Жол ұзақ болды, бірақ бірлескен дұғалармен, әнмен уақыт білінбей өтіп кетті. Көкшетауда олар найзағай мен күн күркіреуіне тап болды, бірақ олар Құдай Анасының сенімді қорғауында екендіктерін сезінді.
Тыныштық және жайлылықпен қарсы алған Озерноеда ғибадат сапаршылары тірі Құдайдың жандарында болуын сезінді. Приход басшысы Мариуш Ставаж әке жылы лебізін білдіргеннен кейін, «Қазақстан жұлдызы» құрбантағы орналасқан кіші шіркеуде әркім өз ниеттерінде үнсіздікпен дұға етті. Содан кейін архиепископ Томаш Пэта Қасиетті Мессаны атқарды және науқастарға зәйтүнмен майлау рәсімін жасады, оған Томаш Пысь әке, Мариуш Саваж әке және Лешек Смакош әке қызмет етті. Сапаршыларды ғибадат еткеннен кейін жағымды тосын сый күтіп тұрды: Польшадан келген қонақтар — музыканттар Андрей мен Петр кларнет пен органда бірнеше музыкалық шығармаларды керемет орындады.
Түстен кейін Көкшетау қаласынан келген дәрігер–терапевт Леонида Станиславовна Будькомен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Ол қатысушылардың барлық сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап берді және олардың бірнешеуіне денсаулықтары туралы жеке кеңес берді.
Ғибадат сапар бағдарламасының келесі тармағы-кармелит әпкелер монастырына бару, олар өз орденінің пайда болу тарихымен бөлісіп, қонақтармен бірге дұға етті. Өздерін Аса Қасиетті Мәриям Бикеге толығымен арнағысы келетіндер және Көктегі Ананың шынайы балалары ретінде өмір сүргісі келетіндер, Ол арқылы Иса Мәсіхпен одан да тығыз байланыста болу үшін, Оның ізгі қасиеттеріне еліктеп, қасиетті кармелит скапулярына ие болды. Бұл дәл 16 шілдеде – Қасиетті Скапуляр Патшайымы Кармель Тауынан шыққан Аса Қасиетті Мәриям Бикенің мерекесінде болғандығы айрықша мәнге ие.
Ұмытылмас әсерлерге, эмоцияларға толыққан сапаршылар ғибадат сапарын көлге барумен аяқтады. Мұндай қасиетті жерлерге бару адамды өз өмірі туралы, Құдаймен қарым-қатынасы туралы ойлануға шақырады, қарқынды рухани өмірге оралуға көмектеседі.
Макинск қаласындағы Әулие Жүсіп приходынан келген Татьяна Иванова қандай әсер алғанымен бөлісті: «Озерноеға ғибадат сапар әрқашан жан дүниемде өшпес әсер қалдырады. Бұл Құдайға және Аса Қасиетті Құдай Анасына деген сүйіспеншілікті тереңірек түсінуге мүмкіндік. Бірге оқыған Раушантәж дұғалары мен Тәңіріміз Иса Мәсіхті мадақтау әндері керемет. Адорация мен Қасиетті Месса — сенушілер үшін нағыз қымбат сыйлықтар. Біз қасиетті көлге және кармелит әпкелеріне бардық. Әпкелерге жанқиярлық пен бүкіл әлемдегі күнәлар үшін дұға ететіндері үшін ерекше алғыс айтамыз. Епископ науқастарға зәйтүнмен майлау рәсімін берді, осы әдемі күні бізбен бірге болғаны үшін шын жүректен рахмет айтамыз. Лешек әке Озерноеға бара жатып, Қасиетті Раушантәждің құпиялары туралы керемет ойларымен бөлісті, сонымен қатар ол керемет гид, Озерноедағы Бейбітшілік Патшайымының Қасиетті Ордасының тарихы туралы өте қызықты әңгімелеп берді. Қорытындылай келе, Озерноеның қасиеткерлері мен монах әпкелеріне жылы қабылдағаны және өте дәмді түскі ас үшін, сондай-ақ Польшадан келген қонақтарға үрмелі аспаптардың музыкалық концерті үшін алғыс айтқым келеді.