РАҚЫМҒА БӨЛЕНГЕН ВЛАДИСЛАВ БУКОВИНСКИЙ ӘКЕГЕ НОВЕННА

Қазақстандық апостолдың ғажайып әрекетке толы қамқорлығына ие болғысы келетіндер үшін.
Новенна к блаженному о. Владиславу Буковинскому

1 күн

Сонда Иса Өзіне сенген яһудилерге былай деді: «Егер сендер айтқандарымды естеріңе сақтап, жүзеге асырсаңдар, шынымен Менің шәкірттерім боласыңдар.  Сонда ақиқатты біле түсесіңдер, ал ақиқат сендерді азаттыққа жеткізеді» (Ин 8,31-32). 

Ойталғам:

Ақиқаттың азат етуші күші бар.  Ең басты азаттық ол күнәдан азат болу,адамның ішкі еркіндігі. Ал ол үшін Құдай мен адам туралы ақиқатты ашу керек, ол Ашылулар беретін белгілі бір дүниетаным жүйесімен байланысты. Христос, Өзін Жол, Ақиқат және Өмір деп атаушы,біздің көзімізді ақиқатқа ашып, және ақиқат жайында куәлік етуіміз үшін келді. Бастысы ақиқатты қалау, іздеу,тану,ынтық болу. Әсіресе, бұған үлкен ерлік қажет,сонда ғана ақиқатты жария етуге және қорғауға, сақтап қалуға, ол үшін тіпті өміріңді беруге дайын боласың.

 «1955 жылдың шілдесінде мен 1945 жылдың қаңтарына қарағанда мүлдем басқа жағдайда тұрдым. Міне, он ай бойы, мен Қарағандыда еркін жүрдім, онда 10 жылдық қамаудан кейін әкімшілік түрде жер аударылдым. Дәлірек айтсақ, ол 9 жыл, жеті ай және алты күнге созылды, өйткені бес айға жуық уақыт маған жақсы жұмысым үшін шегерілді, шынымды айтсам, мен өзімді ешқашан жақсы жұмысшы ретінде сезінбедім. Кейде Құдайдың көрегендігі мені пірадар қажет болған жерге жіберген атеистер арқылы да әрекет етіп отырды».

Аспандағы Әкеміз…, Сәлемет бол Мәриям…, Әке,және Ұл… (Отче наш…, Радуйся Мария…, Слава Отцу…)

 2 күн

«Аспан Патшалығын егіндік жерге көмілген қазынаға да ұқсатуға болады. Соны тауып алған адам қазынаны қайтадан көміп тастап, қуанғанынан өзіндегі барды түгел сатып жіберіп, егіндікті сатып алады. Аспан Патшалығы мынаған да ұқсайды: бір саудагер асыл інжу-маржан іздеп жүріп,  аса құнды біреуін тауып алады. Сонда ол өзінде бардың бәрін түгел сатып, сол асыл інжуге ие болады».

(Мф 13,44-46).

Ойталғам:

Сенімнің бірінші баспалдағы—Құдайдың бар екенін мойындау. Одан кейін Құдайды Сот ретінде, және Оның әділдігін ақиқат ретінде қабылдау. Сосын Оның дана екендігін,барлығын белгілі мақсатпен жасайтынын және барлығын бағыттайтынын қабылдау. Сенімнің келесі деңгейі—Құдайдың адамды құтқарушы Махаббат екенін, Оның жалғыз Құтқарушы екенін мойындау.  Материализм, рационализм,тұтынушылық,бұның бәрі сенімді өшіруге тырысып келеді. Бұл ағымдардың ықпалына берілмес үшін,бізге Шіркеу, құрбантақ, күнәларды мойындау  орны, катехизис сыныбы, катехизис және құпияларды қабылдауға дайындық қажет:су  рәсімі, миромен майлау, қатынасу жорасы, неке…

 Сенім—біздің қазынамыз,асыл маржанымыз,жарығымыз; бір жанып тұрған шырақтан мыңдаған шырақ жағуға болатыны сияқты, мыңдаған өшіп қалған шырақтан бірде-бір шырақты жандыра алмаймыз,сенімді де бере алмаймыз. Сенім тыңдау арқылы туындайды,сондықтан да сенім ақиқатын отбасы ортасында тарату, жеке және бірге Қасиетті Жазбаны оқу маңызды. Сенімнен куәлік ету және отбасымен дұға ету маңызды,литургиялық жыл мен діни ғұрыптарды сақтау,мысалы рождестволық нан, тамақты қасиеттеу, христиандық сәлемдесулер,әндер мен Ұлы постты терең сезініп өткізудің зор маңызы бар.

 «Мен бақытты едім және Құдайдың Көрегендігіне осындай жарлы және барлығы ұмыт қалдырған сенушілерге, Христостағы бауырлар мен әпке-қарындастарға әкелгені үшін алғысымды айттым. Бізге Құдайдың Көрегендігі бұл елдегі Шіркеуге қандай жолмен қамқорлық жасайтыны белгісіз. Бірақ мен бір нәрсені білемін: Христостың қамыты игі, және жүгі Оның жеңіл».

Аспандағы Әкеміз…, Сәлемет бол Мәриям…, Әке,және Ұл… (Отче наш…, Радуйся Мария…, Слава Отцу…)

3 күн

«Әкем Мені қалай сүйсе, Мен де сендерді солай сүйемін. Сүйіспеншілігімді қабылдай беріңдер.Менің Әкемнің өсиеттерін орындап, сүйіспеншілігін қабылдап жүргенімдей, сендер де Менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімді қабылдап жүресіңдер. Бұларды Менің көретін қуанышым сендердікі де болсын, әрі қуаныштарың мейлінше толық болсын  деп өздеріңе айттым». (Ин 15,9-11).

Ойталғам:

Адамға тән  сүйіспеншілік өз бастауын Құдайдың сүйіспеншілігінен алады; өйткені Христос «Менің сүйіспеншілігімді қабылдаңдар» деді.Христиандық сүйіспеншілік өсиеттерді орындау арқылы көрінеді, өсиеттер тек Құдай сүйіспеншілігінің жарығына бөленгенде ғана жағымды құндылыққа ие болады және қуаныш әкеледі. Бұл ауыр жүк емес, Құдайдың еркін орындауға шақырту; сондықтан да Мәриям сол кезде Галилеялық Канада қызметшілерге айтқан сөздерін қайта-қайта айтуда: «Ол сендерге не айтса,соны жасаңдар». Сүйіспеншілікпен өмір сүру үшін әр адам өзінің Құдайдың қайталанбас жаратылысы екенін және Оны сүйікті баласы екенін өз жүрегінде ашуы қажет. Өмірдің барлық жағдайларында шексіз сүюші Әкенің сыйын көруі керек.  «Махаббат маған бәрін түсіндірді», —деген сөздерімен Иоанн Павел II тек қана Құдайдың махаббаты арқылы адам өмір мен махаббаттың мәнін терең түсінетіні туарлы ақиқатты ашып көрсетеді.Махаббатпен сүрген әр күн Құдай арқылы үлкен құндылық пен мағынанға ие болады, және де мәңіглік өмірге үміт береді, өйткені ақыр соңында тек қана махаббат есепке алынады. Тек Құдайдан тараған махаббат қана өзін құрбан етуге бағыттайды және қайғы-қасіретке мағына береді.

 «Жазуым онша түзу емес, себебі Ақтөбеден үйге қарай кетіп бара жатқан  пойызда жазып отырмын. Мен ол жақта бірнеше апта  болдым, әрине келеңсіз жағдайлар мені айналып өтпесе де, онда болғаныма өзім өте ризамын. Қараңғылық қоюлана түсуде, және бұл басы ғана. Қорлаудың түрі күн сайын көбеюде.Олар қаттырақ ұра түсуде,өйткені олардың жаны жалғандық пен арсыз абыройсыздыққа толы. Мен бұның барлығын сабырлықпен,тіпті қуанышпен көтеруім керек еді,себебі мен бұл жазаға лайықпын. Бірақ мұның барлығы менің балаларыма жаман әсерін тигізуде, және сенбеуге итермелеуде. Оларды Сіздердің жадыларыңызға сеніп тапсырдым. Адамгершілікті талқандау әртүрлі жолдармен іске асырылуда. Ал менің өзіме келсек,мен бұндай қиыншылықтардың менің арнайы міндетім мен өмірлік жолымның маңызды бөлігі екенін анығырақ түйсінудемін.  Мен бұл хаттың Сіздерге құрбандық пен адалдықтың үмітсіздігі туралы пессимистік ойлардың лебін әкелгенін қаламаймын. Және бізде көп жақсы нәрселер де бар. Өткен мен бүгін үшін алғыс және болашаққа деген үміт толық негізге ие. Бірақ кейбір жандардың үздіксіз келеңсіздіктерден шаршап, келесі қиындықты қорқынышпен қарсы алатынын жоққа шығаруға болмайды. Бәлкім,Сіздердің біреулеріңіз «Бұның барлығының сенің өзіңе,бізге,оған қоса балаларыңа не қажеті бар?» дейтін шағарсыздар. Бірақ қолын соқаға қойып, артқа қарайтындар, Оған лайық емес. Махаббат пен құрбандық көбінесе екі жағынан да азаппен байланысты. Достық заңы-қайғы мен қуанышты бірге сезіну; тіпті қайғы қуаныштан да тереңірек. Бұл Сіздерге де, балаларға да қатысты. Менімен хат алмасу Сіздерді ренжітуі және мазалауы мүмкін екенін білемін, бірақ мүмкін болғанша мен бұны жалғастырамын».

Аспандағы Әкеміз…, Сәлемет бол Мәриям…, Әке,және Ұл… (Отче наш…, Радуйся Мария…, Слава Отцу…)

4 күн

 «Егер араларыңдағы біреудің жүз қойы болып, солардың бірін жоғалтып алса, ол не істемек? Тоқсан тоғыз қойын далада қалдырып, жоғалып кеткенін тапқанша іздемей ме? Оны тауып алған соң, қуана-қуана иығына салып алады.  Үйіне келгеннен кейін: «Жоғалған қойымды тауып алдым, қуанышыма ортақ болыңдар!» — деп достары мен көршілерін шақырады. Сендерге шын айтамын: сол сияқты, «Маған теріс жолдан қайтудың қажеті жоқ» дейтін тоқсан тоғыз «әділ»  кісіден гөрі, теріс жолдан қайтқан бір күнәкарға көктегілер көбірек қуанады» (Лк 15,4-7).


Ойталғам:

 Күнәсін мойындау —бұл күнәдан бас тартып, Құдайға, рақым мен қайырымдылыққа бет бұру. Және бұл жерде бірнеше деңгейден өту керек: Құдайды тану, Оның махаббатын тану,ол махаббатты қабылдау, күнәнің үлкен зұлымдық екенін саналы түрде түйсіну, күнәдан құтқарып азат ететін тек жалғыз Христос екенін қабылдау, және ең соңында жаңа өмір жолын қабылдау.

Қазақстан  азап шегушілер мен адасқан ұлдарға толы. Оның тұрғындары, көптеген жылдар бойы Құдайсыз өмір сүруге мәжбүрленді,Оны өмірлерінен алып тастады,бірақ оларды Құдай, өзінің жоғалған баласын құтқаруды аңсайтын мейірімді Бақташы ұмытқан жоқ.Себебі Христос әр адам үшін өмірін берді. Мінеки,сондықтан да бұл жерге Владислав әке «адасқандарды тауып алып құтқару үшін» (Мф 18,11) жерге жіберілді, күнәларды мойындау құпиясында Құдайдың кешірімін әкелу үшін,барлығын кешіруші Құдайдың мейірімділігін адамдарға жария ету үшін,баршаға бағышталған ізгі хабарды тарату үшін жіберілді. Өйткені күнәні мойындау тек қана ерекше жағадайда немесе  күнәсі зор күнәһарларға ғана қажет емес. Ол әр адамға әр күн сайын қажет. «Тіпті Христостың не үшін айқышқа керілгенін де білмейтін адамдарға мистиканың терең түсінігі туралы айту өте қиын.»

Аспандағы Әкеміз…, Сәлемет бол Мәриям…, Әке,және Ұл… (Отче наш…, Радуйся Мария…, Слава Отцу…)

5 күн

 «Сендерді Адам Баласы үшін жек көріп, шеттететін болса, жәбірлесе, есімдеріңді абыройсыз етіп, қорласа бақыттысыңдар. Сол күні қуаныңдар және шаттаңыңдар,себебі аспанда үлкн марапат күтіп тұр. Олардың ата-бабалары пайғамбарларға солай істеген» (Лк 6,20-23).

Ойталғам:

Батылдық сенімге, сенім артуға негізделеді. Ол евангелиелік бақытты болу өсиеттері жолын таңдаудан,мына дүниенің ұсынғандарына қарамастан, Құдайдың уәделеріне адал болудан тұрады. Евангелиелік өлшемге сәйкес бақыт: рақымға бөленушілер, яғни бақыттылар олар қайғырушылар,азап шегушілер,қуғынға ұшырағандар…Барлық азап,үкім,тергеу адамдардың қатыгездігі, қорлау, қиындықтың барлығын адам Христосқа сүйенсе ғана,Құдаймен кездесудің бақытын басынан кешірсе,егер өзінің «мен пірадармын», «мен христианмын», «мен Құдайдың баласымын», «мен елшімін» деген арнайы міндетттерінің қадір-қасиетін таныған жағдайда ғана,көтере алуы МҮМКІН…Бұған жауап беруге ниет білдірмеу,өтірік  —ол батылдықтан қашу,қорқу.

Батылдық—өзінің артықшылықтары мен кемшілігін қатар қабылдау жолы,өзіне талап қою жолы арқылы,рақымы бөлеуші Құдайдың сүйікті баласы ретінде сезіну жолы арқылы  пайда болатын позиция. Батылдық—бұл зор ерлікті талап ететін, қиын кезеңдер басталмас бұрын дұға жасаумен сұрап алатын,жетуге тырысатын игілік. Айқыш арқылы жеңіске ұмтыламыз.

 «Сенім үшін қудалауға ұшырау ең үлкен қатер емес. Балалар мен жастардың ешқашан Құдайды тануға мүмкіндігі болмай ажырауы одан әлдеқайда қорқынышты. Әрине, Құдайдың рақымы бізге белгісіз жолдар,адамдар арқылы мұндай тұлғалараға да жетеді,дегенмен Құдайдың Ұлы Христостың Өзі бізге былай дейді: «Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер» (Мф 9,37)».

Аспандағы Әкеміз…, Сәлемет бол Мәриям…, Әке,және Ұл… (Отче наш…, Радуйся Мария…, Слава Отцу…)

6 күн

«Тәңірім, біз кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер Сенде.  Біз Сенің Христос,тірі Құдайдың Ұлы  екендігіңді танып, соған көзіміз жетті». (Ин 6,68-69).

Ойталғам:

Құдайдың сөзі бойынша барлығы пайда болды. Құдай тіл қатты және қазір де тіл қатуда. Біздің өміріміздің болмашы екендігіне, ойнайтын рөліміздің түкке тұрмайтына қарамастан, Ол өз сөзін себуде. Заманауи өркениет пен массмедиа Құдайдың дауысын басуда. Оларды «сөзді өлтірушілер» деп атаса болады, себебі олар Құдайдың сөзін өлтіруде. Құдай сөзін жария етіп, сол сөзбен өмір сүрушілер және оны әртүрлі белгілермен білдірушілер,мысалы айқышы бар әшекей,медальон тағушылар,айқыш белгісін жасаушылар фанатиктер деп саналады. Ал Құдай сөзін себуді жалғастырады. Және сөз күшке,қуатқа,куәге айналуда,сонымен бірге қарсылықтың белгісін білдіруде.  Буковинский әке мұны жақсы түсінді, сондықтан да Құдай сөзін талмай жария етті, адамдармен кездесіп немесе оларды құпияларға дайындады, және Тәңір оған ерекше сый —ерекше есте сақтау қабілетін берді,соның арқасында ол сөзді тарата білді.

 «Балаларды да,ересектерді де алғашқы күнәларды мойындау және қасиетті қатынасу құпияларына дайындау  кезінде мен катехизацияны алты тармаққа бөлемін: 1) Құдай; 2) Иса Мәсіх; 3) Католик Шіркеуі; 4) мәңгі өмір; 5) Күнәларды мойындау 6) Қасиетті Қатынасу.

Балаларды оқыту кезінде, әрине олармен қатар аналарын да оқытамын. Әр бала жеке және өзгелердің көзінше анасына алғыс айтып одан кешірім сұрап, алғашқы қасиетті қатынасудан кейін мейірімді әрі тіл алғыш бала болатынына уәде беруі керек».

Аспандағы Әкеміз…, Сәлемет бол Мәриям…, Әке,және Ұл… (Отче наш…, Радуйся Мария…, Слава Отцу…)

7 күн

 «Сондықтан сендерге былай деймін: Құдайдан сұраңдар, сонда Ол сендерге (мұқтаждарыңды) береді; іздеңдер, сонда табасыңдар; есікті қағыңдар, сонда ол сендерге ашылады. Себебі сұрай берген әркім алады, іздей берген табады, қағып тұрғанға есік ашылады. Араларыңдағы қандай әке балық сұраған баласына жылан берер еді?  Не жұмыртқа сұраса, шаян берер ме еді? Сонымен, өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білсеңдер, көктегі Әкенің Өзінен сұрағандарға Қасиетті Рухын  сыйлайтыны ешбір шүбәсіз» (Лк 11,9-13).

Ойталғам:

«Христостың Өзі өте жиі дұға еткен, мысалы шөлдалада,ғибдатханада, ғажайыптар жасаған уақытта, жалғыз қалғанда, Фавор тауында,Азап шегу алдында және сол сәттерде дұға жасаумен болды,ал кейде тіпті бүкіл түні бойы дұғада болды. Дұға — бұл кездесу,Құдаймен тілдесу,Оның сөзіне жауап. Және де бұл жауаптың мәні бәрін Құдайға беруімізде, Оған тапсыруымызда.  Христос дұғаның қандай болуы керек екені туралы да айтып кеткен: бойұсынуға, сенімге, төзімге толы,дұғада Құдайдың еркіне бағыну бірге жүреді.Біріншіден, құтқарылу туралы, Құдай есімінің қасиеттілігі,Құдай Патшалығының келуі,кешірім, Құдайдың еркін қабылдау және келісу туралы,содан кейін барып күнделікті нанымыз бен денсаулық,көмек және берекелі өмір сұрап дұға етуіміз керек. Мұндай дұға күн сайын қажет, бүкіл өмірімізді,уайымымыз бен міндетімізді, қуанышымыз бен мәселелерімізді Құдайдың қолуына үнемі беріп отырғанымыз жөн. Сол кезде бізді жақсы көруші Әке Қасиетті Рухты жіберіп, Оның рақымымен бүкіл өмірімізді толтырады.

Зорлық-зомбылықтың да өз шегі бар. Кім маған дұға жасауға тыйым сала алады? Тек өзін күлкіге қалдырғаннан басқа ештеңеге қол жеткізе алмайды. Барлық  жерде,барлық уақытта дұға жасауға болады, тек бұған жақсы ниет болса болғаны. Денені жылдар бойы жалғыздықта ұстап қамауға болады, бірақ рухты тұтқындай алмайсың, ол сол жерден де Құдайға тікелей жол таба алады!»

Аспандағы Әкеміз…, Сәлемет бол Мәриям…, Әке,және Ұл… (Отче наш…, Радуйся Мария…, Слава Отцу…)

8 күн

«Менімен тығыз байланыстағылармен Өзім де тығыз байланыста тұрамын, сонда олар мол өнім бермек. Ал Менен бөлініп сендер ешбір игілік істей алмайсыңдар. Кім Менімен байланыста тұрмаса, сол кесіліп тасталған сабақтар іспетті «сыртқа лақтырылып, кеуіп қалады» (Ин 15,5-6).

Ойталғам:

Құдай Тәңірге деген махаббат үлкен бойұсынуды,яғни барлығын қалай бар солай қабылдауды, Құдайды және Оның істерін тануды талап етеді. Күнделікті өмір қиын,қатыгез,қиындыққа толы, және Құдай және Оның көрегендігі мүлде жоқ сияқты көрінеді. Тәңірдің жанымызда екенін байқау өте қиын. Және сонымен қатар барлығы Оның әрекет етуші күшіне толы. Құдайдың әрекетіне және жанымызда екеніне  күнделікті және жалпы өмірімізде ашылуға көмектесетін бойұсыну қажет. Құдай әрқайсымызға айналамыздағы адамдар, оқиғалар мен жағдайлар арқылы рақым сыйлап, Оны өмірімізге қабылдауға мүмкіндік береді. Құдайдың рақымы шексіз шетсіз далаға өмір мен мән әкеледі. Бұл жер ерекше ізгі хабарды естіді, ол Құдайдың рақымында өмір сүруші адамдар, Евангелиені таратушы,жанарларынан Құдай көрінетін,істерінен Құдайдың бар екені байқалатын адамдар туралы жар салады.

«Кішкентай ғана құрбандықтан кейін одан да үлкен құрбандықтардың уақыты келді. Және әзірге бұл ұлы құрбандықтардың уақыты менің өмірімде әлі біткен жоқ. Бірақ дәл осы кішкентай құрбандықтар мен үлкен құрбандықтар өмірімізді нұрландырады. Махаббат нұрына бөлейді!»

Аспандағы Әкеміз…, Сәлемет бол Мәриям…, Әке,және Ұл… (Отче наш…, Радуйся Мария…, Слава Отцу…)

9 күн

 «Жауларыңды жақсы көріңдер.Өздеріңді жек көретіндерге жақсылық жасап,қарғайтындарға да игілік тілеп, өкпелететіндер үшін дұға етіңдер.Бетіңнің бір жағын ұрғанға екінші жағын да тос..Шапаныңды тартып алғанның көйлегіңді де алуына кедергі жасама. Сұраған әркімге мұқтажын бер, өзіңдікін тартып алғаннан оны қайта сұрама. Басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер.  Егер өздеріңді жақсы көргендерді ғана жақсы көрсеңдер, сол үшін Құдайдан қандай сый  алмақсыңдар? Өздерін жақсы көргендерді күнәкарлар да жақсы көреді ғой. Егер өздеріңе жақсылық істегендерге ғана жақсылық істесеңдер, сол үшін қандай сый алмақсыңдар? Оны күнәкарлар да істейді ғой. Егер одан қайтарып алармын деген үмітпен біреуге қарыз берсеңдер, сол үшін қандай сый алмақсыңдар? Берген нәрселерін түгелдей қайтарып алу үшін  үнәкарлар да өзі сияқтыларға қарыз береді. Бірақ сендер жауларыңды да жақсы көріңдер.Жақсылық істеп, жарлыларға ештеңе дәметпестен қарыз беріңдер. Сонда көктегі сыйларың зор болып, Жаратқанның балалары боласыңдар.Ол тіпті рақмет айтуды білмейтіндер мен жамандарға да мейірімді. Сонымен көктегі Әкелерің қандай қайырымды болса, сендер де сондай қайырымды болыңдар. (Лк 6,27-36).

Ойталғам:

Біз өте жиі реніш сезімімен өмір сүреміз, тек қана бізді немесе басқаларды кім қатты ренжіткенін ойлаумен жүреміз. Буковинский әке көп нәрсені төзуіне тура келсе де, бұған тоқталып қалған жоқ,ол ары қарай болашаққа қарады, ол мәңгіліктің кеңістігінде қазіргі шынайы өмірді құндылық және марапат ретінде көрді.

Кешіру арқылы біз жек көрушілік пен ызадан құтыламыз,қуаныш пен жан тыныштығын сеземіз, төзімді әрі кішіпейіл болмыз,мейірімнің не екенін түсінеміз. Мұндай көзқарас көңілсіз күнделікті өмірге, Құдай барлығын жақсылыққа айналдырады деген үмітпен қарауға мүмкіндік береді. Біз қиындықтар мен азап айқышының мәні бар дегенге сене түсеміз. Біз Құдайдың қайырымдылығының дәмін татамыз. Ыза мен жеккөрушілікті басқару үшін еңбектену бізді Құдайдан өз күнәларымыз үшін кешірім сұрап,дұға етумен өзгеру және бетбұрушылыққа алып келеді,себебі жек көру мен кешірмеу —Орал тауларындағы лагерден де қорқынышты түрме.

«Менің ойымша,мен ешқашан өзімнің жанымды жеккөрушілікпен улауға жол берген емеспін,және жауларыма деген махаббат менің өмірімде тек қана әдемі теория болып қалған жоқ ».

Аспандағы Әкеміз…, Сәлемет бол Мәриям…, Әке,және Ұл… (Отче наш…, Радуйся Мария…, Слава Отцу…)

Орталық Азияның Католиктік ақпараттық қызметі
Аударған: Раушан Таупикова

Егер  сізге бұл мақала ұнаған болса, әлеуметтік желілерде немесе  мессенджерлерде  сілтемемен бөлісу арқылы достарыңызға ұсыныңыз:

Facebook
VK
OK
WhatsApp
Басып шығару

Жаңа материалдар,видео және трансляцияларды жіберіп алмас үшін,бізге YouTube, VKFacebook немесе  Instagram, желілерінде жазылыңыз.

Scroll to Top