке  (Түрікменстандағы sui iuris миссиясының басшысы),  Энтони Коркоран әке, SJ (Қырғызстандағы апостолдық администратор),  Педро Рамиро Лопес әке, IVE (Тәжікстандағы sui iuris миссиясының басшысы).

Епископтық конференция (бұдан әрі – ЕК) – Католик Шіркеуінің (бұдан әрі – КШ) елдің немесе белгілі бір аумақтың католиктік епископтарын біріктіруші, Апостолдық Тақпен осы аумақтағы қызметті үйлестіру үшін құрылған тұрақты жұмыс істейтін органы (заңды тұлға мәртебесінде). Епископ – епархияның барлық қасиеткерлерімен бірлесіп епархияны (белгілі бір географиялық шекаралардағы КШ-нің жеке бөлігі) басқаратын рухани тұлға.

Епископтық конференция жұмысының міндеттері: ЕК-ның барлық мүше елдеріне ортақ шіркеу өмірінің ережелерін анықтау (катехуменаттың мерзімі мен тәртібі, құпияларды қабылдау жасы, қайырымдылық жинау нормалары, шіркеу мүлкін басқару ұстанымдары,шіркеу сот ісін жүргізудегі кейбір мәселелер), Апостолдық Тақтың бекітуі бойынша литургиялық кітаптардың заманауи тілдерге аудармаларын дайындау, ЕК-на кіретін елдердің қоғамдарындағы жанды шіркеу куәлігі, Қазақстандағы, Қырғызстандағы, Өзбекстандағы, Тәжікстандағы, Түркіменстандағы және Моңғолиядағы адамдардың уақыты мен өмірі тұрғысында Евангелиені тарату мен оны  мәдениетке енгізу үшін шешуші маңызы бар мәселелерді қарау, мысалы, христиандар бірлігі үшін экумендік ынтымақтастық , білім, қайырымдылық және әлеуметтік жұмыс, дінаралық диалог және экологиялық мәселелер.

Орталық Азияның Католиктік епископтарының біріккен конференциясының бірінші кездесуінде, басқалармен қатар, конференцияның пленарлық отырыстарын өткізу тәртібі мен епископтардың тұрақты кеңесі мен конференцияның бас хатшылығының, сондай-ақ конференцияның пікірі бойынша оның мақсаттарына неғұрлым табысты қол жеткізуге ықпал ететін басқа да қызметтер мен комиссиялардың жұмысын көздейтін  Жарғы әзірленетін болады. Сонымен қатар бірінші пленарлық отырыс барысында барлық мүдделі тараптармен өзара қарым-қатынастарда ЕК-ның атынан өкілдік ететін ЕК Төрағасы  сайланады. Сапар шеңберінде Епископтық Конференцияға қатысушылар Қарағандыдағы католиктер үшін маңызды орындарға, сондай-ақ Озерноедағы Бейбітшілік Патшайымының Ұлттық Қасиетті Ордасына барады, ол жерде Орта Азияны Аса Қасиетті Құдай Анасы Мәриямға бағыштайды.

ЕК мүшелері болып табылатын епископтар жылына кемінде бір рет жиналыстар (кездесулер) өткізеді, осылайша пікірлер, тәжірибе және кеңестер алмасу арқылы Шіркеудің және адамзаттың ортақ игілігі үшін ынтымақтастық қалыптасады.

Қазақстанның Католиктік ақпарат қызметі
Аударған:  Раушан Таупикова

Егер  сізге бұл мақала ұнаған болса, әлеуметтік желілерде немесе  мессенджерлерде  сілтемемен бөлісу арқылы достарыңызға ұсыныңыз:

Facebook
VK
OK
WhatsApp
Басып шығару

Жаңа материалдар,видео және трансляцияларды жіберіп алмас үшін,бізге YouTube, VKFacebook немесе  Instagram, желілерінде жазылыңыз.

Scroll to Top